«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Германиядан тың идеялармен оралды

2016 жылғы 20 Маусым
- Маңғыстау облысы
13481 просмотров

Шетелдік тағылымдама ақтаулық бизнесвумендердің бизнес-жоспарларға жаңаша көзқарасын оятты

Тағылымдама «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Айгүл Шәмпікова атап өткендей, «Іскерлік байланыстар» құралы бойынша шетелдік бизнес-тағылымдамаға қатысушылар үшін Қазақстаннан тағылымдама өтетін елге дейін және елге кері қайту ақысы мен тұрғын жай тегін. Тағылымдамадан өтушілер Қазақстан аумағындағы ғана көліктік шығындарды төлейді.

«Лау и К» ЖШС директоры Луиза Хамзатова мен жеке кәсіпкер Жәмилә Бектұрғанова іріктеуден қалай өтіп, кейін Германиядан нені түйіп қайтқандарын ортаға салды.

«Оқудың бірінші кезеңін былтыр он күндей үздіксіз дайындалып Ақтауда өткізгенбіз. Бізге Германиядан келген оқытушылар дәріс оқыды. Айта кетерлігі, олар ТМД-дан шыққан немістер екен. Одан кейін сырттай, онлайн режимде бес күн семинарларға, одан кейін соншалықты күн кеңес берулерге  қатыстық», – дейді Л.Хамзатова мен Ж.Бектұрғанова.

Бірінші кезеңнің нәтижелері бойынша олар Германиядан келген сарапшы комиссия өткізген іріктеуден өткен. Нәтижесінде бірінші кезеңнің 48 қатысушысынан екінші кезеңге тек қана 21 кәсіпкер жіберілген. Іріктеуден өткендер Гамбург қаласында «Қызметкерлерді басқару» тақырыбы бойынша шетелдік бизнес-тағылымдамадан өтті.

«Біздің топпен бірге аудармашы жүрді. Ал ағылшын тілін еркін меңгерген кәсіпкерлерден жеке топ құрылды. Ең алдымен көзге түскені Германияның әлеуметтік даму деңгейінің Қазақстанмен теңеспейтіндігі. Немістер үшін сапа бірінші орында, ал қалғанының барлығы содан кейін. Ол жаққа бара жатқанда барлығымызда бір ғана жоспар болған, алайда тағылымдама процессінде жоспарларымыз өзгерді, кейбіреулер тіпті қызмет саласына дейін өзгертіп жіберді», – деп бизнесвумендер әсерлерімен бөлісті.

А.Шәмпікова осы жылы «Іскерлік байланыстар» құралына қатысу туралы өтінім берген кәсіпкерлер Германияда өтетін бизнес-тағылымдаманың іріктеуіне қатысу үшін келесі жылы бір айға толар-толмас мерзім ішінде Атырауда оқытудың бірінші кезеңінен өтіп, жеке бизнес-жоспарларын қорғаулары қажет екенін түсіндіріп өтті.

«Маңғыстаудан мүмкіндігінше көбірек кәсіпкерлер іріктеуден өтіп, Германияға тағылымдамаға бару үшін, барлығына жемісті, белсенді қатысуды тілейміз», – деп сөзін қорытындылады бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің сарапшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер