ҚР экономикасынан пара түрінде шығарылған қаражат 1256 балабақша салуға жетуші еді
Мұндай көңіл түсірерлік статистиканы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро басшысының орынбасары Алик Шпекбаев келтірді
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Шпекбаев Халықаралық валюта қорының мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық әлемдік экономикадан жыл сайын пара ретінде 1,5-2 трлн АҚШ долларын немесе әлемдік ЖІӨ-нің 2%-дайын шығаратындығы туралы мәліметтерін келтірді. «Қазақстанда ЖІӨ-нің 2%-ы 1 трлн 250 млрд теңгеге тең. Бізде емханалар мен мектептер салу бағдарламасы бар. Бұл қаражатқа біз 628 мектеп немесе 1256 балабақша салар едік және бұл әлеуметтік нысандардың қажеттілігін бір жылдың ішінде өтей алар едік», – деп мәлімдеді ол.
Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстанның ұлттық компанияларында өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жылы сыбайлас жемқорлықтың артқандығы байқалады. 4 айдың ішіндегі бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен екі еседей артып кеткен. Соның ішінде квазисектордағы сатып алу саласындағы қылмыстың 90%-ы бюджеттік қаражатты ұрлау арқылы жасалады екен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро басшысының орынбасары жиынға қатысушылар назарын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылатындығын, ал ұлттық компаниялардағы дәл сондай заң бұзушылықтар үшін бар-жоғы тәртіптік жауаптылық қарастырылғандығына аударды.
«Оңтүстік Кореяда мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде Пара алмау туралы шартқа қол қояды. АҚШ пен ЕО-да мемлекеттік сатып алуды жүргізетін бірыңғай стандарттар бар. Бүгін біз сөз қылғанымыздай, мемлекеттік сатып алу квазимемлекеттік секторға да таралуы қажет», – деді ол.
Шпекбаев ұлттық басқарушы компаниялар мен холдингтердің сатып алуды жүзеге асыруының бірыңғай ережелерін қабылдауға қатысты заңнамаға түзетулер мен толықтыруларды пысықтау қажеттігін атап өтті. «Бұдан бөлек, ұлттық компанияларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау тәжірибесін енгізу қажет. Оңтүстік Кореядағыдай ұлттық компанияларға пара алмау туралы шарт жасау тәжірибесін енгізуді, әр екі жыл сайын ұлттық компания қызметкерлерін ауыстыруды, ұлттық компаниялардағы сатып алу бөлімшелеріне жұмысқа тұруға үміткерлерді міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеруден өткізу тәжірибесін енгізуді ұсынамыз», – деп ойын қорытындылады ол.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: