«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Қаржы министрлігі жанынан аппеляциялық комиссия құруды ұсынамыз»

2016 жылғы 14 Маусым
2328 просмотров

Кәсіпкерлердің мүліктік құқығы 33 млрд теңгеге жуық сомаға қорғалды

Бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура және «Нұр Отан» партиясының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумын өткізді.

Жиынды ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев отандық кәсіп иелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау – Ұлттық палата алдында тұрған негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Ал прокуратура орындарында кәсіпкерлер құқығын бұзу мен бизнесті жүргізуге қарсы әкімшілік кедергілерді анықтаудағы қажетті құзыреттіліктер бар екені аян. Мәселен, тек 2015 жылы, Палата өкілдерінің жүгінуі нәтижесінде кәсіпкерлерді қорғау мақсатында прокурорлық жедел жауап қатудың 170-тен астам актісі енгізілген.

Мысалға, Ақтөбеде облыс прокурорының басшылығымен бірлескен штаб табысты жұмыс істеуде. Алматы облысы прокурорының аймақ бизнесін қорғауды нығайтуда жасаған қадамдары арқасында жалған кәсіпкерлік деректері бойынша 15 қылмыстық іс тоқтатылған. Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы тиімді қимылдардың аясында Өңірлік палаталармен тізе қосқан райда жалған кәсіпорындардың контагенттері мәселелері жайында ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған.

Бүгінгі таңда Ұлттық палата тарапына бизнесті қорғауға қатысты түскен 12000 өтініштің 4800-і, яғни 40 пайызы бизнестің пайдасына оң шешілген. Дегенмен, мұндай расталған шағымдардың үлкен көлемі Палатадан бөлек, мемлекеттік және қадағалаушы органдарды да алаңдатуы тиіс. Өйткені былтыр бақылаушы орындар жүргізген 114 мыңдай тексерістің 54 мыңы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болған. Бұл жерде салық, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер, еңбек инспекциясы, құрылыс саласы, прокуратура іспетті бестіктің үлесі жоғары. Өз кезегінде ҰКП қорғап қалған кәсіпкерлердің мүліктік құқығы 33 миллиард теңгеге жеткен.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев атап көрсеткендей, жалған кәсіпкерліктің жағымсыз салдары бизнес субъектілерінің көбісіне әсер еткен. Сондықтан бұл түйткіл айрықша назарда тұр.

Жалпы, биылғы жағдай бойынша, Қазақстанда бақылаушы әрі қадағалаушы қызметті 61 ведомство атқарады екен. Оның 45-і орталық және 16-сы аймақтағы жергілікті атқарушы мемлекеттік ұйымдар.

«Елімізде бақылау құзыретіне ие мемлекеттік мекемелердің тым көп саны түзілген деп ойлаймыз және бұл көрсеткіш үнемі өсуде, - деп пікірін білдірген Тимур Құлыбаев рұқсат беру құжаттарында да ұқсас ахуал сезілетінін мәлімдеді. – 2011 жылы барлығы 1115 рұқсатнама мен лицензия әрекет етсе, жаңа сипаттағы рұқсат беру құжаттарын енгізу түрлі деңгейде заңдар, Үкімет қаулысы және бұйрықтар арқылы жалғаса берді. Сондықтан 2013-2014 жылдары ҰКП атсалысуымен олардың түгелі талданып, небары 481 рұқсатнамадан тұратын арнайы заң дайындалды, сондай-ақ, заңға кіргізілмеген рұқсат құжаттарының қисынсыздығы туралы бап күшіне енді. Соңғы екі жылда да рұқсатнамаларды қысқарту жүзеге асырылып, бүгінде бар-жоғы 310-ы ғана қалып, 72%-ға азайды. Сәйкес ревизияны барлық бақылау және қадағалау функцияларына жүргізуді ұсынамыз. Заңдағы мемлекеттік мекемелерге берілген артық құзыреттерді қайта қарастырып, кәсіпкерлерімізге негізгі жұмысымен, тауар өндірісімен, қызмет көрсетумен шұғылдануға жол ашу керек».   

«Атамекен» ҰКП жетекшісінің сөзінше, кезінде тиімсіз деген сылтаумен ҚР заң тармақтарынан алынып тасталған заңнаманы жемқорлыққа қарсы сараптау мәселесі де ақсауда. Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауқымында қоғамдық институттар мен саяси партиялардың қатысуымен заң жобаларын, қаулылар мен басқа нормативтік-құқықтық актілерді жемқорлық сипаты бойынша таразылауды қайта енгізу керек. Бұған таяуда Мемлекеттік істер жөніндегі министрлік пен ҰКП қол қойған ынтымақтастық жайлы келісім негіз бола алады.

Тимур Құлыбаев кез-келген кәсіпкерлік дауын сотқа жеткізбей шешуге талпыну қажеттігін нұсқады. Бұл бағытта Қаржы министрлігі жанынан тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, салық және кеден мәселерін қарастыратын аппеляциялық комиссия құру ұсынылуда. Сонымен қатар, экологиялық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, төтенше жағдай актілеріне шағымдану тетіктеріне де көңіл бөлген абзал. Бұл ойды Бас прокурор Жақып Асанов та мақұлдады.    

«Кәсіпкерлік қызметке заңсыз киліккен мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейткеніміз дұрыс. Сапалы түрде бизнеспен ашық сұхбат құрып, мемлекеттік органдарға қатысты жоспарлы сипатта терең талдаулар мен тексерістер жүргізу тәжірибесін жылдың екінші жартысында да жалғастырып, «Типтік жоспарды» жандандырғанымыз жөн», - деп түйіндеді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев. 

Мәжіліс қорытындысында «Атамекен» ҰКП басшылығы мәселені шешу жолында бірқатар нақты ұсыныстар енгізді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер