«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Етікшіні бізі асырайды

2016 жылғы 20 Шілде
- Солтүстік Қазақстан облысы
9077 просмотров

Бизнес жасқа қарамайды. СҚО Тайынша ауданының 76 жастағы тұрғыны Ашик Киракосян бұған шүбәсіз сенеді

Ол жылдар бойы сүйікті ісімен шұғылданады, саналы ғұмырында осымен нанын тауып жеп, отбасын да асырауда. Шеберлігіне өзі де шаттанады, қолына тиген аяқ киім де «мені ки» деп жан біткендей жұтынады, жаңа түрмен құлпырады. 

Жауын-шашыны мол Солтүстік Қазақстанда қолы шебер етікші өте қадірлі, диқан, малшы сияқты еңбекқор адамдармен бірге қастерленеді. Әлбетте, қажырлы еңбекті қажет ететін кәсіп бір орында тапжылмай сағаттап отыруды,  ұсақ-түйекке зер салуды талап етеді. Өйткені шебердің қолы ортақ, ол өз еңбегімен ақша тауып қана қоймай, айналасындағыларға қуаныш сыйлайды ғой.     

Ашик атаның айтуынша, бала күнінде қонақ болып жиі барғыштайтын көрші үйдегі аяқ киім шеберханасы өзіне тән  әлдебір  иістермен  өзіне еліктіретін. Ол сонда жүріп, әр еңбектің өз жұпары болатындығын сезіп-білді, болашақ мамандығын игерді. Жылдан-жылға шеберлігі шыңдалды, келе-келе еңбегімен ел құрметіне бөленді. Келушілердің тозыңқыраған туфлиі немесе  бала етігінің жұбын қалайша сақтап, қатарға қосуды жақсы біледі. «Аяқ киімді сапалы жөндеу – өте күрделі жұмыс, бұған күш-жігермен қоса төзімділік те керек. Әрине тәжірибе там-тұмдап жылдар бойы жиналады, ал әр іске құштарлана құмарлансаң,  қолға алған әр жұмысың жанданады», – деп сыр бөліседі Ашик Киракосян.  Оның айтуынша, сонау Германияда жүргенде етікшілікпен жан бағыпты. «Шетелде өмір сүрсем де, етікшілікті тастамадым. Ол жақтағы өмір ыңғайлы, игілігі жанға жайлы болғанымен, Қазақстанға қайтып келдім, өйткені өзге жерде өгейсідім, жан-дүниемді баурамады. Қазіргі өміріме ризамын. Достарым да осында, сүйікті ісіммен де шұғылданамын», – дейді ол.

«Ашик Киракосяннің өмірі мен кәсіби шеберлігі – жастарға және өз бизнесін ашқысы келетіндердің бәріне үлгі боларлық тағылым. 76 жаста болса да ширақ, сергек, келешекке артар үміт-сенімі де мол», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Тайынша аудандық филиалының директоры Аслан Нұрсейітов ризашылық сезіммен. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер