«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Германиядан тың идеямен оралды

2016 жылғы 20 Шілде
- Ақмола облысы
8566 просмотров

«Іскерлік байланыс» жобасына қатысу көкшетаулық іскер әйелге тек бизнеске басқаша қарауды ғана емес, компанияны басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге көмектесті

Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҚР ҰКП бірлесе отырып, «Іскерлік байланыс» жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол экономиканың басымдығы бар секторларында атсалысатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған. Жоба екі сатылы. Бірінші сатысы Қазақстанда жүзеге асады. Екіншісінде шетелде бизнес-тағылымдамадан өту қарастырылған.

Өңірлік Палатаға «GrandSport» СК мен «Babysport» компанияларының бас директоры Рыскүл Арыстамбаева Германиядан нақты мақсатпен оралды. Біріншіден, мемлекеттік қолдау туралы нақты кеңестер сұрау үшін, екіншіден, Ұлттық палатаның шетелге жіберген тағылымдама мүмкіндігі үшін алғыс айта келді.

Дрезденде бір ай бойы тағылымдамадан өткенге дейін үлкен дайындық жүрді. «Іскерлік байланыс» жобасына қатысқан кезде Рыскүл Арыстамбаева Қопа өзені жағасында ашылған өзінің спорттық-сауықтыру кешенінің тұсауын кесті. Оған Палатада бизнес-жоспар құруды үйретті. Сосын бизнес ханым 21 қатысушымен бірге Германияға жолдама алды.

Жоба туралы тоқтала кетсек. Көкшетау қаласындағы спорттық дүкендер желісіне иелік ететін кәсіпкер ханым жаңа бағытта даму керектігін шешеді. Ол спорттық-сауықтыру кешен ашқысы келеді. Жергілікті әкімшілік жобаны мақұлдайды. Қалалық жағажай аумағында абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым жасақталды.

«Батпақтанған жерлерді тазаладық. Қамыстың көзін құрттық. Жағажай аумағын кеңейттік. Катамарандар сатып алып, іске қостық. Қайықтар жүзе бастады. Пирс, шезлог орнаттық. Жаздық дәмханалар аштық», – деп баяндайды кәсіпкер ханым.

Бұл нысан күніне үш жүз адам қабылдай алады. Рыскүл Арыстамбаеваның айтуынша, енді бөлек ғимараттың құрылысы бойынша жобаны қарастырып жатыр. Сонда жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндік болады. Ол жобаның құны 60 млн теңгені құрап отыр. Қаржыны кәсіпкер ханым «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша алуға дәмелі.

Германияға барып келу барлық жағынан пайдалы бола түсті. Германиялық серіктестерімен кәсіпкер ханым қажетті әрі пайдалы байланыстар орнатып қайтты. Қазір ол коммерциялық ұсыныстарды зерттеп жатыр.

Нетворкинг өнерінен басқа топтық әрі жеке тренингтер кезінде тыңдаушылар менеджменттің стратегиялық негіздерін, іскерлік әкімшілікті, құқықтық мәдениет сияқты пәндерді зерттепті.

«Оқу барысында нақты серіктестерді немен қызықтыра білу керектігі көз алдыңда айқындала береді екен. Өзің туралы дұрыс ақпаратты жеткізу, келіссөздерді ұтымды өткізу, жеткізіп беру туралы келісімдерге қол жеткізу, инвестиция алу туралы мүмкіндіктерді талқылай алуды меңгердік. Бизнес-оқудың барлық сатысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Германияға барып келудің өзі көп нәрсені өзгертті. Тек қана іскерлік байланыс тарапында емес. Өте бай мәдени мұрасы бар. Дрезден опера мен балет театры, Дрезден сурет көрмесі, көптеген мұражайлар. Ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрлерге беріктік. Қолда бар алтынға қанағат қылу. Осының бәрі санамызда жатталып қалды», – дейді Рыскүл Арыстамбаева.

Енді бизнес ханым алған білімін саралап, оларды тәжірибеге енгізуді бастамақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер