«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бес жылға жоспар – брендті өнім шығару

2016 жылғы 01 Тамыз
2962 просмотров

Былтыр Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары-2015» республикалық көрме-байқауының «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында І дәрежелі дипломмен марапатталған «Қазлегпром-Алматы» ЖШС-нің табыс сыры неде?

Оған жауап табу қиын емес сияқты. Мәселен, кәсіпорынның алғашқы клиенттерінің бірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болған. Мемлекет басшысының қолдау-шарапатымен, ақ батасымен ісі жоғары өрлеген өндіріс ошағы аяқ киім мен киім-кешек, оның ішінде әскерилер мен күштік құрылымдарға арнап киім дайындайды.  

Кәсіпорын басшысы Айбек Бектұрғанов өз еңбек жолын 1996 жылы «Жылуэнергожабдық» АҚ сынақ цехында III санатты слесарь болып бастап, зауыттың коммерциялық директорлығына дейін көтерілген екен. 2004-2011 жылдар аралығында «Жібек жолы 2030» компаниясының директоры ретінде қызмет істеп, 2011 жылдан іргетасы қаланғаннан осы «Қазлегпром – Алматы» ЖШС директорлығына тағайындалған.

Бүгінгі фабрика жылына 1,5 млн түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың жұп аяқ киім шығарады.

Замануи жетілдірілген кешен болып саналатын өндірісте киім мен аяқ киім шығаруға қажетті барша технологиялық қажеттіліктер қарастырылған. Германия, Жапония, АҚШ сияқты әлемнің беткеұстар өндірушілерінің жоғары технологиялы құралдарымен жабдықталуы қысқа мерзім ішінде жоғары сапалы, мол өнім шығаруға мүмкіндік береді. Фабрика 2013 жылдан бері сапа менеджменті жүйесін СТ ҚР ИСО 9001-2009 «Сапа менеджменті жүйесі» және СТ ҚР ИСО 14001-2006 «Экологиялық менеджмент жүйесі» талаптарына сай етіп сертификаттауды енгізген. Шығарылған барлық заттарға СТ-KZ сертификаты берілген. Бұл дегеніңіз, өнімнің 52-84% құрамы қазақстандық шикізаттан деген сөз.

Кәсіпорын тұтынушының санасына өз өнімдерінің қазақстанның жемісті бренді болып сіңуін, тоқыма мата мен тері бұйымдарын шығарудан бастап, дайын өнімге дейінгі бар тауарларының құрамын толықтай қазақстандық шикізатпен қамтамасыз етуді, экспортты дамытуды мақсат етіп қойған. Қазіргі кезде «Қазлегпром – Алматы» Қазақстандықтар үшін күнделікті киетін киімдер шығаруға да көше бастады.

«Қазлегпром-Алматы» ЖШС стратегиялық мақсаты – Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп нарығын бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз ету. Осыған байланысты тұтынушылар сұранысы мен қанағаттану деңгейін бағалау бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізілуде. Алдағы бес жылда фабрика өнімінің сауда маркасын тұтынушылар санасында қазақстандық «QLP» бренд ретінде жариялауды жоспарлаумен қатар, тоқыма және теріден дайын өнім шығару циклін қамтамасыз етуді көздейді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер