«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнеске дағдарыс кедергі емес

2016 жылғы 26 Шілде
- Жамбыл облысы
12196 просмотров

Жартылай фабрикаттар шығаратын зауыттың директоры «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатыспақ

2004 жылы Вячеслав Канның шағын цехы болды. Онда қолдан сиыр етінен тұшпара жасалатын. Құрылғы дегеннен тек тоқпен істейтін еттартқыш қана болды. Бүгін ол – заманауи кәсіпорынның директоры. Кәсіпорын тоңазытылған жартылай фабрикаттарды шығарады. Барлық үдеріс автоматтанған. Стартаптан бастап жетістікке дейінгі аралық қанша? Бүгін ол бірінші рет өз құпиясымен БАҚ бетінде бөлісті. Оның үстіне биыл Вячеслав Кан «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне тұңғыш рет қатыспақ.

Жамбыл облысы мен одан тысқары жерде «Метелица» бренді танымал. Тараздық отбасылар «Кан» ЖК өнімдерін тұтынады. Тұшпара, вареник, котлет, наггетс – соңғы он жылда дәмділігімен де, сапасымен де қуантып келеді.

«2004 жылы өз жұмысымызды бастағанда біздің 40 шаршы метр ғана цех, тұшпара жасайтын жұмысшылар болды. Қазіргі құрылғының бірі де жоқ еді. Бәрін қолмен істейтінбіз. Тек тоқпен істейтін еттартқыш болды, – деп еске алады Вячеслав Кан. – Алған білімім бойынша маркетолог болған соң, алдымен жергілікті нарықты зерттедім. Өндірушілер көп, тауарлары біркелкі екенін түсіндім. Бәрінің осал тұсы қаптамасы екенін де назардан тыс қалдырмадым. Тұшпараны жабыстырылған жіңішке пакетпен сатып алу бөлек, ал жақсы қаптамадағысын алу мүлде басқа нәрсе. Сатып алушының өндірушіге сенімі оянады. Жай арзан өнім емес, толыққанды өндіріс деп түсінеді. Осыны назарда ұстадық. Екпін түсірдік. Алматылық дизайнерге жүгініп, жақсы қаптаманың қалыбын жасаттық. Брендімізді ойлап таптық. «Метелица» деп ат қойдық. Біздің сегмент – бағамыз орташадан сәл жоғары. Қаптамасы өте сапалы болғандықтан бірден танылып, нарықтан өз орнымызды алдық».

Жылдар өтіп жатты. «Метелица» тұшпарасына сұраныс артып, Вячеслав Кан барлық үдерісті автоматтандыруға бел буды. Лизингке италиялық автоматты желі орнатылған. Соның арқасында таңдау көбейіп, көлемі де еселенді. Вареник, наггетстер, балықтан жасалатын котлеттер шығарыла басталды.

«2009 жылы жаңа ғимаратқа көштік. Оның алдында Австрия, Голландия, Германия, Ресей елдерін аралап келдім. Осындай цехтың жұмыстарымен таныстым. Өндірістің сатылы жұмыс істеуін зерттедім. Бүге-шігесіне дейін егжей-тегжейлі қарастырдық. Кей елдерге құрылғы ұстаушылар шақырса, басқасына өзіміз қызығып бардық. Өте қызықты сапарлар болды. Солардың арқасында білім мен тәжірибе жинап келдім, жаңа цех аштым», – дейді ол өз сөзінде.

Құрылғыны «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша алынған несиеге орнатқан. Вячеслав Канның айтуынша, Мемлекеттік бағдарламаға қатысудың жағымды тұстары жетерлік екен.

«Біздер, кәсіпкерлер, бірдей түйткілдерді бастан кешеміз. Біз ісімізді ұлғайтуға банктен несие ала алмаймыз. Сол сияқты құрылғы үшін де несие жоқ. Өйткені, мүліктің бәрі алғашқы кезде кепілге қойылған. Мұндай кезде үлкен қолдау білдіретін ұйым «Даму» қоры. Ол кепіл болып отырады. Мемлекет тарапынан да қолдау болып жатыр. Субсидия беретін банктің пайыздық өсімі кемиді. Несиенің бәрін теңгемен береді. Осы ақшаның арқасында жаңа деңгейге шықтық», – дейді ол.

Нәтижесінде бүгінгі таңда «Кан» ЖК жартылай фабрикаттардың он түрін шығарады, қолмен ештеңе істелінбейді. Бәрі автоматтандырылған. Компанияда он бес адам жұмыс істейді.

Өнімдерін Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары мен Астана қаласында сатады. «Дағдарыс деген мықтылар көтерілетін, әлсіздер нарықтан шығатын кезең. Сондықтан қиындықтарға қарамастан біз былтыр жаңа бағытты еңсеруге көштік – нан пісіріп сататын болдық», – дейді Вячеслав.

Маркетингтік зерттеу жасаған ол әлеуметке арналған нан пісіру пайдалы екенін анықтап, соны қолға алған. Нанды кішкентай дүкендерге апарып өткізу оңтайлы боларын білген. Бірақ олардың дені қалдық нанды қайтарып беретіні жаман. Сондықтан наннан гөрі қымбатырақ, дегенмен өз сатып алушысы бар нанның өзге түріне қызығушылығы артты – бородин, кебек нан, багет, сэндвичке арналған тоқаш сияқты.

«Бүгін біздің клиенттер – бірнеше супермаркеттер, мейрамханалар. Бастама үшін бұл деген зор көрсеткіш. Бұл бағытты біз биыл 2016 жылы іске қостық», – дейді Вячеслав.

Бұрын компания ешбір байқауға, көрмеге қатысып көрмеген. Директордың айтуынша, «өндірістің жұмысынан қол тимепті». Биыл бірінші рет өз өнімдерін өңірлерде өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне ұсынбақ.

«Біз үшін байқауға қатысу – ең алдымен ынталандыру, – дейді Вячеслав, – кеңестік фильм «Афоняда» айтатын еді ғой, «тұрғындардың шағымданбауы – біз үшін ең үлкен марапат!» деп. Біздің тұтынушы жасап жатқан еңбегімізді бағаласа дейміз. Сондықтан бірінші орын алуға үміттіміз».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер