«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сатып алулар әділ өтуі тиіс

2016 жылғы 09 Тамыз
- Жетісу облысы
7997 просмотров

Сатып алулар саласындағы жұмыс комиссиясы әкімшілік кедергілерді анықтады

Кәсіпкерлер палатасы алаңында отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін құрылған сатып алулар жөніндегі жұмыс комиссиясының бірінші отырысы өтті. Естеріңізге сала кетсек, комиссия бір апта бұрын облыс әкімінің қаулысымен құрылған болатын. Жұмыс органының төрағасы ретінде әкімнің орынбасары Серік Тұрдалиев, ал тең төраға ретінде Палата директоры Ләззат Шыңғысбаева сайланды.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың бірқатар басшылары мен Өңірлік кеңестің мүшесі Александр Аникин кірді. Комиссия төрағасы С.Тұрдалиев комиссияның мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік, ұлттық компаниялар мен Алматы облысы кәсіпорындарының сатып алуларындағы жергілікті құрам мәселесі бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құрылғанын атап өтті.

Сондай-ақ комиссия отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын мониторингілейді, жергілікті құрамды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің қызметін үйлестіреді. Одан бөлек, сатып алулар саласындағы жұмыс комиссиясы мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті құрам үлесін арттыру бойынша ұсыныстар мен кеңестер дайындайды.

Құрылыс басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасы кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алулар жоспарын ұсынды. Олар берген мәліметтер бойынша, жарты жылда құрылыс саласында 66 конкурс, ал энергетика мен ТКШ саласында 61 конкурс өткізілген.

Кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Жобалық-сметалық құжаттардағы тариф мерзімінің өтіп кетуі мәселесі өзекті болып тұр. Жобаны мақұлдауға, қаржыландыруға құжат әзірлегеннен кейін қаржы бөлу процесіне 1 жылдан 3 жылға дейін уақыт кететіндігі анықталды. Осы уақыт аралығында тауарлар мен қызмет бағаларының қымбаттап кететіндігі бесенеден белгілі. Сонымен бірге елдегі экономикалық жағдай мен инфляция деңгейін де ескеру қажет. Алайда сатып алуларды өткізу барысында мемлекеттік орган құжатты әзірлеу мерзімін есепке алмайды және үш жыл бұрын қойылған тарифті өзгертпейді. Ал кәсіпкердің сол бағамен келіспеске амалы жоқ.

Аталған мәселе «Galamat» жиһаз фабрикасының директоры Талас Меңсізбаевқа жақсы таныс. Ол мұндай тапсырысты бірнеше рет орындап үлгерген. Оның айтуынша, техникалық ерекшелікті дайындау барысында мамандар нарық жағдайына сәйкес келмейтін тауар бағаларын көрсетеді. Ал қызметтер мен тауарлар туралы ақпарат сайттардан алынады, ал ондағы мәліметтер бірнеше жылдан бері жаңартылмаған.

Әкімшілік кедергілерді шешу үшін «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жазылған хат жіберілетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер