«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ел ішінде де тынығуға болады

2016 жылғы 14 Шілде
- Атырау облысы
13053 просмотров

Ішкі туризмнің әлеуетін көтеру мақсатымен Атырауға Оңтүстік Қазақстан облысынан делегаттар келді

Оның құрамында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы, «ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы қауымдастығы» ҚБ, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Оңтүстік Қазақстан туристік нысандарының өкілдері болды. Сапар аясында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңына жергілікті бизнес субъектілері шақырылып, онда Оңтүстік Қазақстан облысындағы туристік саланың үш бағыты таныстырылды. Олар: тарихи-мәдени туризм, емдеу-сауықтыру және экотуризм.

«ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлмира Ақбердиеваның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті жоғары, ол көрікті табиғат пен өңір тарихының арқасы.

«Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлы Жібек жолын тоғыстырып жатқан өңір. Өңір қорғандармен, ежелгі қалаларымен, кесенелермен  және т.б. тарихи ескерткіштерімен әйгілі. Біз өзімізді Ұлы Жібек жолының жүрегі ретінде санаймыз. Жыл басында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы құрылды, ол «бір терезе» қағидасы арқылы жұмыс жасайды. Орталықта көші-қон қызметінің өкілдері, туроператорлар, гидтер, саяхат жетекшілері, көлік компанияларының өкілдері топтасқан. Орталық туристерді тіркеуден бастап турлар мен бағыттарды таңдау секілді қызметтердің барлық түрін көрсетеді», – деп хабарлады Гүлмира Ақбердиева.

Сонымен бірге, бірлестік басшысының сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысының туризм саласындағы негізгі көрсеткіштері биыл былтырғымен салыстырғанда артқан. Мысалы, бүгінгі күні қонақүйлер саны 25%-ға, қызмет көрсетіліп отырған туристер саны 8%-ға және көрсетілген қызметтердің көлемі 24%-ға жоғарылаған. Қазақстанның оңтүстігінде қонақжайлылық өте қатты дамыған. Облыс бойынша барлығы қазірде 143 мейманхана әрекет етуде. Олардың қатарында әлемге әйгілі қонақүйлер бар.

«Сервис сапасын арттыру үшін биыл ғана 13 отель қызметкері шетелде білім алып, біліктілігін арттырып келді. Жақсы демалу үшін қазақстандықтар қыруар қаржы жұмсап, шетелге шықпаса да болады. Жазда да, қыста да сіз біздің өңір табиғатында демала аласыз, бізде шамамен 40 демалыс орны бар, олар экологиялық таза аудандарда орналасқан», – деп атап өтті Гүлмира Ақбердиева.

Бұдан соң ол Оңтүстік Қазақстан облысының туристік ұйымдары өкілдеріне сөз берді. Олардың әрқайсысы өз таныстырылымында нысандарда демалудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Аталған роуд-шоуды ұйымдастыруда әкімдік пен Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен.

«Біз өзіміздің отандық кәсіпкерлер тарапынан ішкі туризмді дамытуға қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Алайда қайсыбір облыстың туристік әлеуеті туралы ақпараттың жоқтығы секілді проблема бар. Сондықтан, осындай роуд-шоуларды ұйымдастыру арқылы біз осы олқылықтың орнын толтырып, бізде де, Қазақстанда жақсы демалуға болатынын көрсеткіміз келеді. Өз тарапымыздан, біз алаң ұсынып, инвестиция тартуға көмек бере аламыз», – деп айтып берді Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Арыстанбек Ысқақов.

Кездесу соңында атыраулық кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға бүгінгі таныстырылым үшін алғыс айтып, Оңтүстік Қазақстан туристік әлеуеті туралы ақпарат туралы жаңа, пайдалы ақпарат білгенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер