«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зәулім ғимараттар жарқырап тұрсын десек...

2016 жылғы 26 Шілде
8715 просмотров

Қазақстанда Өнеркәсіптік альпинизм қауымдастығы құрылмақ

Бұл шешім «Атамекен» ҚР ҰКП-ның кеңейтілген отырысында қабылданды.

Кездесу бейнебайланыс тәртібінде, қызығушылық танытқан бизнес субъектілері мен ҚР Инвестициялар мен даму жөніндегі министрліктің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өкілінің қатысуымен өтті.

Осы саламен айналысатын кәсіпкерлер бірқатар проблемаларға шағым айтты, олардың қатарында әкімшілік кедергілер мәселесі де бар. Мысалы, өнеркәсіптік альпинизм саласындағы қызметті реттейтін заңнамалық нормалардың жоқтығы. Жалғыз реттеуші құжат болып «Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің кейбір мәселелері туралы»  ҚР төтенше жағдайлар министрінің 2012 жылғы 19 желтоқсандағы бұйрығы саналады, ол да 2015 жылдың желтоқсанында өз күшін жойған. Осылайша, қазіргі күні Қазақстандағы өнеркәсіптік альпинизм мемлекет тарапынан бақыланбайды, бұл биікте орындалатын жұмыстардың сапасына теріс әсерін тигізбей қоймайды.

Сонымен бірге, аккредиттелмеген мамандардың көптеп болуы, тиісті біліктіліктің болмауы себебінен өнеркәсіптік альпинистердің ауыр жарақатпен ауруханадан бір-ақ шығуы мәселелері де қаралды. Шын мәнінде, бүгінгі таңда нарық еш бақыланбайды.

«Promalp.kz» ЖШС директоры Арман Қасенов қауымдастық шешуі тиіс өзекті мәселелерді айтып берді. «Кадрларды дайындау, қайта дайындау жүйесін құру, жобалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті индустриалды дамыту комитетінде жатқан биіктікте жұмыс жасау қауіпсіздігінің бірыңғай ережелерін  енгізу, бекіту және жүзеге асыру, тапсырыс беруші, орындаушы және жұмысты атқарушы секілді нарық қатысушылары арасында жауапкершілікті үйлестіру, кәсіптік кадрларды есептеу, өнеркәсіптік альпинизмде пайдаланылатын жабдықтарға, құрал-саймандарға қойылатын талаптар, есеп және бақылау, сонымен бірге нарықтың теріс пиғылды қатысушыларымен күрес жүргізу», – деді ол.

Бизнесменнің айтуынша, ұйымның уақытша атауы – Биіктікте жұмыс атқарушылар мен өнеркәсіптік альпинизмнің ұлттық қауымдастығы. Қауымдастық төрағасы ретінде ол генерал-майор Диқанбек Сатылғанов Жанқоразұлын тағайындауды ұсынды. Ол бұған дейін ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою жөніндегі департаментке басшылық еткен.

«Біз өңірлердегі бизнестің барлық қатысушыларын осы қауымдастық жұмысына тікелей қатысуға және оның құрылтайшысы болуға шақырамыз. Аталған қауымдастықты құрудағы басты мақсат – саладағы барлық проблемалық мәселелерді шешу. Біз бизнестің үш саласын қамтитын боламыз, олар: білім беру және кадрларды даярлау, кәсіпкерлік қызметті қолдау, өзге де құрылымдармен, оның ішінде шетел нарығымен өзара әрекеттестік. Біз шетел нарығына шығуды көздеп отырмыз», – деген ол барлық кәсіпкерлердің проблемасы бірдей, сондықтан бірігіп, осы мәселелердің барлығын шешетін қауымдастық құратын уақыт жеткенін де айтты.

ҚР Инвестициялар мен даму жөніндегі министрліктің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілі Владимир Мельниктің айтуынша, биіктікте жұмысты атқару ережелері қазір жасалуда. Оның сөзінше, «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыретті органды анықтау бойынша өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл оларға осындай құқықтық актілерді жасауға және бекітуге құқық берер еді. Қазір бұл мәселе қаралуда.

«Қауымдастық құру – уақыт еншісіндегі мәселе. Бүгінгі күні қызметтің нәтижесі үшін басты жауапкершілік нарық субъектілерінің өздерінің құзыретіне берілген. Бұл қолданыстағы барлық дерлік нормативті актілерде көрсетілген. Яғни, қызмет ұсынушы көрсетілген қызметтің нәтижесі, тиісінше, жұмысты атқаратын жұмысшы үшін де жауапкершілікті толық өз мойнына алады. Сондықтан, қауымдастықты құру арқылы бірқатар проблемалар кешені шешуге болар еді. Олар, біріншіден, мамандардың кәсіптік даярлығы мәселесі, бірыңғай ережелерді анықтау, бүгінде өнеркәсіптің жеке саласы саналатын осы бизнесті жүргізу», – деді ол.

ҰКП шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Қайыржан Ыбраев саланы нығайту мәселесіне баса назар аударды. «Қазір барлық компаниялар оқшаулана жұмыс жасайды, ал қауымдастық ортақ мүдделерді қорғайтын болады. Нарық қатысушылары да бұған қызығушылық танытып отыр,  бұл мәселеге қатысты жиналып отырғанымыз бірінші рет емес. Олардың өздері бізге келіп, қауымдастық құру туралы ұсыныс айтты. Біз оларды қолдап, көмек көрсетеміз. Біз осы саланы қолдауға дайынбыз және Қазақстандағы өнеркәсіптік альпинизмнің дами түскенін қалаймыз», – деп мәлімдеді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер