«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлердің бизнес-омбудсменнен күтері көп

2016 жылғы 15 Шілде
- Солтүстік Қазақстан облысы
9619 просмотров

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетовке Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері саналуан сұрақтар қойды

Олардың арасында ішімдікті сату мен сақтаудың жыл сайынғы лицензиялық алым мөлшерін реттеу, ЕАЭО мен ТМД елдері арасындағы жүк тасымалы, бизнестің өзге де өзекті мәселелері айтылды.

Шағын дүкен иелері, ішімдік сатуға салынатын 212 100 теңге көлеміндегі лицензиялық алымды төлеуге қиналып жүргенін жеткізді. Жуырда соңғы төлем мерзімі келе жатыр: 20 шілде күні. Оны төлемесең, үстіне айыппұл қосылады. Бірінші рет – 150 АЕК, екінші рет – 100 АЕК. Осылай кете берсе, шағын бизнестің күлі көкке ұшатын түрі бар деп налиды кәсіпкерлер. Жыл сайынғы лицензиялық алым төлеуге қарсы емес, тек ішімдік сату көлемі екіге бөлінетін кішкентай дүкендер мен ірі супермаркеттер арасында лайықты есеп жүрсе екен деген өтініш айтты олар. Немесе шарап пен сыраны лицензиядан шығарса деп сұрады. Шарап пен сыраға көп елдерде лицензиялық алым  салынбайды. Сонда басқа ішімдіктерді сату кішкентай дүкен иелеріне қызық та болмас еді. Бизнесмендердің айтуынша, ішімдік лицензиясын көбіне көп сыра мен шарап үшін алатынын айтты.  

Бұл мәселені өңірлік Кәсіпкерлер палатасында бұрын да қозғаған еді. Түрлі дөңгелек үстелдер мен жеке кездесулер барысында оған Палата сарапшылары да, мемлекеттік жауапты органдар өкілдері де қатысқан. Ол кезде шенеуніктер бұл ұсыныстың бәрін жоғары жаққа жеткізуге уәде берген. Мүмкін заңға өзгерту енгізілер деп үміттендірген. Кәсіпкерлердің пікірінше, егер бизнес-омбудсмен осы мәселені қадағалауға алса, олардың өтініштері мен ұсыныстары аяқасты қалмас еді, жолданған өтініштер керекті ведомтсволарға тез жетер еді, сонда заңнамалық өзгерістер жасалар еді дейді. Бұл түйткілдің бір жаманы, ол қордаланып қалған. Басқа өңірдегі кәсіпкерлер де бұл мәселемен жете таныс деген сенімде солтүстік қазақстандық кәсіпкерлер. Бөлшектік сауда жасайтын сатушылар қатарына ірі саудагерлер де қосылып жатыр. Облыстық, аудандық жерлерде лицензиялық алымға өзгеріс енгізу керектігін олар да құптайды. Себебі: сол баяғы. Ішімдік сатудың көлемі әр түрлі.

Бұдан да күрделі мәселені құрғақ сүт өндірушілер көтерді. «Тайынша сүті» ЖШС директоры Қайыргелді Тарғауытов былай дейді: «Басқа да өнімнің қатарында құрғақ сүтті де шығарамыз. Менікіндей зауыттар Қазақстан бойынша бар-жоғы төртеу. Бірі Павлодарда, қалған үшеуі СҚО. Осымен үшінші жыл қатарынан мемлекет тарапынан құрғақ сүт шығарушыларға субсидия бөлініп жатыр. Ел бойынша бұл өнімді тұтыну көрсеткіші 18-20 мың тоннаға жетті. Ал, шығарылатын көлемі 10 мың тонна. Ал, өңірімізде субсидияны бір ғана зауыт алады. Қалған екеуіне дым жоқ. Мен үші жылдан бері барлық құрылымдар мен органдарға өтініш айтып жүрмін. Қалған екі зауытқа неге субсидия бермейтінін ешкім нақты айтып түсіндіріп бере алмады. Ал, берілетін субсидия көлемі 200 миллион теңгеден асады. Бір ғана кәсіпорынға мұндай көмек берілетін болса, ол қалғандарын қылғындырып тастайды ғой. Мұндай қолдауы жоқтар көлеңкеге кетіп қалады. Яғни, мемлекеттің өзі құқық теңдігін сақтамай отыр. Осы мәселені барлық жиында көтеріп келем, бірақ неше жылдан бері еш шешімі жоқ».

«Субсидия жүйесі өнімге ғана бағытталған. Егер зауыт құрғақ сүт, май шығарса, онда тек бір өнім ғана субсидия алады. Яғни, егер майға қаржылық қолдау бөлінсе, сүтке бөлінбейді. Бізде көптеген зауыттар құрғақ сүт өндіреді. Соның өзінде көп бөлігі шетелден тасылады. Ал, біздің қауқарымыз толыққанды қолданылмайды. Көктем-жаз кезінде – сүтке сұраныс көп туады, зауыттар сүтті өңдеп үлгермейтін шақ. Осы кезде кәсіпорындар құрғақ сүт шығарса болады. Бұл мәселе шынында да өзекті», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов.

Тимирязев ауданының кәсіпкерлері ойлы-шұңқырлы жолдың кесірінен шығынға батып жатқандарына шағымданды. Кәсіпкер әйел Галина Воробьеваның айтуынша, жолдың күйігі ауданның барлық кәсіпкерлеріне зиянын тигізіп жатыр. Жол өнімді тұтынушыға дер кезінде жеткізудің, экспорттаудың жалғыз амалы.  Өнім тиелген ауыр жүк көліктері жүре алмай қиналады. Бұл жағдайға байланысты кәсіпкерлер бас қосып, аудан, облыс басшыларына хат жазған. Олар жағдаймен таныс, мәселені шешеміз деп білек сыбанып отыр. Жол жөндеуге ақша да бөлінді. Бірақ Қаржы министрлігі шотқа тыйым салған. Тимирязевтіктер бизнес-омбудсменге осы шиеленіскен мәселені тарқатып беруді сұрады. Воробьеваның айтуынша, билік органдары кәсіпкерлерге бар жағдайды жасап отыр, бірақ осы логистиканың кесірінен іс тұралап тұр. Дегенмен, кәсіпкерлерді облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов сабырға шақырды, бір-екі аптада жол жөндеу жұмыстары басталады деп сендірді.

Басқа кәсіпкерлер «Казагроқаржы» ұлттық компаниясы тудырған қиындықтарға шағымданды. Атап айтқанда, «AVAGRO» атты солтүстік қазақстандық фирманың өнімін ұлттық компания сатып алғаны үшін он күнде төлем жасауы керек еді. Бұл келісім шартта көрсетілген. Алайда, ұлттық компания біржақты шешім шығарып, төлемді 50 күнде төлейміз деп созып жіберген.

«Қол қойылған келісімшартқа ешкім бір жақты өзгерту енгізе алмайды. Мұндай мүмкіндік сол құжатта нақты көрсетілуі керек. Аталмыш мәселе осымен бірнеше рет орын алып отыр. Өзге өңірлерде де кәсіпкерлер дауласып қалған. Мал шаруашылығын, егін егу, жем-шөп мәселесіне бөлінетін субсидияның әңгімесін қалай жиі естісек, бұл оқиға да соншалықты жиілеп кетті. Мен бұл мәселені көтеретін болам», – деп сендірді бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов.

«Эталон Запчасть» ЖШС директоры Наталья Бромот өз компаниясының қиындығын айтып берді. «Облыс аумағында осымен он жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Біз ауылшаруашылық көліктері мен оларға қажетті бөлшектерін тасымалдайтын көтерме-бөлшектік компаниямыз. Негізінде Украинадан тасимыз. Жуырда Ресей президенті олардың аумағы бойынша Украинадан тасжол және теміржол бойымен зат тасымалдауға тыйым салған қаулы шығарды. Ол 1 шілдеден бастан күшіне енді. Осы мерзімде екі көлік кері қайтарылды. Бізге жетпеді. Шығынымыз шаш-етектен». ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың айтуынша, бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Бірақ ол мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетов, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдар қатысқан есептік кездесу кезінде көптеген сұрақтар қойылды, мәселелер көтерілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер