«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық құбырдың озық тұсы көп

2016 жылғы 30 Маусым
2830 просмотров

Астана қаласындағы шыны-пластик құбырларын шығаратын отандық кәсіпорын экспорт аясын кеңейтуде

Ол туралы осы жобамен айналысатын «Amitech Astana» (Амитех Астана) ЖШС зауытында өткен баспасөз туры барысында мәлім болды.

Аталған шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырғанын айта кету керек.

Мұндағы көзделген мақсат – жүзеге асқан тың жобаларды мысалға ала отырып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер нарығына нақты қадам жасаған қазақстандық өндіріс ошақтарының жұмысын насихаттап, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің назарларына ұсыну. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін бақ сынайтын үміткерлердің расында бәсекеге қабілетті екендігін көрсету межеленді.

Баспасөз саяхаты кезінде «Amitech Astana» ЖШС бас директоры Ұлан Сәрсенқұлов журналистерге Flowtite шыны-пластик құбырлар жүйесінің толық өндірісін, сондай-ақ шикізат сапасы мен дайын өнімді өздерінің зауыттарының аккредиттелген зертханасында бақылау әдістерін таныстырды.

«Amitech Astana» ЖШС құбыр зауыты 2005 жылдың 20 сәуірінде іске қосылған. Құрылыс жобасы мен өндірісті пайдалануға беруді Қазақстан Даму банкі қаржыландырды. Осы уақытта кәсіпорын ҚДБ алдындағы несиелік қарызын толығымен өтеді және «ҚДБ-ның жүзеге асқан жобасы болып табылады».

««Amitech Astana» ЖШС құбыр зауыты - Мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тұсауы кесілген отандық тауар өндіруші нысаны.  Биыл 5 миллион доллардан астам сомаға құбыр әзірлеп үлгердік. Ішкі нарықтан тыс, көрші елдермен де ынтымақтастық орнаттық. Қазақстан Даму банкінің табысты іске асырылған жобаларынан саналамыз. Банк алдындағы қарызымызды, негізгі несие бар, операциялық шығындарды қосқанда, барлығын көп созбай жауып тастадық. Нәтижесінде тиісті қаржы институтынан Алғыс хат иелендік. Кәсіпорнымыз ҚР Президентінің «Алтын сапа»  сыйлығының шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша 2011 жылғы жүлдесін еншіледі. Озық технологияларға сүйенген райда, шикізатты тек ішіне бірқатар еуропалық серіктестеріміз кіретін сенімді көздерден аламыз. Осы орайда атап өтерлік жайт, қазақстандық құрамның «Amitech Astana» ЖШС өндірісіндегі үлесі 87 пайызды межелейді. Тек елдегі кәріз-тазарту жүйелері, суық әрі ыстық сумен қамтамасыз ету құбырлары Кеңес үкіметінен бері тозып тұрып, уақыт күттірмей ауыстыруды қажет ететіндіктен, өнімімізге сұраныс зор. Нарық ауқымы кең», - деп әңгімелеп берді Ұлан Сәрсенқұлов.

«Amitech Astana» зауыты ТМД аумағында шыны-пластик құбырларын шығарудан және сатудан көш бастап тұр. Мәселен, өз өнімдерін жергілікті нарықтан басқа, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанға тасымалдайды. Басқа да елдерге жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде.

«Өз өнімдерімізді тұрақты экспорттық тасымалдаудан басқа, өткізудің жаңа бағыттарын үнемі дамытып отырамыз. Нақ осы уақытта шыны-пластик құбырларын Грузия, Әзербайжан мен Арменияға, сондай-ақ РФ Шешен Республикасына жеткізу мүмкіндігін қарастырамыз», - деді «Amitech Astana» ЖШС бас директоры Ұлан Сәрсенқұлов.

Кәсіпорын қуаттылығы жылына диаметріне байланысты 60-тан 360 км құбырды құрайды, ал өндірістің диаметрлік қатары – 300-ден 3000 мм-ге дейін.

Flowtite маркалы құбырлар магистралды су құбырлары, кәріз суағарлары жоғары қысымды құбыр желілеріне, бүкіл әлем бойынша егістікті суғару жүйесіне, негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мұнай өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, химиялық және өзге де өнеркәсіп салалары үшін жасалынады.

Flowtite құбырлары ауыз су мен техникалық суды тасымалдау саласына да бекітілген.

Ішкі бетінің тегістігі, қажалуға төзімділігі, таттанбайтын және диаметрлерінің үлкендігі – Flowtite шыны-пластик құбырларының басқа құбырларға қарағандағы даралайтын қасиеттері.

Экологиялық таза және мүлде таттанбайтын ерекшелігі – электр-химиялық коррозиядан қорғауды, шойын және болат құбырларды монтаждаудағы сияқты ішкі жағын цементті-құмды оқшаулауды керек етпейді; жыл бойына монтаж жұмыстарын жүргізе беруге болады; салмағы жеңіл (болат құбырлардан 4 есе, темірбетон құбырлардан 10 есе жеңіл);

Шыны-пластик құбырларды тасымадау да оңай, құбырдың ішіне құбыр әдісімен кез-келген көлікпен тасымалдауға болады. Арзан, кәдеге жаратуда қарапайым, сапалық қасиеттері төзімді қазақстандық құбырлар 75 жылға дейін қызмет ете алады.

Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Алмат Жүнісов отандық тауар өндірушілерге Палата жүйелі түрде көмектесіп келе жатқанын айтты.

«Биыл Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы әкімдік жанынан, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның еншілес ірі компанияларымен жергілікті құрамды мониторингтеу жөніндегі сатып алу мәселесімен шұғылданатын комиссия ұйымдастырды. Комиссия жұмысының мақсаты квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен отандық тауар өндірушілер арасында өзара әрекеттестікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан басқа, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы екінші жыл «Атамекен» ҰКП қолдауымен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы мен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін байқау ұйымдастырып, өткізіп келеді. Байқауға еліміз аумағында тауар өндірумен және қызмет көрсетумен  айналысатын әртүрлі меншік нысанындағы ұйымдар қатыса алады. Осындай байқауларды өткізу Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен көбейтуге септеседі», - деп атап өтті Алмат Жүнісов.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер