«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық компаниялар сатып алуларды отандық өндірушілерден жүргізуге міндеттеледі

2016 жылғы 29 Маусым
8237 просмотров

Индустриялдық-инновациялық дамудың екінші мемлекеттік бағдарламасына «Атамекеннің» импортты алмастыру жөніндегі ұсыныстары енді

«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстандық индустрия институты» АҚ, ««NADLoC» жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, сонымен бірге салалық бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен импортты алмастыру жөнінде жұмыс тобының отырысы өтті.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қазіргі күрделі экономикалық кезеңге байланысты қазақстандық компаниялар өнімдерін ішкі нарықта ілгерілету үшін көп күш жұмсау қажеттілігін  атап айтты. Осыған байланысты Ұлттық палата қыруар жұмыс атқарып отыр. Мысалы, былтырдан бері түрлі салалардағы барлық ұлттық компаниялар мен отандық өндірушілермен ондаған кездесулер өткен. Әлтаевтың айтуынша, квазимемлекеттік сектор өкілдерімен меморандумдарға қол қойылғанына қарамастан, бизнес-қоғамдастықтардың оны орындауға қатысты наразылықтары бар.

«Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы нормативтік-құқықтық құжат тұжырымдамасын жасауда, онда импортты алмастыруға қатысып отырған кәсіпорындарға арналған нақты мемлекеттік қолдау шаралары жазылған», – деп хабарлады ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары. Оның сөзінше, тұжырымдама екі бағыттан тұрады: іс жүзіндегі отандық өндірушілерді қолдау (мемлекеттік, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар сатып алулары кезіндегі басымдық, өндірістік кооперацияларды дамыту) және тың инвестициялық жобаларды дамыту. 

Жұмыс бағыттарын анықтау үшін Палата квазисектордағы нақты тауарлар мен сатып алушыларды көрсету арқылы салалық бағдарламалар жасаған Ресей Федерациясының тәжірибесін зерттеген.

«Атамекен» ҰКП ИИДМБ-2-ні жүзеге асыру аясында отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту және ішкі нарықтағы сұранысты ынталандыруға қатысты тұстары бойынша ұсыныстар жасап шығарды. Мысалы, нақты тауар бағыттары бойынша импорт үлесін азайтудың сандық индикаторларын көрсету арқылы жол карталарын жасап шығару ұсынылып отыр», – деді Нұржан Әлтаев.  

Оның айтуынша, осы түзетулерді есепке ала отырып, Ұлттық палата салалық қауымдастықтармен бірлесіп, белгілі бір салалардағы жергілікті құрам үлесін арттыру жөніндегі нақты жұмыс жоспарды қарастырмақ. Кейін олар министр бұйрығымен бекітілетін болады. Мысалы, Палата жасаған салалық жол карталарында ұлттық компаниялар сатып алуға тиісті нақты тауарлар мен олардың көлемдері жазылатын болады.  

ҚР ҰКП  СЭҚ ТН (Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы) 10 сандық мағыналық коды деңгейінде негізгі үш факторларының негізінде басымдық берілген тауарларды анықтаған. Олар: импорт тауарлардың көлемі, бұл тауарлардың отандық өндірушілерінің болуы (бұдан ары – ОТӨ) және экономикалық мақсаттылық.

Импортты алмастыруға анағұрлым әлеуетті 102 тауардан тұратын тізім жасалған. Мысалы, мұндай тауарлар металлургияда – 17, химия өнеркәсібінде – 8, машина жасау өнеркәсібінде – 27, жеңіл өнеркәсіпте – 12, тамақ өнеркәсібінде – 9, қаптау өнеркәсібінде – 6, құрылыс материалдары өндірісінде – 16. Сонымен бірге, Ұлттық палата тиісті ЖШС-мен бірге басымдық берілген тауарлардың негізгі тұтынушыларын сәйкестендіру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік компаниялар сатып алуларын талдаған. ҚР өнеркәсіптік тауарларды тұтынудың жалпы көлемі 23 220 млрд теңгеге тең болған, олардың 45%-ы отандық тауарлардың үлесіне, ал 55%-ы импортталатын тауарлар үлесіне тиесілі.

Импортты алмастыруға қатысты жасалып жатқан қадамдар аясында 2020 жылға қарай мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алуларындағы жергілікті құрам үлесін арттыру есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі импорт үлесін 25%-ға дейін азайту, сонымен бірге өнеркәсіптік кооперацияны дамыту көзделіп отыр.

Әлтаев, сонымен бірге, салалық бизнес-қоғамдастықтар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның маңыздылығын атап өтті. «Осыған байланысты біз салалық қауымдастықтар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өңдеу өнеркәсібінің мамандандырылған киім, аяқ-киім, тұрмыстық киім, құрылыс материалдары және т.б. секілді өнімдеріне деген қажеттілігін анықтау бойынша жұмысты бастады», – деді ол.

Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша «Атамекен» салалық бизнес-қоғамдастықтармен бірлесе «КИРИ» АҚ-на салалық жол карталары мен талап етіліп отырған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша импортты алмастыру жөніндегі қадамдарды есепке ала отырып ұсыныстар енгізетіні туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Ұлттық палата «КИРИ» АҚ-мен бірге ҚР Қаржы министрлігімен бірге ИИДМБ-2 аясында қаржыландыруды қазақстандық өнім сатып алушыларын несиелеу және көліктік шығындардың 40%-ын өтеу бағыттары бойынша ұсыну мәселесін қайта қарайтын болады. ҚР ҰКП «Казнекс-Инвест» АҚ-мен бірге сауда желілері мен отандық тауар өндірушілері арасында кооперацияны жолға қою мақсатында өндірушілер мен ритейлерлердің келіссөздерін ұйымдастыру мәселесін пысықтайтын болады. Сонымен бірге, отырыс қатысушылары отандық өндірушілер өнімдерін сатып алу кезінде туындайтын дауларды шешу процесіне бизнес-омбудсменнің қатысу мәселесін қарауды шешті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер