«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғани Қасымов: «Біз бизнестің қордаланып қалған проблемаларын шешуіміз керек»

2016 жылғы 30 Маусым
- Жамбыл облысы
8938 просмотров

Өңірлік палаталардың құқықтық бөлімдерінің жұмысы бизнестің барлық субъектілеріне қатысты өзекті проблемаларға бағытталуы керек

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымов айтты.

Тараз қаласында өткен Кеңес отырысына Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов те қатысты.  

Отырысты ашу кезінде Ғани Қасымов барлық қаралып отырған мәселелер жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Мәселен, 2014-2015 жылдарға арналған Өңірлердегі автобуспен жолаушыларды тасымалдауды субсидиялау ережелерін қолдану тәжірибесі мәселесімен Қазақстанның барлық автотасымалдаушылары бетпе-бет келген.

«Атамекен» ҚР Ұлттық палатасы құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың айтуынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан өңірлік палаталарға автобуспен жолаушыларды тасымалдауды субсидиялау тәжірибесіне қоғамдық бақылау орнатуды қамтамасыз ету тапсырылған. Бақылау барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталып отыр, олардың бірі – тасымалдаушылар шығындарын өтеудің қарастырылмағандығы.

«Бұл проблема елдің барлық өңірлерінде бар, – деді ол. – Бүгінгі күні бұл мәселе тек Алматы қаласында ғана оң шешімін тауып отыр».

Жамбыл облысы аумағында  жолаушылар мен жүктер тасымалын жүзеге асыратын 28 автокәсіпорын тіркелген. Облыстағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялау тек үш бағыт бойынша жүзеге асады, олар: Шу–Мойынқұм–Ақбақай, Тараз–Шығанақ және Жаңатас–Жайлаукөл. Облыс орталығында (Тараз қ.) жергілікті атқарушы органдар жолаушыларды тасымалдауды субсидияламайды.

Бұл тұста Тараз қаласы әкімдігінің қаулысымен қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен және тегін жүру құқығы бар тұрғындардың жеке топтары анықталғанымен, қаржыландыру көзі белгіленбеген және тасымалдаушылармен шарт жасалмаған. Яғни, іс жүзінде бұл шығындардың барлығы жамбылдық автотасымалдаушылар мойнына артылып отыр.

Бұған дейін ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес осы мәселені реттеу үшін құрамына жергілікті атқарушы органдар, ӨКП өкілдері, ауған соғысының қатысушылары және өзге де қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін жұмыс тобын құрған еді. Хронометражды зерттеулер нәтижесі бойынша тасымалдаушылар шығынын өтеу үшін жеңілдікпен жүру құқығына ие тұрғындар топтарын тегінге ауыстыру өтемін қарастыру арқылы тарифті көтеру керектігі анықталған. Бұл жаңалықтың ҰСО қатысушыларына, оларға теңестірілгендерді санамағанда, көз ауруы бойынша 1 және 2-топтағы мүгедектерге қатысы жоқ. Бұл қорытынды Тараз қаласы әкімдігіне ұсынылған тұрғындардың жекелеген топтарын тасымалдауға субсидия төлеуге бюджет қаражатын қарастыру ұсынысымен бірге Жамбыл облысы әкімінің қарауында жатыр.

Тараз қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовтың айтуынша,  қалалық мәслихаттың таяудағы сессиясында кәсіпкерлер шығынын субсидиялауға қажетті 40 миллионға тарта бюджеттік қаражат бөлу мәселесі қаралмақ.

Жамбыл облысындағы бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынастарының проблемалық мәселелері туралы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орныбасары Қайрат Сыдықов айтып берді.

Мысалы, Жамбыл облысы Өңірлік палатасына «Тілебай-баба» ЖШС директоры Арыстан Тілебаев өтінішпен келген. Оның айтуынша, осы жылдың мамырында Меркі ауданының қаржы бөлімі «Жұлдыз» КМКҚ мүліктік кешенін сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша тендер өткізілген. Тендер жеңімпазы болып «Тілебай-баба» ЖШС танылған. Сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы хаттаманы сол күні-ақ бекіткенімен, құрылтайшы заңнамада көрсетілген мерзімде сенімгерлікпен басқару туралы шартқа қол қоюдан жалтарған. Ал 11 күннен кейін Меркі аудандық әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы бұл тендер қорытындылары туралы хаттаманы алып тастау туралы бұйрық шығарды. Негіздеме ретінде ол бұған дейін Меркі ауданы прокуроры шығарған қарсылыққа сілтеме жасаған, онда мүліктік кешенді бағалау кезінде бұзушылықтар орын алғаны туралы жазылған. Алайда, шын мәнінде тек нұсқау сипатына ие қарсылықта сенімгерлікпен басқару шартына қол қоюға тыйым салу туралы айтылмаған. Тендер қорытындыларын жарамсыз деп танудың негіздемелері мен осы істің барлық құжаттарын зерттей келе, Палата сарапшылары Меркі аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғалары өздеріне берілген құқықты асыра пайдаланып, заңнамадағы талаптарды бұзған деген қорытындыға келді. Заңсыз іс-қимылдар нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келген.

«Аталған өтініш бойынша ӨКП аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларының лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалануына (теріс пайдалану) қатысты тексеріс жүргізуді сұрап Меркі ауданы әкімдігіне және Жамбыл облысы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаментіне хат жолдаған. Мұнымен қатар, ӨКП соттық талап арыз жобасын даярлады, – деді Қайрат Сыдықов. – Бүгінгі күні Меркі аудандық прокуратурасы Мемлекеттік қызметкерлер әдебі жөніндегі кеңеске мемлекеттік қызметкерлердің беделін түсіретін әрекеті үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау туралы ұсыныс тасталды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаменті Жамбыл облысы қаржылық бақылау инспекциясын тарту арқылы тендерді өткізудің заңдылығына тексеріс жүргізу бекітілген».

Меркі ауданының әкімдігі өкілінің және облыстық прокуратураның айтқан дәлелдерін тыңдаған Ғани Қасымов қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.

«Бұл мәселеге қатысты жеке жиналып, шешім шығару керек», – деді ол. – Бұл жеті рет өлшеп, бір рет кес дейтін жағдай».

Назарға алынған тағы бір мәселе – «Қарымсақов А.Т.» ЖК өтініші.

Кәсіпкер Арман Қарымсақов Өңірлік палатаға 89 мың теңге көлеміндегі соманы қайтаруға көмек сұрай жүгінген. Ол былтырғы жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Лашын» футбол клубы» КМКҚ мүліктік кешенінің сатылымы бойынша электронды аукционда жеңімпаз деп танылғанын айтты. Бұдан кейін ол Жамбыл облысы әкімдігі қаржы бөлімімен сатып алу-сату шартын жасаған. Кейіннен барып, ол мүліктік кешенді қабылдау актісінен «Лашын» клубының 16 миллион теңгеге тең несиелік борышы бар екенін көрген. Бұл сома 2014 жылға арналған айыппұлдар мен өтінімдік төлемдер есебінен туындаған. Яғни, дене шынықтыру және спорт басқармасы қарыз туралы білсе де, бизнесменге ол туралы айтпаған.

«Осылайша, сатушы мен теңгерімде ұстаушы нысандар жөніндегі деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету секілді жекешелендіруді өткізудің қағидасын бұзып отыр», – деді Қайрат Сыдықов.

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мүддесі атынан сотқа электронды аукцион нәтижелерін жарамсыз деп тану және 89 мың теңге көлеміндегі төлемді қайтару туралы арыз талап берген. Нәтижесінде Жамбыл облысы Ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен арыз талап қанағаттандырылды.

2016 жылдың басынан бері Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасына құқықтық мәселелер бойынша 89 шағым келіп түскен. Шағымдардың көбі (15) жер қатынастарына қатысты болған. Облыс аудандары мен тұрғындарды қатты мазалап отырған, 2015 жылға арналған асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөнінде субсидиялар сомасының толық төленбеу мәселесі жиі келіп түскен.

Кәсіпкерлер палатасына 2015 жылға арналған субсидияларды толық алмаған шаруа қожалықтары келген. Мәселен, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын Талас ауданының «Әбдір» ШҚ басшысы Нұржан Мылтықбаев  соңғы екі жыл ішінде әр ірі қара аналық мал басы үшін төленетін 18 000 теңге көлемінде белгіленген нормативтің орнына әр аналық мал басы үшін 13 000 теңгеден алған.  Осы сияқты былтыр Байзақ ауданының «Жафар» ШҚ да –  670 319 теңге, Т.Рысқұлов ауданының «Мұқағали» ШҚ – 600 000 теңге, «Бай-Ару» ШҚ – 575 000 теңгесі алынбай қалған. Жеке кәсіпкер Дүкенбаева Балгүлге де аналық мал басы үшін субсидияның 70%-ы ғана беріліп, отандық асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға төлем беруден толықтай бас тартқан. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, өнім өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау ережелерін бекіту туралы» ҚР АШМ бұйрығы бойынша дәл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту субсидиялаудың басым бағыты саналады. Қаражат жетпеген жағдайда, комиссия, жетпеген қаражатты басымдығы төмен бағыттардан анағұрлым маңызды бағыттарға қайта бөлу туралы ұсыныс тастайды.  Бұл Ережелерде, сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен ірі қара малдың аналық басымен селекциялық және тұқымдық жұмыс жүргізуді субсидиялау тәртібі де айтылған.

«Субсидияларды төлеу тәртібін реттейтін нормативті актілерді зерттей отырып, Кәсіпкерлер палатасы бұл шағымдарды Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына тексеріс жүргізуді ұйымдастыру үшін  Жамбыл облысы прокуратурасына жіберді», – деді Қайрат Сыдықов.

Облыс прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижелері бойынша басқарма басшысының атына аты аталған шаруа қожалықтарына субсидиялардың қалған бөлігін төлеу және заңның бұзылуына жол берген айыпты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу туралы ұсыныс тасталды. Нәтижесінде 2015 жылы субсидияларын толық алмаған 357 қожалыққа 138 253 017 теңге көлемінде қаражат берілді. Ал ауылшаруашылық басқармасының жауапты тұлғасы тәртіптік жазаға тартылды.

Алайда бұл мәселе толығымен шешілді деген сөз емес. Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов мынадай көңілсіз деректер келтірді: «Мысалы, асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау проблемасы бойынша 2014 жылы – 329 млн теңге, 2015 жылы – 800 миллионнан астам қаражат жетпей қалған, ал биыл 2 миллиардқа тарта соманың жетіспеушілігі туындайды деп күтілуде». Оның айтуынша, субсидиялау бағдарламасына қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді, сәйкесінше, қаражатқа деген сұраныс та бірге өсуде. Шешім – қосымша қаражат бөлу. Ауылшаруашылық министрлігі бұл проблеманы біледі, қазіргі таңда қосымша қаражат бөлу мәселесі шешілуде.

Сондай-ақ проблеманың тағы бір аспектісі қозғалды, ол – жоғарыда айтылған Субсидиялау ережелеріне сәйкес биылғы жылы тек өткен жылдың төртінші маусымындағы қарыздар ғана қайтарылады, яғни, былтырғы жылғы толық сома емес.

«Шаруа қожалықтары Ережелер және осы секілді т.б. түсінуге уақыт жұмсамауы керек. Олар бізге ет, сүт өнімдерін беруі керек. Ережелерді толықтыру, өзгерту қажет. Адамдар сенім білдіреді, мемлекет қолдайды, олар несие алып, қарызға батады, содан соң барып субсидиялар берілмейтінін біледі. Бұл мәселені бақылауда ұстаңыздар, оған қайта келеміз», – деп түйіндеді Ғани Қасымов.

Кеңесте айтылған әр мәселе бойынша ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғ.Қасымов жедел түрде шаралар қолданып, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартумен прокурорлық тексерістер өткізуді тапсырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер