«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құмда жайқалған бақша

2016 жылғы 03 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
9423 просмотров

Фермер шалғайдағы құмды өлкенің бірінде бау-бақша өсіріп жатыр

Бөкей ордасы ауданы – Батыс Қазақстан облысының ең шалғайда орналасқан ауданы. Бұл аймақ облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта жатыр. Бөкей ордасы ауданының табиғаты керемет. Жергілікті жердің жазира даласы тұрғындардың мақтанышына айналған. Халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауданның басым бөлігін Нарын құмы алып жатқандықтан, «бұл жерде бау-бақша өсіру қиын шаруа» деген пікір қалыптасқан. Бұл пікірдің қате екенін Мұратсай ауылының тұрғыны Өмірбек Мұқанғалиев өз ісімен дәлелдегісі келеді.

«Бұрын біздің аймақ өзінің бау-бақшасымен әйгілі еді, – дейді Өмірбек Мұқанғалиев. – Бақша өсіруді, көкөніс өндіруді дамытуға барлық мүмкіндігіміз бола тұра, көкөніс пен жеміс-жидекті қаладан алып келіп жатыр. Басында бұл істің қолымнан келетініне күмәнмен қарадым. Алайда, бұл күмәнімнің жойылуына  Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова себепші болды. Ол қажетті жабдықтарды сатып алуыма көмек көрсетіп, бұл шаруаның  қолымнан келетініне сенім білдірді».

«Палата жұмысы ауылдық бизнестің тек қана мал шаруашылығы саласында ғана шектеліп қалуын құптап отырған жоқ, сонымен қатар өсімдік шаруашылығын да қатар дамытуға  қызығушылық танытады. Сондықтан да біздің ауданымызға қажетті бизнес түрі  кәсіпкердің  қолынан келіп, барлық қиындықты еңсере алатынын байқасақ, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз», – деді Бибігүл Жұмағұлова.

«Келесі жылы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының қолдауымен несие алсам, жерімді кеңейтіп, жан-жағын қоршап, тамшылатып суару әдісіне көшіп, кәсібімді ары қарай дамытқым келеді», – деп Өмірбек Мұқанғалиев алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Қазір фермер Мұратсай ауылының  шағын аумағында қияр, қызанақ, орамжапырақ, қарбыз, қауын, пияз, асқабақ және т.б көкеніс түрлерін өсіріп, қолжетімді бағаға сатып, жақын маңдағы  ауыл тұрғындарын қуантып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер