«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дертке дауа бизнес-идея!

2016 жылғы 16 Маусым
- Атырау облысы
9237 просмотров

Атыраулық кәсіпкер Рустам Салақов дәрігердің қабылдауына кететін науқастың уақытын айтарлықтай азайтуды мақсат тұтып отыр

Оның пікірінше, бұл медициналық мекемелерге дыбысты бірден мәтінге айналдыруға мүмкіндік беретін Voice Educations дыбыстық редакторы сияқты жаңалықты енгізу арқылы мүмкін болмақ. Ал, бизнеске қаржылай емес қолдау таныту шеңберіндегі «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуы кәсіпкерге өзінің бизнес-идеясына ортақ әріптестер табуға көмектесті.

«Менің бизнес-идеямның тарихы былайша басталды: жарты жылдай менде аллергия болды. Жеке клиниканың дәрігерінің қабылдауына жазылдым. Дәрігердің қарауында 15 минуттай болдым, соның ішінде маған бар болғаны 2-3 минуттай ғана уақыт бөлінді, қалған уақыттың барлығын дәрігер менің медкітапшамды толтырумен өткізді. Қазіргі таңда медицинада құжатнаманың көптігі түсінікті. Ережеге сай, бізге жазғаннан көрі айтқан оңайырақ әрі жылдам. Сонда мен осының барлығын қысқартуға болады ғой деген ойға келдім. Негізінде, бұл медициналық қызмет көрсету саласындағы түйіткілді мәселе. Менің ойластыруым бойынша, науқас дәрігерге келді дейік. Дәрігер сізбен жұмыс істей отырып, сол мезетте өз даусы арқылы жұмыс процесін басқарады. Яғни, оның даусы бірден экрандағы мәтінге айналып отырады. Соңында, барлығы толтырылғанда, дәрігер тек қана мәліметтерді тексеріп шығып, сіздің диагностикалық картаңызды шығаруға жібере алады. Барлығына аян тағы бір мәселе – медициналық қызметкер жазған рецепті оқи алмауың. Ал егер барлығы компьютерде терілсе, айтарлықтай жеңілірек», – деп өз идеясымен бөлісті Рустам Салақов.

Ойын іске асыру үшін, кәсіпкер түрлі елдердің мамандарымен көптеген келіссөздер жүргізген. Анықталғандай, мұндай технология Еуропаның кейбір елдерінде қазірдің өзінде қолданыста екен. Алайда ТМД елдерінде ол тәжірибе енгізілмеген.

«Мұны өзімізде жасай алатын әріптестерді, мамандарды өте ұзақ іздедім. Алайда ТМД елдерінде де, Малайзия мен Америкада да ондай мамандар болмай шықты. Бұл өте тар ауқымды мамандық. IT-технологиядан базалық білімі бар қатардағы программист мұны жүзеге асыра алмайды, бұған тар ауқымда маманданғандар қажет. Мұнда ескеретін тұстар көп. Алдымен дыбыстық кітапхана құру қажет, өйткені әр адамның екпіні, сөйлеу мәнері және т.б. әртүрлі емес пе. Одан бөлек, медицинаның өзі көптеген бөлімдерге жіктеледі және әрқайсының өзіне тән арнайы терминдері бар. Ал бұл жобаның бастапқы бөлігі ғана», – деп атап өтті кәсіпкер.

Мәселе Рустам Салақовтың «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуының арқасында шешілді. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан аталған іс өз қызметін мемлекеттік бағдарлама аясында экономиканың әлеуетті секторларында жүзеге асырып жатқан шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге бағытталған. Ол халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату арқылы жүзеге асырылады. Жоба екі кезеңнен тұрады: біріншіден, бұл – бизнес-тренингтер, екіншіден, шетелден тақырыптық бизнес-тәжіріибеден өту. Назарбаев университетінде, Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтында ұйымдастырылған тренингтерден өткеннен кейін Рустам Салақов өзінің бизнес-жобасының шеңберінде Германиядан біліктілігін арттырып келді.

«Іскерлік байланыстар дегеніміз – бірегей жоба және де отандық кәсіпкерлерге шетелдерде білімін жетілдіріп келуге мүмкіндік туғаны қуантады. Жобаға қатысу бизнес-идеяны жүзеге асыруда құнды тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Шетелге бармастан бұрын, әңгімелесу кезеңінде бұл біліктілікті жетілдіруден не күтетінімді түсіндіріп бердім. Ауызша айтып қана қоймай, олармен тікелей кездесу үшін алдында германиялық компаниялармен жазысқан хаттарымды да қоса ұсынуым қажет болды. Біліктілікті жетілдіру нәтижесінде мен өз мақсатыма жеттім, ол жақтан төрт әріптес таптым, олар идеямды жүзеге асыруға өздерінің көзқарастарын ұсынды. Нәтижесінде, бір компаниямен келістім, олар бағдарламаны орыс тілінде толығымен дайындап беретін болды. Енді қаражат мәселесі туындап тұр, өйткені есептей келе, жоба құны мен күткеннен төрт есе асып кетті», – дейді Рустам Салақов.

Қазіргі таңда кәсіпкер өз жобасын жүзеге асыру үшін демеушілер іздестіруде. Рустам Салақов ойға алған ісінің оң нәтиже береріне сенімді. Бұл жаңалықты ол алдымен медицинаға, кейін басқа салаларға енгізгісі келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер