«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көгалдандырумен құрылысшылар емес, бағбандар айналысқаны жөн

2016 жылғы 21 Шілде
12595 просмотров

«Жасыл орман» орман және ағаш өңдеу шаруашылығы ұйымдары қауымдастығы көгалдандыру жұмыстарын кәсіби түрде айналысатын кәсіпорындарға беруді ұсынып отыр

Мұндай ұсынысты «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі бөлімшесінің отырысында «Жасыл орман» орман және ағаш өңдеу шаруашылығы ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Сейфулина білдірді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда мектеп, балабақша, аурухана, емхана және т.б. сияқты әлеуметтік нысандар аумағын көгалдандыру және абаттандыру мәселесі өзекті боп тұр.

«Әлеуметтік нысандарды салу барысында іргелес жатқан аумақты көгалдандыру және абаттандыру міндеті толығымен құрылысшылардың иығына артылады. Өз кезегінде құрылыс компаниялары қосалқы мердігерлерді жалдайды. Олардың басым көпшілігі көгалдандыруға маманданған кәсіпорындар емес. Соған байланысты бұл «мамандар» көптеген қателіктер жібереді. Ол дегеніміз ҚНмЕ ережелеріне сәйкес келмеу (көгалдандыру үшін аумақтың қажетті шаршы метр саны мен отырғызу нормасы сақталмайды, отырғызылатын тұқымдардың балалар денсаулығына кері әсерін тигізбейтін қажетті түрлері таңдалмайды), сондай-ақ вегетацияның барлық мерзімінде (3-4 ай) агротехникалық күтім жасалмайды (арнайы суару, арам шөптерді отау, қопсыту, тыңайтқыштар пайдалану). Сонымен қатар отырғызылған материал санының жерсінуі 50%-дан кем болмауы тиіс», – деп түсіндірді салалық қауымдастықтың өкілі.

Сондай-ақ, Астана қаласындағы топырақтың басым бөлігінің құрамында тұздар бар (сортаң жерлер). Оған өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. «Ол жерге ағаш және бұтақ тұқымдарының тал, қарағаш, шегіршін сияқты соған сәйкес түрлерін таңдау қажет. Шын мәнінде бұл жағдай мүлде басқа сипат алуда. Мектеп ауласын ол жерге жерсінбейтін бұталар мен қайыңдар арқылы көгалдандыруда», – дейді Лаура Сейфулина.

Ол 2005 жылы Елбасының бастамасымен «Жасыл ел» бағдарламасының жасалғанын еске салып өтті. Жоба о баста елімізді көгалдандыруға жауапты жаңа ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған еді.

2007 жылы Қазақстан Президенті белсенді көгалдандыру саясатын берік ұстанатынын тағы да дәлелдеді. Ақмола облысына жасаған іс сапары барысында Н.Ә. Назарбаев «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын тәжірибе жүзінде іске асыру туралы сөз етті.

«Мемлекеттік саясат Қазақстанды көгалдандыруға бағытталған жағдайда, әлеуметтік нысандарды көгалдандырудағы қазіргі тәсілі қомақты бюджет қаражатын «желге ұшыру». Осындай көгалдандырудың кері «әсері» өскелең ұрпақта Қазақстан табиғатының сан алуандығы туралы түсініктің болмауынан көрінеді», – деп атап өтті Л.Сейфулина.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, «Жасыл орман» орман және ағаш өңдеу шаруашылығы ұйымдары қауымдастығы Астана қаласындағы №78 мектеп-гимназиямен бірлесе отырып, аталған мектеп базасында «Мектеп орман шаруашылығы» пилоттық жобасын іске қосуда. Жобаға сәйкес мектеп аумағында тәлімбақ отырғызылады. Ондағы отырғызылған ағаштарды мектеп оқушыларының өздері күтеді. Болашақта аталған жобаныАстана қаласындағы барлық мектептерге тарату жоспарлануда.

Салалық қауымдастық өкілі атап өткендей, әлеуметтік нысандардыкөгалдандыру мәселесі түрлі деңгейлерде көтерілуде. Мәселен, осы жылдың 13 шілдесінде Астана қаласы әкімдігінде өткен Мемлекеттік сатып алулардағы отандық өндірушілерді қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы шеңберінде «Жасыл орман» орман және ағаш өңдеу шаруашылығы ұйымдары қауымдастығы Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукинге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, көгалдандыру жұмыстарын көгалдандырумен кәсіби түрде айналысатын кәсіпорындарға беру мәселесін қарау туралы өтініш білдірді.

Қауымдастық ҚР ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаевпен бірлесіп, Астана қаласы мен Ақмола облысының өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен кездесулер өткізді. Онда көгалдандырумен және ландшафтық дизайнмен кәсіби түрде айналысатын отандық кәсіпкерлерді қолдау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ олар бірлесе отырып, Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша көгалдандырумен айналысатын кәсіпкерлердің тізілімі мен көгалдандыруды, аумақты абаттандыруды, ағаш өңдеу өнімдерін қажет ететін салынып жатқан әлеуметтік нысандардың (мектептер, бала бақшалар, емханалар, ауруханалар және т.б.) тізімін жасау туралы келісімге келді.

«Отандық көгалдандырушылар үшін өткізу нарығының өзекті екенін ескере отырып, «Жасыл орман» орман және ағаш өңдеу шаруашылығы ұйымдары қауымдастығы мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілерді тапсырыспен қамтамасыз ету процесіне белсене қатысуда. Мәселен, Астана қаласында жаңа темір жол вокзалы салынуда. Оның құрылысын «Сембол» түрік компаниясы жүргізуде. Тамыз айында біздің көгалдандырумен кәсіби түрде айналысатын отандық тауар өндірушілеріміз вокзал маңындағы аумақты көгалдандыру туралы шарт жасасады», – деп мәлімдеді Л.Сейфулина.

Ол сонымен қоса, ағаш өңдеу саласымен айналысатын кәсіпорындар іргелес аумақты абаттандыруға қажетті жаппа, орындық, құмсалғыш, әткеншектер және т.б. сияқты ағаштан жасалған  тауарларды жеткізе алатындықтарын айтты.

Талқылау нәтижелерін түйіндей келе, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев бұл бағытта орман тәлімбағын көгалдандыруға қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорындарды да, балабақшалар мен жалпы білім беру мекемелерінің аумағын абаттандыруға қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорындарды да тапсырыстармен қамту мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан бала бақшалар мен жалпы білім беру мекемелерінің кестесін жасап, пысықтау тапсырылып, соның негізінде көгалдандырумен кәсіби тұрғыда айнасылатын кәсіпорындарға іргелес жатқан аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыру жөнінде әр жыл бойынша жоспар жасау жүктелді. Сондай-ақ тәлімбақтар мен кәсіби көгалдандыру бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарға іргелес жатқан аумақтарды абаттандыруға қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорындардың тізілімі жасалатын болды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер