«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алтын сапа: Жол салуда көшбасшы

2016 жылғы 12 Шілде
2742 просмотров

Былтыр Елбасының «Алтын сапа» сыйлығы «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында бас жүлдені иеленген, озық үлгілі шағын кәсіпкерлік субъектісі болып танылған Маңғыстау облысындағы «СФ Ынта» ЖШС айналасына сан қырынан мойындалуда.

Кәсіпорынның тікелей кәсіби қызметіне байланысты әріптестер жақтарының жағымды пікірлері мол. Мәселен, Мұнайлы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атынан түскен хатта ауыл жолдарын жөндеуде мердігер мекеме болған Болат Ережепов басшылық ететін кәсіпорынның жүргізген құрылыс жұмыстары аясында жер қабатын ретке келтіру, асфальт-бетон төсем, грейдер, жол қиылыстары іс-қимылдары көлемді түрде атқарылып, уақтылы әрі сапалы орындалғаны жеткізіледі. Сонымен қатар, «СФ Ынта» ЖШС мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар ашық байқауларда жеңімпаз атанып, газбен жабдықтау, электрмен қамту, коммуникация және байланыс желілерін қайта құрылымдау әрекеттерін жоғары дәрежеде жүзеге асырған. Себебі қызмет көрсетудің дамыған инфрақұрылымы және өндірістік базасы, ірі техникалық қоры, білікті кадрлардың кең ауқымы биік белестерді бағындыруға мүмкіндік беруде екен. Ақтау-Құрық теліміндегі 13-72 шақырымдардағы, Таушық-Шетпе жолындағы күрделі бүтіндеуде жер-тегістеу міндеттерінен бөлек, тиісті өңірдегі жетекші ЖШС ұжымы күшімен жол белгілері мен көрсеткіштері де орнын тапқан. Құрылыс қадамдарының жемісі халықаралық ИСО 2001-9001 сәйкестік сертификатымен расталып, мұндай сенім компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылатын өзіндік заманауи асфальт-бетон зауытымен нығайған. Тіпті логистикалық терминалды тұрғызу мен абаттандыруға да атсалысқан осы «ынталықтар».

Салауатты өмір салтын жанына серік еткен «СФ Ынта» ЖШС еңбеккерлері спорттық жарыстарда да белсенді. Оған көптеген мақтау қағаздары, алғыс хаттар сияқты марапат түрлері айқын дәлел. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де кәсіпорынның аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлесін бағалап, алғыстарын жаудыруда. Жоғары билік тарапынан Инвестиция және даму министрлігі, Сараптау және сертификация ұлттық орталығы және құрылыс саласындағы серіктестері, Зағиптар қоғамы компанияның көмегі үшін шынайы ризашылығын білдірген.

«СФ Ынта» ЖШС Маңғыстау облысы құрылыс нарығындағы басты жол-құрылыс кәсіпорындарының бірі. Кезінде 1978 жылдың 2 наурызында Ақтау-Қаламқас автожолын уақтылы салып біту мақсатында Жол-құрылыс басқармасы ретінде құрылған. Шағын футболдан өзінің жеке командасы жасақталып, әртүрлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер