«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Күріш көп шықсын десеңіз...

2016 жылғы 05 Тамыз
- Жетісу облысы
9278 просмотров

Дұрыс суару жүйесі арқылы өнімнің мол болуы қамтамасыз етіледі

Балқаш ауданы кәсіпкерлеріне күріш өсірудің қыр-сыры байыпталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Агробіліктілік орталығының шаруаларға арналған семинарлары «Тамшы-Бұлақ» және «Әлмес» қожалықтары базасында өтті. Бұл қожалықтарды таңдап алудың өзіндік себептері бар. Дәл осы нысандар ең ірі қожалықтар саналады және ауданда өнім көлемі мен сапасы жөнінен алдыңғы қатарда тұр. Сонымен бірге, бірінші болып осы саладағы алдыңғы қатарлы технологияларды енгізген.

Балқаш ауданын өңірде халық «Жетісудағы Қызылорда облысы» деп атайтыны белгілі. Мұндағы ауа райы мен табиғат жағдайы Қызылордаға ұқсас. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер үшін озық технологиялар және күріш дақылын зиянкестер мен кеселдерден қорғаудың тиімді тәсілдері тақырыбы аса өзекті әрі маңызды болып отыр. Оқыту семинарларын Созақбай Садықов және Жанұзақ Бәйменов секілді қазақстандық сарапшылар өткізді. Сонымен бірге, Жалпыресейлік ғылыми-зерттеу күріш институтының профессоры Виктор Ковалев шетел тәжірибесімен бөлісті. Семинарлар әдістемесін авторлардың өздері жасағанын айта кету керек.

«Шаруа қожалықтарына күріш арналарын біркелкі ететін және қамыстың өсуін болдырмай, тамырынан кесіп тастайтын ЖБҚ-4 қопсытқышын пайдалануды ұсынып отырмыз. Біз айтқан инновациялық әдістер аграрилер үшін жаңалық болды. Сонымен бірге, су жіберуді автоматтандыру тәсілдері туралы да айттық. Мәселен, Қызылорда облысында суды жая жіберу тәртібі табысты жүзеге асуда. Күріштік суару тәсілін қожалықтың ұйымдастыру-техникалық және экономикалық ерекшеліктерімен ұштастырылған және күріштен көп өнім алу үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған суару тәсілдері жүйесі деп түсіну керек», – деп атап өтті сарапшы.

Сонымен бірге, оның айтуынша, күріштің көп өнім беруін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі күріш егістігінде дұрыс су тәртібін сақтау болып саналады.

Күрішті күтіп-баптау тәжірибесінде жайып суарудың бірнеше түрі бар: тұрақты жайып жіберу – күріштің өсіп-өнуі кезеңінде егістіктегі суды түгелдей ұстап тұру; жайып суарудың ықшамдалған түрі – күріштің өсіп-өну кезеңінің басы мен соңында суды жібермеу; ауық-ауық ылғалдандырып тұру (су себу) – күрішке су мезгіл-мезгілімен себіледі, ал егістікте өсіп-өну кезінде су жатпайды. Күрішті жайып суарудың бұл амалдардың барлығы табиғи және сорттық ерекшеліктерге, сондай-ақ, қожалықтардағы күріш егудің техникалық мүмкіндіктеріне қарай бейімделген.

Ғалымдардың ғылыми әдістерінің оң нәтижелері өзін көп күттірмеуде. Қазірдің өзінде су ресурстарының азаюы жағдайында суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі пилоттық жоба өз жемісін беруде. Суды есептеу бойынша, 15 га пилоттық егістікке өсіп-өнудің барлық кезеңінде 337470м3 көлеміндегі су жіберілген, яғни, бұл күрішті суару нормасы  22498 м3/га-ға тең деген сөз. Бұл көрсеткіш қожалық, аудан және облыстағы күрішті суару нормасынан 28,1-26% шамасында төмен, бұл арадағы пилоттық егістіктен алынған күріш өнімі 53 ц/га болған.

Мұндай автоматтандырылған құрылғылар тәулік бойы күріш арналарындағы су деңгейін реттеп және жіберілген немесе қайта шығарылған суды есептеп отыратынын атап айту керек. Сонымен бірге, дәл осы құрылғылар арқылы суарушы еңбегін жеңілдетуге болады, оларды пайдалану оңай және жеңіл құрастырылады. Ғалымдар мұның барлығын қожалықтардың күріш алқаптары тәжірибесінде көрсете алды.

Енді сарапшылардың айтқанын және көрсеткенін кәсіпкерлер өз қожалықтарында жүзеге асыра алады. Сарапшылардың дәрісі мен таныстырылымына аудандық филиал арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен бірге, тегін кеңес алу үшін дәріскерлерге тікелей байланысуға болады.

Еске салсақ, Алматы облысы бойынша барлығы 90 семинар өткізу көзделіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер