«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарызды өтеу кейінге шегерілді

2016 жылғы 05 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
15007 просмотров

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің аппараты бизнесменге соттың несие бойынша қарызды өтеу туралы шешімінің мерзімін ұзартуға көмектесті

2015 жылдың соңында жеке кәсіпкер Еділ Мұханбетқалиев өңірлік Палатадан Цеснабанк филиалымен қарыз шарты (ауысымдағы қуаттылығы 2000 литрлік шағын сүт зауытын салу және оны іске қосу үшін алынған несие) бойынша міндеттемелерді төлеу туралы сот шешімін тоқтата тұру мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізуге көмек сұрап келген.

Құқықтық блок сарапшылары дағдарыс пен теңгенің құнсыздануына байланысты өндірісті іске қоса алмағандықтан, несиені өтеуді бастауға мүмкіндігі болмаған кәсіпкердің мәселесімен таныс еді. Алдымен кәсіпкерге «Цеснабанк» АҚ-ның кредиттік желі шеңберінде пайда болған қарызды төлеуге мәжбүрлеу туралы талап арызына қарсы арыз жазуға көмек берілді.

Екінші қайтара  арызданған тұста сот шешімі күшіне еніп қойған еді. Палата заңгерлері Цеснабанк филиалы директорының атына аталған шешімді орындау мерзімін ұзарту мүмкіндіктерін қарау туралы өтініш жіберді. Оған банк басшылығы былайша жауап берген: «Тиімді әрі дәйекті ұсыныстар болған жағдайда банк «Мұханбетқалиев Е.С.» жеке кәсіпкерлігінің қарызын өтеу мерзімі мен өтеу нұсқаларын қарауға дайын».

Бизнесменмен кездескен Палата сарапшылары оған қаржы институтымын одан ары қарай келіссөздер жүргізу мақсатында сүт өнімдерін шығаратын өндірістің басталғандығы туралы банкке қаржылай растама ұсыну қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ Палатада шағын сүт зауытының әлеуетті инвесторларына коммерциялық ұсыныстар жіберіліп, Чех Республикасының елшісі Элишка Жигова бастаған Чех Республикасының делегациясымен өткен кездесуде зауыт жобасы таныстырылды.

Бизнесменде айналым қаржысын толтыруға қаражат болмағандықтан, әлеуетті инвесторлар жобаға қызығушылық таныта қоймады. Уақыт өте берді, несиені төлеу жөніндегі міндеттемені орындау қажет, ал кәсіпкерге несиені өтеу мерзімін шегере тұру ауадай қажет.

2016 жылы 5 сәуір күні Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов іссапармен Батыс Қазақстан облысына келген болатын. Еділ Мұханбетқалиев оған көмек беру жөнінде өтініш жасады. Кәсіпкердің мәселесін ден қоя тыңдаған бизнес-омбудсмен оны өңірлік деңгейде шешу мүмкіндіктерін қарастырды. «Мұнда банктің рақымшылығы ғана қажет, несиені тез арада жабуға мәжбүрлейтіндей себеп көріп тұрған жоқпын. Банкті несиені өтеу мерзімін ұзартуға көндіріп, сол арқылы кәсіпкерге өндірісті іске қосуға көмектесу қажет», - деді Болат Палымбетов құқықтық блокқа банк басшылығымен келіссөздерді қайта қарауды тапсырып тұрып.

Палатаның  құқықтық блогының қолдау көрсетуімен кәсіпкер сот шешімінің мерзімін ұзарту туралы мәселені қарау жөнінде сотқа жүгінді, алайда Орал қаласының №2 соты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Келесі қадам Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасына шағымдану болды. 2016 жылдың 12 мамырындағы анықтамасымен аппеляциялық сот алқасы кепілдік мүлікті сату мен қарызды төлету мерзімін 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жеке шағымды қанағаттандырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер