«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада жекеменшік балабақшаларға арналған мемлекеттік дотациялардың мөлшері ұлғайтылды

2016 жылғы 04 Шілде
- Астана қаласы
9460 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында жекеменшік балабақшаларды дамыту және бизнестің осы түріне мемлекет пен ӨКП тарапынан қолдау көрсету шаралары жөнінде «дөңгелек үстел» өтті

«Дөңгелек үстел» барысында Палата, Қазақстанның Мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығы және Астана қалалық білім беру басқармасының өкілдері Астана қаласы жекеменшік балабақшаларына арналған жанбасылық қаржыландырудың мөлшерін ұлғайту жөнінде жүргізілген жұмыстар туралы айтты.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов осы салада қызмет жасайтын қала кәсіпкерлерінің өтінішіне сәйкес, жекеменшік балабақшаларды жанбасылық қаржыландырудың бекітілген мөлшері 15 900 теңге сомасында екенін, ал 23 000 теңге сомасындағы ата-аналар төлемақысы шығындарды жаба алмайтынын және бұл олардың көрсететін қызметтерінің сапасынан көрініс табатынын мәлімдеді.

Қала бизнесмендерінің өтініші бойынша, «Атамекен» ҚР ҰКП мен Кәсіпкерлер палатасы тиісті жұмыстар жүргізді, сөйтіп Астана қаласы жекеменшік балабақшаларына арналған бір тәрбиеленушіге есептелген жанбасылық қаржыландырудың мөлшері мен ата-аналар төлемақысы «Балапан» бағдарламасын іске асыру басталғалы бері қайта қаралмағаны және Қазақстандағы ең төменгі мөлшердің бірі екендігі анықталды.

«Жекеменшік балабақшаларға арналған жанбасылық қаржыландыру мөлшері Астанада 2012 жылдан бері өскен жоқ. Осы аралықта Қазақстанның басқа қалаларында жанбасылық қаржыландыру және ата-аналар төлемақысының сомалары жыл сайын қайта қаралып, көтеріліп отырды. Мысалы, Қарағанды облысында жанбасылық қаржыландыру мөлшері 2010 жылғы 10 825 теңгеден 2016 жылы 17 000 теңгеге дейін көтерілген, ал ата-ана төлемақысы, сәйкесінше, 12 175 теңгеден 18 800 теңгеге өскен. Павлодар облысында ол 2013 жылғы 15 000 теңгеден 2016 жылы 19 100 теңгеге, Алматы облысында – 2010 жылғы 10 700 теңгеден 2016 жылы 21 668 теңгеге дейін өскен», – деді Бауыржан Бейсенов.

Осы бір әлеуметтік маңызды мәселенің мәнін ескере отырып, ол Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің 15-ші отырысының күн тәртібіне енгізілді. Кеңес құрамына астаналық Прокуратураның, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің өкілдері, сондай-ақ жетекші бизнес-қауымдастықтар өкілдері, танымал заңгерлер мен құқықтанушылар, қоғам қайраткерлері кіреді.

Аталмыш дерекерді назарға ала отырып, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің мүшелері ҚМҰҚ-ның жанбасылық қаржыландырудың мөлшерін 23 000 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысын бірауыздан қолдады және Астана қаласы әкімінің атына аталған бастаманы қолдауды сұраған хат жолдады.

Одан бөлек, аталмыш мәселеге орай Астана қаласы әкімдігі қаулысының жобасын келісу кезінде Палата сарапшылары жекеменшік балабақшаларына арналған жанбасылық қаржыландырудың мөлшерін бір тәрбиеленушіге есептелген 15 900 теңгеден 23 000 теңгеге дейін көтерудің ойға қонымдылығы туралы өз ескертпелерін енгізді.

«Бүгін біз Сіздерге астаналық әкімдіктің, білім беру басқармасының, астаналық Кәсіпкерлер палатасының және бизнестің ынтымақтастығы мен ашық сұхбаттастығының арқасында осы әлеуметтік маңызды мәселенің оң шешілгенін қуанышпен хабарлаймыз. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жекеменшік балабақшаларына арналған жанбасылық қаржыландырудың мөлшері бір тәрбиеленушіге есептелген 15 900 теңгеден 23 000 теңгеге дейін ұлғайтылатын болды», – деді Бауыржан Бейсенов.

Қазақстанның Мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова ҚМҰҚ мүшелері атынан Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына, «Атамекен» ҰКП-на және астаналық әкімдікке осы проблемалық мәселені шешуге көмек көрсеткендері үшін  алғыс айтты. Оның айтуынша, бұл мәселені Қауымдастық соңғы үш жыл бойы көтеріп келе жатыр және ол кәсіпкерлер мүдделерінің тиімді шешімін тапқанының көрінісі болып табылады.

Бауыржан Бейсенов, сондай-ақ, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының 2,5 жылдық қызметі барысында бизнестің 700-ден астам проблемалық мәселелері туралы өтініштер келіп түскенін баяндады. Олардың әрбір екіншісі кәсіпкерлердің пайдасына, оң шешілген. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары 3 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер