«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тараз бизнесмендерінің мәселелері кеңесте қаралды

2016 жылғы 30 Маусым
- Жамбыл облысы
9587 просмотров

Жол-құрылыс компанияларының мәселелері «Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес пен Жамбыл облысы  Кәсіпкерлер палатасының  отырысында қаралды 

Мәжіліс «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымов пен Қазақстан кәсіпкерлері  құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың қатысуымен өтті.

Миллиард тұратын жол

Кеңесте жергілікті шенеуніктердің іс-қимылдары салдарынан 9,5 миллион теңге мөлшерінде зиянға ұшыраған құрылыс компаниясының ісі қаралды.    2016 жылдың 5 айы ішінде мемлекеттік сатып алу саласында келісім-шарттық міндеттерді орындау бойынша ӨКП жүргізген талдау Жамбыл облысы  әкімдігі  Құрылыс, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы 19 кәсіпкермен жалпы сомасы 2 миллиард 810 миллион теңгеге 52 нысандағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу жүргізу туралы келісім-шарттар жасалғанын көрсетті. Жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу жүргізуді талдау барысында кәсіпкерлердің құқығын таптайтын заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі сарапшысы Берік Мырзахметов  әңгімеледі.

Мысалға, 88 миллион теңге сомаға автожолды орташа жөндеу жүргізу бойынша конкурс жеңімпазы болған «KATSA» ЖШС мынадай келелі мәселеге кезікті.

Келісім-шартқа сәйкес мердігерге тапсырыс беруші жобалық-сметалық құжаттама берді, мұнда «Қоршаған ортаға әсерді бағалау»  бөлімі  және  ЖСҚ арналған экологиялық сараптау жоқ. Сонымен бірге тапсырыс беруші бұл бөлімді аяқтап, істі бітіруден және мемлекеттік сараптау алудан бас тартты. Кәсіпкер айыптық санкцияларға ұшырамау үшін  мұны өз есебінен істеуге мәжбүр болды. Алайда тапсырыс беруші жабдықтаушы/өнім берушінің қосымша  шеккен шығыстарының орнын толтырып, өтеуден  бас тартты, айтар уәжі – автомобиль жолдарын  орташа жөндеуге арналған ЖСҚ  экологиялық сараптау жүргізуді талап етпейтін  ведомстволық сараптамадан өтеді.  

«Бұл бұзушылық тапсырыс берушінің және  ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік инфрақұрылымды дамыту комитеті тарапындағы ведомстволық сарапшының кінәсінен болды, олар ҚОӘБ бөлімінің әзірлеместен, экологиялық қорытынды ұсынылмаған ЖСҚ қабылдап, мақұлдаған»,– деп санайды сарапшы.

Жүйелі сипаттағы бұзушылық салдарынан кәсіпкерлер  шамамен  9,5 миллион  теңге  шығынға ұшырады.

Кеңес Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасына Жамбыл облысы Құрылыс, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ЖСҚ әзірлеу кезіндегі іс-қимылдарында  заң бұзушылық бар екенін айтып, прокуратураға шағымдануды ұсынды.

Бизнестен айыра көрмеңдер!

Кеңесте талқыланған келелі мәселелердің бірі – кәсіпкерлер Зураб Джанашия  мен Антон Алимовтың бизнесін заңсыз тартып алу (рейдерлік) бойынша жасалған қоқан-лоққылар.    

Бұл жайлы «Атамекен» ҚР ҰКП құқықтық қорғау департаменті директоры Олег Савеленко  егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Оның сөздеріне қарағанда, ҚР 2011 жылдың 11 қаңтарындағы заңы негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (ескі редакциясы) 226-1 – рейдерлік жаңа бабымен толықтырылды.  Бұл норма 2015 жылы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа енгізілген ҚР  Қылмыстық кодексінде де бар. 

«Алайда, тәжірибе көрсеткендей, заңның бизнесті қорғауға бағытталған бұл нормасы тиісті түрде жұмыс істемейді, мұны кәсіпкерлерден «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына түсетін шағымдар мен статистика айғақтайды», – деп атап өтті ол. 

Олег Савеленко осы жағдайды нанымды дәлелдейтін статистика келтірді:  

–  2015  жылы рейдерлік бойынша өндірісте тұрған 8 қылмыстық істің тек 1-уі  ғана  сотқа жіберілген;

–  2014жылы мұндай 3 қылмыстық істің 2-уі  сотқа жіберілген;

– 2013 жылы рейдерлік туралы өндірісте тұрған 2 қылмыстық іс сотқа жіберілмеген.

«Біздің пікірімізше, бұл мәліметтер осы санаттағы істер бойынша нақты  сот-тергеу тәжірибесінің жоқ екендігін көрсетеді, соның салдарынан белгілі бір тұлғалар бизнесінен заңсыз айрылады»,– деді ол. 

Ол екі мысалға тоқталды. Мәселен, Ұлттық палатаға «Компания Астана Самсон Трейд» ЖШС  құрылтайшысы Зураб Джанашия өз құқықтарын қорғауды сұрап шағымданды. Бизнесменнің айтуынша, ол басқа құрылтайшы А.Сабазов екеуі үшінші құрылтайшы  Б.Келесова және осы ЖШС директоры  О.Абдраимовтың, сондай-ақ Жамбыл облысы мемлекеттік органының заңға қарсы әрекеті салдарынан өз мүліктерінен заңсыз айрылған. З.Джанашияның сөздеріне қарағанда, Б.Келесова мен «Компания Астана Самсон Трейд» ЖШС   О.Абдраимовтың атынан жасалған бейбіт келісім 2014 жылы қарашада Тараз қалалық соты ұйғарымымен бекітілген, оның шарттары бойынша кәсіпорынның барлық мүлкі – әкімшілік және өндірістік үйлер 46 миллион 326  мың теңге мөлшеріндегі қарыздың шотына берілген. Бұл кәсіпорында ешқашан жұмыс істемеген З.Джанашия мен К.Касымова атынан аталған соманы алу туралы кірістік түбіртектер сотқа талап-арыз түсіруге  негіз  болған.  Кәсіпкер бұл туралы 2015 жылы ғана білген. Ол бірнеше мәрте  сот тәртібімен актіге дауласып бақты, Жамбыл облысы ІІД әлі күнге дейін қисынды шешімін таппаған қылмыстық іс  жүргізді.

Кеңес «Атамекен» ҚР ҰКП-ға  Б.Келесова мен «Компания Астана Самсон Трейд» ЖШС директоры О.Абдаримов арасындағы бейбіт келісім жасау туралы сот актілерінің қаншалықты заңды екендігін анықтау үшін, сондай-ақ облыстың Ішкі істер департаменті іс-әрекетінде З.Джанашияның өтініші бойынша қылмыстық іс жөніндегі заңдылықтың  сақталуын айқындау үшін ҚР Бас прокуратурасына шағымдануды ұсынды. 

Бұл іс бойынша Кеңес барлық тарапты тыңдады. Ғани Қасымов бұл  жай мәселе  емес, Жамбыл облысы ІІД іс-әрекеті мүлдем түсініксіз деді.  Кеңес «Атамекен»  ҚР ҰКП-на, ҚР Бас прокуратурасына Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің З.Джанашияның өтініші бойынша қозғаған қылмыстық ісін қадағалауды сұрап  талап-арыз ұсынсын»  деген қарар қабылдады. 

Басқа кәсіпкер – Ресей Федерациясы азаматы Антон Алимов 50% үлеспен Астана қ. тіркелген «Эколос-Азия» ЖШС-да үлескер болып табылады, ол  үлесті қайта бөлгенде, бас директор қызметінен заңсыз айрылдым деп есептейді. 

Өтініштен белгілісі, осы серіктестіктің басқа құрылтайшысы А.Гулин  қатысушылардың жалпы жиналысы хаттамасын қолдан жазу арқылы өзінің үлесін 85%-ға дейін ұлғайтып, «Эколос-Азия»  ЖШС қаржысын иемдену үшін, өзін кәсіпорынның басшысы етіп тағайындайды.

ҚР ҰКП А.Алимовке  кеңестік-құқықтық көмек көрсетті,  нәтижесінде кәсіпкер сотта өзінің хақысын дәлелдеді, А.Гулиннің жоғарыда аталған мәмілелері негізсіз деп танылды. Сонан соң А.Алимов А.Гулинді қылмыстық жауапкершілікке тартуға жәрдемдесуді өтінді. Бұл өтініш Астана қ. Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді, ол өз кезегінде өтінішті Астана қ.  ІІД  жолдады. Алайда ҚР ҰКП-нің  А.В. Алимовтың өтініші бойынша ақпарат беру туралы бірнеше мәрте жолдаған хаттарына аталған құқық қорғау органы селт етпеді, осы уақыт ішінде жауап берілмеді.

Кеңес «Атамекен»  ҚР ҰКП-на  осыған байланысты А.Алимовтың өтініші бойынша Астана қ. Ішкі істер департаменті қабылдаған шешімнің заңдылығын  тексеру туралы Астана қ. прокуратурасына шағымдануды ұсынды.

Кім жалға алса, сол шешеді

Сонымен қатар Кеңес қазақстандық бизнесмендердің көкейін тескен  мәселе – мемлекеттік мекемелердегі асханаларды жалға алу құнын көбейту мәселесін талқылады. Егер бұрын кәсіпкерлер асханаларды 300 мың теңге төлеп жалға алса, қазір бұл сома 5 миллионға дейін өскен. ҰКП араласқан соң бұл сома  3,5 миллионға төмендеген.

Кеңес төрағасы Ғани Қасымов бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовтен осы мәселеге араласуды өтінді: «Бұл шешімнің күшін жою керек. Көкейдегі осы  келелі мәселеге араласу қажет».

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өзінің нарықтық қатынастарға жақ екендігін айта отырып, «жалға алу ақысын  кәсіпкерлердің өздері реттесе, ең жақсы шешім сол болар еді» деген пікір білдірді. «Егер  кәсіпкерлерге тендерге қатысумен қатар жалға алу құнын ұсыну мүмкіндігі берілсе,  мәселе оңынан шешілер еді»  деді ол. Бизнес-омбудсменнің пікірінше, Кеңесте отырып алып, шешім қабылдауға, жалға алудың кесімді ақысын белгілеуге болмайды. «Қала кәсіпкерлері үшін қалыпты сома болғанымен,  аудандық кәсіпкерлер үшін бұл сома өте  қымбат»,– деп қосты ол.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер