«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Айыппұл төлемейтін болды

2016 жылғы 23 Маусым
- Қызылорда облысы
6402 просмотров

Кәсіпкерге қойылған талаптың негізсіз екені анықталды

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Маукенов «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның салған айыппұлына қатысты шағымданып, заңды мүддесін қорғауды сұрады.

ӨКП сарапшылары кәсіпкердің мәселесін зерттеп, бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Нақтырақ айтқанда, «Қызылорда су жүйесі» МКК кәсіпкердің есептеу құралында, өрт сөндіру гидранттарында қаптама белгі мен пломба жоқ деген акт толтырып, оған 123 180 теңге айыппұл салып кетеді.

«Бұл жағдайда, біріншіден, алғашқы пломбылау жүргізілмеуіне байланысты пломбалардың жұлыну дерегін келтіру негізсіз, екіншіден, «Қызылорда су жүйесі» МКК тарапынан «А.Маукенов» ЖК-ге қатысты ешқандай тексеру жүргізілмеген, сол себептен  су өлшеуіш торабын соңғы тексеру жүргізген және қызмет көрсетушінің өкілі қайта пломбалағанға дейінгі уақытты анықтау мүмкіндігі жоқ. Осы жайттарды ескере келе, орын алған заңсыздыққа қатысты шара қабылдау жөнінде облыстық прокуратураға ұсыныспен шыққан болатынбыз», – дейді Палатаның заңгері Аида Қайыпова.

Нәтижесінде, прокуратура тарапынан «Қызылорда су жүйесі» МКК-нің кәсіпкерге қатысты толтырылған актінің күші жойылып, су өлшеуіш құралына жаңадан пломба салынды және кәсіпкер 123 180 теңге көлеміндегі айыппұлды төлемейтін болды. Бұл жерде айта кететін мәселе бар, көбінесе осыған ұқсас мәселелермен шағын кәсіп иелері жиі кездесіп жатады.

«Біз кәсіпкерлерден түскен әр мәселені жіті зерттеп, құқықтық кеңестер береміз немесе мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, сот процестеріне қатысу арқылы шешу жолдарын қарастырамыз. Ең бастысы – барлық қызметтерді тегін көрсетеміз»,– дейді Аида Қайыпова.

Жалпы жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен құқығын қорғау жөнінде 105 өтініш түсіп, бүгінгі күнге дейін 30 кәсіпкердің заңды құқығы қалпына келтірілді. Кәсіпкерлер 100 млн теңгеден астам қаржысын сақтап қала алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер