«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астық қолхаты жаныңызда болсын

2016 жылғы 29 Шілде
8477 просмотров

Астық қабылдайтын қоймалардың 17%-ы электронды астық қолхаттарын әлі алмаған

Қазақстанның бес аграрлы облысында қолында электронды астық қолхаты бар 173 астық қабылдайтын орын тіркелген. Бұл жалпы санның 83%-ы. «Ақмола облысында 59 астық қабылдайтын орын тіркелген, яғни бұл жалпы санның 28%-ы, СҚО-да 49 орын (29%), Қостанайда 43 орын (20%), БҚО-да 13 орын (6%), ШҚО-да 9 орын (4%)», – деп мәлімдеді орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жаңасыл Оспанов.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Ақпараттық есептеу орталығы астық қолхаттарын тіркеуші болып белгіленген және бұл ұйым осы жүйенің жасаушысы.

Ж.Оспановтың ақпараты бойынша, 27 шілде күні порталда алғашқы болып астық қолхатын Ақтөбе облысы элеваторы шығарды.  «Жемнің мөлшері екі мың тонна болды. Бұл нарықтағы баға бойынша шамамен 80 млн теңгенің өнімі», – дейді Ж.Оспанов. 

Бұл жүйеге minagro.kz порталы арқылы қол жеткізуге болады, ол үшін электронды цифрлік таңба қажет, интернет керек.

Ж.Оспановтың мәліметі бойынша, жалпы қойманың сыйымдылығы 14 млн 839 мың тонна, аталған облыстардағы астық қоймаларының сыйымдылығы 13 млн тонна, яғни 88% болып тұр. Астық қоймаларының 194-і теміржолға тартылған, яғни тораптық элеваторлар.

Астық қабылдайтын қоймалардың өкілдерімен қатар, астық қолхаттарын тіркеуге ауылшаруашылық өндірушілері де даярлық жасап жатыр.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, лицензиясы бар астық қабылдайтын қоймалардың 209-ның 196-сы электронды цифрлық таңба алып, сол жүйемен жұмыс істеп жатыр. Оларға төрт мыңдай диқан өз астығын өткізбек. Бұл жұмыс жалғаса береді», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қаджыбекова.

«Фермер астықты қоймаға өткізгенде оның дұрыс сақталатынына, сапасы бұзылмайтынына көз жеткізе алады. Өйткені, астық қолхатын тіркегенде сапасы туралы сипаттама береді», – дейді А.Қаджыбекова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі электронды астық қолхаттары қадағалаушы органдардың жұмысын жеңілдетеді деп айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі қадағалаушы органдармен бірлесе отырып, онлайн жүйесіне электронды түрде тіркелген лицензиясы бар барлық элеваторлардың қолхаттарын қадағалай алады. Бұл астық нарығына талдау жасауға, республика бойынша қоймалардың толымдылығын білуге мүмкіндік береді», – деді А.Қаджыбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер