«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылшаруашылық кооперативінің айқын үлгісі

2016 жылғы 16 Маусым
3103 просмотров

Қызылордалық шаруа шағын несиеге екі аптада қол жеткізді

Астанада өткен «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Съезінде «Жамбыл» ауылшаруашылық тұтынушылық кооперативі» өндірістік кооперативінің басшысы Болатбек Рүстемов сөз алды.

Шағын несиелеу мен ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту тақырыбында әңгіме қозғаған Болатбек Рүстемов «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында шағын несиеге қол жеткізген. Қызылорда облысы Сырдария ауданының Қоғалыкөл аулында орналасқан, жаңа заман лебімен өндірістік кооперативке біріккен ұжым күріштің тыңнан «Айсәуле» сұрыбын енгізумен айналысуда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлген 300 миллион теңгелік қаражаттан алғашқы транш ретінде 6 ай жеңілдігімен 36 ай ауқымында қайтаратындай 4,5 миллион теңгеге жуық қарыз сомасын алған «Жамбыл» АТК» ӨК басшысы өтінішінің бұлай тез қаралып, қажетті қаражат көлемінің шапшаң беріле қоятынын күтпеген. Бүгінде іскер кәсіп иесі кепілге тұрарлық мүлік түрін әзірлеп, жалпы болжанған 10 млн теңгенің келесі қалған бөлігін алуға дайындалып жатқанын жеткізді.    

 «Күріш егуге ден қойған 3 шаруа қожалығы бірігіп, көктемгі егістік жұмыстарына қаржы іздедік. Екінші деңгейлі банктер біздей ауылдағы ұсақ қожалықтарды қаржыландырмайды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында тек жұмыссыз жүрген жандарға қол ұшын созады екен. «Қазагро» сияқты ұйымдар құжаттарды ұзақ қарап, қауырт істерге үлгермейтін болдық. Содан «Атамекен» мен Қызылорда облысы әкімдігі құрған «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығына барып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мамандарының атсалысуымен екі аптаның ішінде несие қолға тиді. Жаңа күріш сұрпын егіп, 20 адамды жұмыспен қамтыдық», - деді күріш пен бидай және жоңышқа сынды ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу мен өткізу бағытында бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік басын қосқан кооператив төрағасы.

Табысты бизнесін дөңгелеткен кәсіпорын жетекшісінің мәліметінше, «Жамбыл» АТК» өндірістік кооперативі 2016 жылдың сәуір айында құрылтайшылық шарт негізінде құрылған. Егістіктен тыс, мал жайылып, шөбі шабылатын жер телімдері бірлестік қолданысында. Арнайы техника кооператив құрамындағы «Агро-Орталық» ЖШС меншігінен жұмысқа жегілген. Шілде айында авиахимиялық өңдеу әрекеттері жүргізілмек. 7% мөлшерлемедегі несие мақсаты да сол, негізінен тұқым, жанар-жағармай сатып алу.

Сәйкесінше еліміздегі ірі күріш өсіруші өңір есептелетін Қызылорда облысында таңдау жасау да қиынға соқпаған. Сыр бойында Қазақстандағы күріштің 85 пайызы өндіріліп, жыл сайын шетелге экспортқа жіберілуде.

Кәсіпкерлердің жыл сайын өтетін форумын «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ашып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысты.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Палатаның қол жеткізген жетістіктері жайында хабардар етті. 

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге салынатын әлеуметтік салық мөлшерлемесі 11%-дан 6,5%-ға дейін төмендеді, салық төлеушілерді ҚҚС бойынша есепке қоюдың шекті мәнін 10 есеге азайтуды 2017 жылға дейін қалдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, осы шешімді толықтай қайта қарастыру мүмкіндігі алынды, салық төлеушілердің жекелеген санаттарын жоюдың  жеңілдетілген тәртібі енгізілді», - деп мәлімдеді ҰКП Басқарма басшысы.

Ұлттық палатаның Басқарма басшысы 2016 жылға арналған басым міндеттерді атады. Олар жергілікті қамту мен сатып алулар жүйесін дамыту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін жекешелендіру мен дамыту үдерісінде бизнестің мүддесін қамтамасыз ету, ауылда бизнесті дамыту, Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы, экспорт-импорт операцияларын оңайлату, дауларды реттеудің сотқа дейінгі тетіктерін дамыту.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер