«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнеркәсіптік альпинизмге нақты заңдар қажет

2016 жылғы 05 Шілде
- Астана қаласы
12659 просмотров

Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Өнеркәсіптік  қауіпсіздік. Биіктікте жұмыс істеу кезінде еңбекті қорғау» тақырыбына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

Жеке қорғаныш заттарын өндіруші-компанияларға, өндіріс және құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы оқу өткізген Өңірлік палата, «Атамекен» ҰКП, «Alpin.kz» ЖШС сарапшылары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары, қазақстандық және ресейлік ұйымдардың өкілдері өнеркәсіптік альпинизм және биіктікте атқарылатын басқадай жұмыстарды заңмен реттеу қажеттілігіне байланысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында биіктікте еңбек ету қауіпсіздігі ұлттық заңнамамен тиісті түрде реттелмейтінін, соның салдарынан ҚР өнеркәсіптік альпинизм мемлекет тарапынан бақылаусыз қалып отырғанын атап айтты. Бұл дерек биіктіктегі жұмыстарды орындау сапасына теріс әсер етеді және қайғылы жағдайларға ұшыратады.

«Өмірлік маңызы бар бұл мәселе шұғыл шешуді талап етеді, сондықтан Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы оны бір жүйеге келтірді және «Атамекен» ҰКП орталық аппараты деңгейіне жеткізді. Белгілі бір нормативтік құжаттар бар, алайда олардың көпшілігі күн талабына сай орайластыруды, биіктікте жұмыс жасаудың осы заманғы технологиясын есепке алып толықтыруды талап етеді. Халықаралық сипаттағы дөңгелек үстел бұл мәселені шешу үшін жасалған тәжірибелік жұмыстың жалғасы іспетті», – деп атап өтті Алмат Жүнісов. 

«Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнес департаменті директоры Қайыр Ибраев халықаралық дөңгелек үстел барысында бизнестің бұл түрінің жалпы мүддесін танытатын, өнеркәсіптік альпинизм бойынша қауымдастық құруды ұсынды. 

«Өнеркәсіптік альпинизм нарығы – шамамен 1 млрд теңге. Бұл бір сала. Мемлекетіміздің экономикалық құрамдас бір бөлігі. Осыны реттегіміз келеді. Қазақстанда осындай қызмет ұсынуға даяр 8-10 компания бар. Біз оларды қолдаймыз», – деп қосты  Қайыр Ибраев.

Ол сонымен қатар бұл саладағы қауіпсіздіктің  жалпы ережелерін  жасауды көздейтін, Инвестициялар және даму министрлігі әзірлеген құжат ҚР Мәжілісінде жатқанын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар биіктікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелеріне міндетті мамандандырылған оқытуды енгізу қажеттігі жайлы қадап айтты. Олардың сөздеріне қарағанда, бүгінде  оқу орындары бұл салада сапалы білім беру қызметін ұсынуға дайын емес, өйткені оқу жоспарлары жоқ, әдістемелік және бағалау материалдары, аттестацияланған оқытушылар, т.б. жоқ. Өмірлері қыл үстінде тұрған, биіктікте жұмыс істейтін мамандарды дайындау мен оқыту өте маңызды деді олар.

Кездесу қорытындылары бойынша  өнеркәсіптік альпинизм саласында саналуан қызмет көрсететін, сонымен қатар бүгінгі шараның басты ұйымдастырушысы «Alpin.kz» компаниясы, мәскеулік «Профессионал» арнайы оқу орталығымен «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және биіктікте еңбекті қорғау» декларациясына қол қойды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер