Үздік жүргізуші анықталды
Дөң тау-кен байыту комбинатының жүргізушісі кәсіби шеберлік байқауынан алған жүлдесін Астана күніне арнады
Астана күнінің қарсаңында Хромтау қаласында «Казхром» ТҰК» АҚ МАЗ автомобилінің жүргізушілері арасында кәсіби шеберлік байқауы болып өтті. Ал компания тарихында бірінші рет байқауда тек жартыжылдық жұмыс өтілі бар жұмысшы топ жарды.
«Мен бірінші орын алып, ең үздік жүргізуші атанғаныма қатты қуаныштымын. Тәжірибе жүзіндегі тапсырма кезінде қатты қобалжыдым. Ұзақ уақыт бойы дайындалдық және бұл үшін автокөлік және механизмдер цехының жол қозғалысы инженері Ержан Күнтаевке көп рахмет. Ол бізден көмегін аямай, кеңестер айтып, дайындалуға жәрдемін берді. Мен өз жеңісімді Астана күніне және Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығына арнаймын», – деді бірінші орын жеңімпазы Асылан Нұрмаханов.
«Казмарганец» кен басқармасы, Дөң КБК, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарында ауыр жүк техникасын басқарудан күш сынасып, жеңіске жеткен кәсіби жүргізушілердің саны – жетеу. Байқау дәстүрлі түрде екі кезеңнен тұрды – теория және тәжірибе. Бірінші сынақ өндірістік өнеркәсіпте маңызы зор автомобиль жабдықтары, жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік техникасына қатысты сұрақтардан тұрды. Ал бұдан кейінгі практикалық кезең бұдан анағұрлым күрделірек болды. Онда байқау қатысушылары ирек жолмен алға жүру және керісінше жүру секілді тапсырмаларды орындады.
«Бүгін біз компанияның ең үздік жүргізушісін анықтадық. Теория да, практика да маңызды болды. Артқа жүру кезіндегі апаттық дабылды қосу, белдік тағу, маневрлерді орындаудағы жеделдік пен мүлтіксіздік – үздік жүргізушіні анықтауда басты көрсеткіш болып саналды. Себебі, шын мәнінде шынайы жұмыс кезінде осы көрсеткіштердің барлығы өндірістік қауіпсіздік сақтауда маңызды. Мұндай байқаулар әлеуетті әрі жоғары кәсіби жұмысшыларды анықтауға мүмкіндік береді», – деді «Казхром» ТҰК» АҚ еңбекті қорғау департаменті басшысының орынбасары Вячеслав Шариков. Байқау нәтижелері бойынша екінші және үшінші орындарды Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан келген Қанат Қаниев пен Дөң КБК-нан Серік Жұмағалиев иеленді.
Биыл «Казхром» кәсіби шеберлік байқауының жаңалығы ретінде оны жыл бойы түрлі аталымдар бойынша жүргізуі болып отыр. Бұған дейін ол бірнеше мамандық бойынша бір уақытта өтетін.
Биылғы жылдың наурыз айында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының базасында көпір кранының машинистері додаға түссе, шілдеде ДКБ-да «МАЗ» автомашиналарының жүргізушілері күш сынасты. Байқауды өндірістік шеберлер аяқтамақ. Оларға арналған байқау «Казмарганец» кен басқармасы базасында қазан айында өтпек. «Казхром» жүлделі орындарының иегерлері компания намысын ERG «Алтын Қор» беделді кәсіби шеберлік байқауында қорғайтын болады. Ол Еуразиялық топ кәсіпорындарының бірінде қазан айында өтетін болады.
Еске салсақ, кәсіби мамандарға арналған жыл сайынғы байқаудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтар беделін, Еңбек адамы дәрежесін, компания филиалдарының жұмысшылары арасында өнімділік пен ынтаны арттыру.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: