«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде құны 480 млн теңгеге тең спорт кешені ашылды

2016 жылғы 23 Маусым
- Ақтөбе облысы
13417 просмотров

Облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жаңа нысандар іске қосылуда

Ақтөбелік кәсіпкер, облыс Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі Зәмзәгүл Баймағамбетова ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай туған қаласына «Hammer» спорт кешенін сыйға тартты.

Оның салтанатты ашылу рәсіміне спорт ардагерлері, жергілікті бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, жастар қатысты.

Қонақтар облыста бұқаралық спорттың дамуына барлық жағдайлар жасалып отырғанын жеткізді. Жаңа нысандар салынып, спорт мектептері жөндеуден өткен, дене шынықтырумен айналысатын балалар саны да артып келеді.

Жергілікті билік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы спорт нысандарының құрылысы жөніндегі жұмыстарды да қарқынды атқаруда. Бүгін ғана пайдалануға берілген «Hammer» кешенінің мердігері, өңірдегі ірі кәсіпкерлердің бірі Зәмзәгүл Баймағамбетова МЖС арқылы 4 балабақшаны қалпына келтіріп, енді Неке сарайының құрылысына кірісті.

Еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Шымбай Снадиновтің айтуынша, Ақтөбе облысы әкімдігі мен өңірдегі осындай бей-жай қарамайтын кәсіпкерлердің арқасында Президенттің бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы жүзеге асып отыр.

«Бүгін біз осындай маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңа спорт нысаны қолданысқа еніп, онда жас та, кәрі де спортпен шұғылдана алатын болды. Елбасының саясатының арқасында және жергілікті биліктің қолдауымен біз спортты дамытуға мүмкіндік алдық, ұрпақтың мықты әрі дені сау болып өсуіне сеп болады», – деп ардагерлердің атынан кәсіпкерге құнды сыйлық үшін алғысын білдірді.

Бұдан кейін қонақтар ауданы 3800 шаршы метрге тең жаңа нысанды аралап шықты. Кешеннің 1-қабатында фитобар, екі бассейн, спа-салон, хамам-монша, фитнес-йога және таэквондо айналысатын залдар, жаттығу залы орналасқан. Ал екінші этажда футбол, волейбол, тенниске арналған залдар бар.

Кешеннің жалпы құны 480 миллион теңге. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер