«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысы Алматыға азық-түлікті тікелей жеткізеді

2016 жылғы 13 Шілде
- Алматы қаласы
8994 просмотров

Тараптар азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізу жайлы меморандумға қол қойды  

Алматы қаласы мен Ақтөбе облысы арасындағы өңіраралық кооперация шеңберінде өткен ынтымақтастық жөніндегі мәжілісте өзара жеткізу жайлы меморандумға қол қойылды. Жобаны жүзеге асыру барысында Алматыда шағын көлемде әкелінетін 86 тауардың импортын қысқарту күтілуде. Ірі қалаға ірімшіктің, құс етінің, шұжық өнімдерінің және сары майдың жартысы осындай жолмен әкелінеді. Қала билігі өндірістік қауіпсіздікті сақтай отырып, ел ішіндегі барлық қажетті тауарды отандық өндірушілердің өздері шығару керектігін айтады.  

«Бүгінгі көрмеде Ақтөбеде өндірілген, сапалы өнім көрдік. Алматы 3 трлн теңгенің өнімін тұтынады, импорттайды, олардың ішінде азық-түлік тауарлары – 300 млрд теңге, аяқ киім – 51 млрд теңге, жиһаз – 23 млрд теңге. Яғни импортты алмастыруға арналған зат, шикізат өндірісте жеткілікті, артық жиналып қалғаны тіпті көп. Алматы мен Ақтөбе облысы ешқашан бәсекелес болып көрген емес, біз біртұтас қазақстандық кластердің бөлігі болып табыламыз. Біздің өндірушілер бұл көлемді алмастырып қана қоймай, экспорттқа шығуы тиіс. Бұл үшін тәжірибе алмасу керек. Жалпы қазақстандық өнім саясатын күшейтпекшіміз, «Атамекен» ҚР ҰКП-мен бірлесіп, бұл бағытта жұмыс істейміз», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Аукенов.

Кездесу барысында ақтөбелік тарап Алматыдай ірі қалаға сүт, ет, балық, тәтті тағам өнімдерін жеткізуге дайын екендіктерін білдірді.   

«Бидай құрамында  ұлпаның мол болуы – біздің артықшылығымыз. Дәннің, ұнның, макарон, нан-тоқаш өнімдерінің сапасы жоғары болуы да осыдан. Біздің етіміз барлық халықаралық талаптарға сай, экспортқа бейімделген. 30 млн егіс алқабы шаруаларға мол мүмкіншілік береді. Құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарымыз да көп. Осы кездесуден кейін Алматыдан да тың нарықтар табылар. Қуатымыз да, малымыз да бар, бірақ Ресей және басқадай бірқатар елдерге экспорттауды соңғы уақыттағы оқиғаларға байланысты тоқтата тұрамыз. Осы көлемді оңтүстік астанаға  жеткізуге дайынбыз. Сонымен қатар облысымыз көмірсутек шикізатына бай, газымыз арзан, соның нәтижесінде өзіндік құны төмен бәсекеге қабілетті өнім бар. Алматылықтармен ынтымақтасуға дайынбыз», – деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев.

Өнімді өндірушіден сатып алушыға дейін делдалдық жүйеге тәуелді болмай тікелей сату азық-түлік тауарлары  бағасын едәуір төмендетеді. Осылайша Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандық қамту үлесін ұлғайту, өңірлер арасындағы өзара тауар алмасу және халықты отандық өндірістің қолайлы бағалары бар сапалы өніммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру жалғасуда.

Кездесу соңында ақтөбелік тауар өндірушілер «Рахат» кондитерлік фабрикасын, «Ақсай» нан-тоқаш комбинатын, «Magnum Cash&Carry» және «Carrefour» супермаркеттерін аралап көрді.

Еске сала кетейік, бұл – өңіралық кооперация жөніндегі сегізінші мәжіліс. Жалпы Қазақстанның барлық өңірлері қамтылады деген болжам бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер