«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылшаруашылық кооперативтері жерсіз қалды

2016 жылғы 27 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
9412 просмотров

Шенеуніктер уәдесін орындамағаны үшін шаруалар асыл тұқымды ірі қара малды етке өткізуі мүмкін

Көкпекті ауданындағы малшылар бірігіп, ауылшаруашылық кооперативін құрды. Бірақ шенеуніктер бірнеше айдан бері оларды бір есіктен екіншісіне қақпақылдап жүр. Асыл тұқымды ірі қараны бағатын жайылымдық жер мен қыстық жем-шөп өсіретін егістікті жалға бермей келеді.

«Ауылшаруашылық кооперативін ашқанмен, жер алу, жайылым, егіндік мәселесі кедергі боп тұр. Жарты жылдан бері бізді анда-мында жұмсап келеді. Уәде береді. Тіпті әкімдіктен ресми қағаз келді. Бірақ іс жүзінде еш қозғалыс жоқ. Біз жалға алатын жер сұрап отырмыз. Бизнесті кеңейткіміз келеді. Сүт өнімдері бағытын дамытқымыз келеді. Дәл қазір біз малымызды өзіміздің жекеменшік жерімізде бағамыз. Күз жақындап қалды. Жем-шөп мәселесі басталады. Сонда не істейміз малды? Сойып тастаймыз ба?» –деп қапаланады ауылшаруашылық кооперативінің құрылтайшысының бірі Рустам Айдаров.

Кооператив мемлекеттен дотация алады. Бұл ақшаға малшы жалдайды, вакцинация жүргізеді. Шаруашылықты кеңейту ауыл тұрғындарына да, жергілікті әкімдікке де пайдалы көрінген. Көкпекті ауылының тұрғындары кооператив малына өздерінікін қосып, мал басын 360 сиырға дейін жеткізеді. Енді жайылымдық үшін 2300 га жерді жалға беруді сұрап отыр. Бірақ шенеуніктердің уәдесі бітер емес. Көктемдегі сөз күзге де жетті, түк бітпеді.

«Жер учаскесін жекеменшік қолға беруге ҚР Президентінің жарғысы бойынша осы жылдың 31 желтоқсанына дейін рұқсат жоқ. Мораторий жарияланды. 49 жылға арналған жалға беру бойынша, жер тек байқауға қатысу арқылы беріледі. Бос жер болса, оны байқауға шығарамыз. Жер алғысы келгендер қажетті құжаттарын ұсынады. Сосын жер жалға рәсімделеді. Біз уәде еткен жер – бұл мәселе қарастырылып жатыр, шешеміз», – дейді Көкпекті аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ернат Құдайбергенов.

Бұл іске жергілікті Кәсіпкерлер палатасы араласты. Бірақ билік әлі құлақ асар емес.

«Дәл осындай бес ауылшаруашылық кооперативін ашуға дайындық жүргізіліп жатыр. Оларды ашу керек пе, жоқ па – басы ашық мәселе боп тұр. Ашылып қойылғандары асыл тұқымды бұқаларды сатып алды. Енді мәселеде тек ауада ілініп тұр. Не жері жоқ, не жайылымы жоқ, не егістігі жоқ», – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Көкпекті аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева.

Сейсенбі күні ауылшаруашылық кооперативінің құрылтайшылары тағы да жер қатынастары бөліміне келгенімен,  бұл жолы да бос уәдеге малданып қайтты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер