«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мұрат Әбенов: «Студенттерге нені және қалай үйрету керектігін жұмыс беруші анықтау керек»

2016 жылғы 22 Шілде
- Қызылорда облысы
11260 просмотров

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов ЖОО мен колледждердегі оқу бағдарламасын заманауи бизнес талаптарына сай етіп бейімдеу керек деп санайды

ҰКП Басқарма төрағасының жаңа орынбасары өңірлердегі алғашқы жұмыс сапарын Қызылорда облысынан бастады. Қызылорда қаласындағы индустриалды-техникалық колледждің жұмысымен танысқан ол, колледжде жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді. Атап айтқанда, бүгінде Кәсіпкерлер палатасы колледжді корпоративті басқару жобасын тиімді жүзеге асыруда. Жобаның артықшылығы: біріншіден, бизнес-қоғамдастық құруға мамандарды кеңінен тарту, екіншіден, колледждерде мемлекеттік тапсырыс бойынша кәсіби және техникалық сала мамандарын дайындау, үшіншіден техникалық және кәсіптік бағдар беретін оқу орындарында дуальдық білім беру жүйесі қағидалары енгізілуде. 

Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім басқармасымен бірге жобаны пилоттық режимде жүзеге асырмақ. Ол үшін Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінде негізгі бағыт ретінде сервис пен қызмет көрсету салалары таңдалып алынды. Индустриалды-техникалық колледжін ұжымдық басқару мақсатында Сервис және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер Қауымдастығы құрылып, оның құрамына «Best Servise LTD», «РАИМ», «K-group» ЖШС-лар кірді.

Аталмыш колледжді қамқорлығына алған қауымдастықтың негізін қалағандардың бірі, оқу орнының Өңірлік қамқоршылық кеңесінің өкілі Асқар Махамбетов оқу орнының материалдық-техникалық базасының жобалық-сметалық құжаттарын өз қаражаты есебінен ұсынды. Нәтижесінде облыстық бюджеттен 130 млн теңге көлеміндегі қаржы бөлініп, қазір колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, өңірде дуальдық оқыту бойынша оң тәжірибелер бар.

«Жергілікті кәсіпкерлер қалалық колледждердің бірін қанатының астына алу арқылы бірегей бастама көтеруде. Басты мақсат – жұмыс беруші талаптарына барынша сай келетін білікті әрі іс жүзінде машықтанған кадрларды даярлау. Бұл оқу бағдарламасы арқылы да, болашақ жұмыс орнындағы секілді оқу жабдықтары арқылы да, сонымен бірге,кейін түлек жұмыс жасайтын ұжымда жұмыс жасау тәжірибесін қалыптастыру арқылы да жүзеге аспақ. Жергілікті билік те, бұл тұста оларға қол ұшын созып, басқару құрылымын өзгертуде, сондай-ақ ғимаратты жөндеуден өткізу үшін қаражат бөліп отыр. Жабдықтарды бірлесе сатып алатын болады. Міне, заманауи кооперация дегеніміз осы», – деді Мұрат Әбенов.

Ол, сонымен бірге, бұл халық қаражатын шын мәнінде қажетті кадрларға жұмсау арқылы бюджетті ұтымды пайдалануға сеп болатынын айтты. «Дипломы бар жұмыссыздар санын арттырып, екі рет төлеудің қажеті жоқ. Себебі, бұған дейін бизнес өз қаражатына мемлекеттік колледждер түлектерін қайта даярлықтан өткізуге мәжбүр болатын.  Әзірге, бұл жаңалық тек мейрамхана бизнесіне ғана енгізіліп отыр. Тұтас алғанда, бұл қадам басқа салалар үшін де оңтайлы, себебі қанша адамды, кімді, қалай және неге үйрету керектігін жұмыс берушілер қауымдастығы шешуі керек. Бұл тәжірибені болашақта өзге де өңірлерге тарату қажет болады», – деп түйіндеді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер