БЖК-2020 – бұл бағдарламаның бизнес үшін маңызы қандай?
Бүгінгі таңда Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Тың кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру бағытында мемлекеттік саясаттың негізгі тұстарын айқындайтын «Бизнестің жол картасы-2020» (БЖК-2020) кәсіпкерлікті қолдаудың біртұтас бағдарламасы жұмыс істеуде.
Маңызды құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында айқындаған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.
Былтырғы жылғы жағдайды шолар болсақ, 2015 жылы бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 60 531,9 млн теңге бөлінсе, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферттер есебінен – 16 981,5 млн теңге қарастырылған. Бөлінген қаражаттың барлығынан жылдың қорытындысы бойынша 54 374,6 млн теңге немесе 89,8% игерілген.
«Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елдімекендер кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау» бірінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 3 854,3 млн теңге толық 100% игерілген. Бұл тұста 2016 жылғы 1 қаңтар мерзімінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 363 жобасы бойынша кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралы бойынша қаржылық қолдау алынған. Моноқалалардағы кәсіпкерлердің 8 жобасына жетпей тұрған инфрақұрылымды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 359,6 млн берілген. Моноқалалардағы кәсіпкерлерге микрокредит беру үшін бағдарлама шеңберінде 1 674,0 млн теңге бөлініп, 230 кредит берілген және оның орташа құны 4 млн теңгені құраған.
«Экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді салалық қолдау» екінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 52 862,0 млн теңге бөлініп, 50 586,8 млн теңге немесе 95,7% игерілген. Кәсіпкерлер 1001 жоба бойынша атаулы мөлшерлемесі 16% кредиттік портфельдің жалпы сомасы 205,8 млрд теңгеге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша мемлекеттік қолдау алып, оның 7% мемлекет субсидиялайды, ал айырмашылығын кәсіпкер төлейді. Бірыңғай бағдарламаның қаржылық агенті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 20,3 млрд теңге субсидия төлеген. Кәсіпкерлердің қарыздарына ішінара кепілдік беру құралы бойынша 11 млрд теңге сомасына шағын және орта бизнес субъектілерінің 941 жобасы қолдау алған. Кәсіпкерлердің 71 жобасына жеткіліксіз инфрақұрылымды жүргізуге 17 877,8 млн теңге бөлініп, оның ішінде 8 096,2 млн теңге республикалық бюджеттің қаражаты, 9 781,5 млн теңге ҚР Ұлттық қорының қаражатынан, барлығы 16 005,8 млн теңге немесе 89,5% игерілген.
«Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету» үшінші бағыты бойынша кредиттік портфельдің жалпы сомасы 30,7 млрд теңгеге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша мемлекеттік қолдауды кәсіпкерлердің 16 жобасы алған. «Даму» КДҚ» АҚ тұрақтандыру және дағдарысқа қарсы бағдарламалардың шеңберінде 3,5 млрд теңге субсидия төлеген.
«Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шаралары» төртінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 3 815,6 млн теңге бөлініп, 3 787,8 млн теңге немесе 99,1% игерілген. Қолдаудың осы бағыты бизнесті жүргізудің негіздеріне оқыту және әлеуетті, ісін бастайтын кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу бойынша жобалар кешенін қамтиды.
2015 жылы барлығы 16 мың жаңа және жұмыс істейтін кәсіпкерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткені мәлімделуде. Мұнда «Бизнес – Кеңесші I, II» бизнес-тренингінен 15 мың тыңдаушы өтсе, «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша 2 109 адам оқытылған. Шағын және орта кәсіпкерлік топ-менеджментін оқытуға кәсіпорындардың 420 басшысы қатысып, «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқытудан 542 адам өткен. Оның ішінде АҚШ пен Германияның бейіндік кәсіпорындарында шетелдік тағылымдамадан 37 адам өткен. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша 212 мың кеңес берілген, 124 800 клиентке бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша қызметтер көрсетілген. Бірыңғай бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдаудың барлық осы шаралары 2015 жылы 8 мыңға жуық жұмыс орнын құруға және 19 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік беріп, бюджетке 115 млрд теңге мөлшерінде салық төленген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерінің сомасы 1,7 трлн теңге өнімдері өткізілген.
***
Осыған орай, таяуда, іске асырылған жобалардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің нарығында іске асырылған жобалардың сәтті үлгілері бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұртшылықпен байланыс департаменті баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерге Астана қаласындағы шыны-пластик құбырлар өндірісіне арналған «Amitech Astana» ЖШС зауыты таныстырылды. Отандық кәсіпорын ТМД аумағында шыны-пластик құбырларды өндіру мен сатуда көшбасшы болып саналады. Жергілікті нарықтан бөлек, компания, өнімді Ресей мен Украинаға, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты аймақтың өзге де елдеріне жеткізеді.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: