«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Президент сыйлығы – басты меже

2016 жылғы 05 Шілде
- Қызылорда облысы
6393 просмотров

Қызылордадан «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына 37 кәсіпкер қатыспақшы

Бұл туралы Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова айтты. Палата маманы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының облыстық шарасына қатысуға ниет білдірушілер қатарының биыл біршама артқанын жеткізді.

Мәселен, өткен жылы қатысушылар қатарында 25 кәсіпкерлік субъектісі болса, биыл 37-ге жеткен. Оның 13-і «Алтын сапаға», 24-і «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысуға өтінім білдіруде.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті БАҚ арқылы кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жасалып, кәсіпкерлермен өткізілген түрлі кездесулерде насихат шаралары жүргізілген екен. Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бизнес өкілдеріне жан-жақты әдістемелік көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, құжаттардың ереже талаптарына сай толтырылуы үшін Палатаның сарапшылары мен аудандық филиалдағы қызметкерлер барлық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барлық жағдайды жасауда.

Сонымен бірге, маусым айында «Атамекен» ҰКП қызметкерінің қатысуымен тегін арнайы оқыту семинары өткізіліп, оған 30-дан астам кәсіпкерлік субъектілері қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Биылғы жылы облыстық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы тамыз айының екінші онкүндігінде өткізіледі деп жоспарлануда.

Айта кету керек, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсын ұйымдастыру 2015 жылдан бері «Атамекен» ҰКП-на жүктелген.

Өткен жылы облыста өткізілген аталмыш шараларға 25 кәсіпкерлік субъектісі қатысып, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «УЮТ» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Арал тұз» АҚ жеңімпаз атанған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер