«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балықшылар да субсидияға мұқтаж

2016 жылғы 28 Шілде
- Алматы қаласы
10486 просмотров

Алматыда Қазақстанның екінші балықшылар форумы басталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшылары, жетекші ЖОО мен ҒЗИ профессорлары, «Қазақ балық шаруашылығы» ЗТБ мүшелері, балық шаруашылығының иелері мен мамандары, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан шақыртылған қонақтар бас қосып, Қазақстанның балық шаруашылығының ахуалын талқылады. Кездесуде мемлекеттің аквамәдениетке  қолдауы туралы айтылды.

Форум қатысушыларының пікірінше, аквамәдениеттің дамуына 2010 жылғы балық шаруашылығының ауылшаруашылылық құрамына енуі көп септігін тигізді. Бұл балық шаруашылықтарына салықты азайтуға, елдегі агрокешенді салаға бөлініп жатқан қаржылық қолдауға ие болуға мүмкіндік тудырды. 2011 жылы балық қорегін 50% қамтамасыз етуге бөлінген субсидиялар балық өнімін 300 тоннадан 800 тоннаға өсіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, содан бері балық шаруашылығына субсидиялар мүлде берілмеді.

«Бүгінгі таңға дейін республикалық деңгейдегі аквамәдениетті дамытуға, қолдауға бағытталған бірде-бір бағдарламалық құжат жоқ. Аквамәдениетті дамытуға арналған жалғыз құжат «Агробизнес-2020» бағдарламасы ғана. Осы бағдарламаға сай 2020 жылдарға дейін Қазақстанда 15 мың тонна тауарлық балық өсірілуі керек делінген. Бірақ біз әлі мыңға да жетпедік. Биыл да асыл тұқымын балықтар асырауға арналған субсидиялар қарастырылмаған», – деп хабарлады ҚР «Қазақ балық шаруашылығы» Балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктер қауымдастығының атқарушы директоры Азис Шуткараев.

Бұл салаға мемлекеттік қолдау қажеттігі туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Агрокешен мен тамақ өндірісі департаментінің сарапшысы Айжан Қарабаева да айтып өтті.

«ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сенсек, 2015 жылы өсірілген тауарлы балық мөлшері 700 тоннаға жеткен. Ал, табиғи жолмен көбейген балықтарды аулау небары 40 тоннаға жеткен. Мысал ретінде көршілес Өзбекстанмен салыстырып көрейік. Онда 20 мың тонна балық өсіріледі. Ал, Қытайда аквамәдениет өнімі жалпы балық өнімінің 70%-ын құрайды екен. Елдегі балық саласы тек өсірілетін балықтардың арқасында өркендеп тұр. Олардың қоры азайып жатыр. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін аквамәдениет қолдау көрсетіп, оны дамытуымыз керек», – деді Айжан Қарабаева.

«Елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен еңбекпен қамтуды жолға қоя отырып, ауылдық тұрғындардың табысын еселеуге болады. Ол үшін аквамәдениетті дамытатын мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізуді ұсынамын. Балықтың азығына субсидия енгізу керек (азық бағасына 50%). Өсірілетін балықтарды сатып алу үшін, жабық сулы технологияларды алу үшін субсидия бөлейік. Мұндай нәрсе егіншілікте бар. Аквамәдениетке бөлінетін субсидияны бөлек жолмен көрсету. Оны мал шаруашылығы құрамынан оқшаулау керек. Тағы бір ұсынысымыз Ауыл шаруашылығы министрлігінде аквамәдениет бөлімі ашылса екен», – деді ғалым-ихтиолог, «Қазақ балық шаруашылығы» қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Серік Темірханов.

Кейбір қиындықтарға қарамастан Қазақстанның аквамәдениетінің әлеуеті зор. Әр түрлі ақпараттарда жылына он шақты мыңнан екі жүз мыңға дейін тауарлы балық өндірілетінін есептеп жатады дейді сарапшылар. Бұл жайт ішкі нарықты түгел қанағаттандырады. Көрші елдерге де сатылады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер