«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарқаралы бизнесіне қамқорлық қажет

2016 жылғы 10 Маусым
- Қарағанды облысы
5842 просмотров

Қарқаралыға теміржол қатынасы орнатылса, ондағы туризмді дамыту мәселесі шешімін табар еді

Мұндай пікірді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелері айтты.

Логистикалық жағдайдың нашарлығы, тозығы жеткен инфрақұрылымдық желілер, оған қоса сумен де дұрыс қамтылмағандықтан Қарқаралы аймағындағы туризм ғана емес, жалпы бизнестің дамуы кенжелеп тұр. Бұл өңір табиғатының әсемдігімен туристерді қызықтыратын қазыналы мекен екендігі белгілі.

«Басты проблема – дұрыс жолдың жоқтығынан, сапардың қиын болуы. Ол жаққа пойыз жүретін болса, көп халық сол жаққа ағылып, жақсы тынығып қайтуына жағдай туар еді. Отыз бес шақырым жердегі Қарағайлыға теміржол қатынасы орнатылған, енді соны аудан орталығына созу керек. Мұны жергілікті бизнес өкілдері билік органдарынан талап етуге әбден құқылы деп санаймын», – дейді өңірлік кеңес мүшесі, кәсіпкер Андрей Витик.

Инфрақұрылымның дамымағандығы жалпы ауданның экономикалық ахуалына әсерін тигізіп отыр: банктер мұндағы жобаларды қаржыландыруға құлықсыз, себебі ауыл кәсіпкерлерінің кепілге қоятын мүлкінің құны төмен. Әзірге жергілікті бизнес палата көмегіне жүгініп, гранттарға қол жеткізіп отырған жайы бар – былтыр облыс әкімі тағайындаған гранттардың басым бөлігін қарқаралылық кәсіпкерлер алып кетті. «Қазагро» құрылымдары ақша жоқтығын алға тартып, мұндағы ауылшаруашылық жобаларын қаржыландырудан қашқақтайды», дейді Кәсіпкерлер палатасының Қарқаралы ауданы бойынша филиалының директоры Сәулехан Шәмшиев. Бірақ бұл мәлімет Осакаров ауданындағы ірі ауылшаруашылық кәсіпорнының иесі Павел Лущактың наразылығын тудырды.

«Бұлай болуы мүмкін емес. Бір жарым жыл ішінде біздің ауылшаруашылық кешен кеңесіне Қарқаралы ауданынан бір де бір өтініш түспеді. Ақша жоқ дегенге қайран қалып отырмын – осыдан бір ай бұрын бас қосқанымызда, Азық-түлік корпорациясы былтыр облысымызға 550 млн теңге бөлініп, соның 78 миллионы ғана игерілгендігін хабарлады. Қалған 480 миллиондайы облыс орталығына қайтарылған. Агронесие корпорациясы да қаржы игере алмай жатқандығын айтты», – дейді фермер. Сондай-ақ ол қазір кооперацияға бет бұру қажеттігін ескере кетті.

«Осакаров ауданында облысымыздағы ең алғашқы ауылшаруашылық өндірістік коопертив құрылды. Мұндай құрылымның қаржылануы оңай. Өтінішімізді 2 апта ішінде қарап, жақын күндері 300 млн теңге қаражат алдық. Бірнеше қожалықтан бірігетін болсаңдар, бұл деген дамудың үлкен мүмкіндігі», деген кеңесін де айтып өтті П.Лущак.

Филиал директоры назар аударған тағы бір мәселе – мал шаруашылығы өнімдерін өткізетін жердің жоқтығы.

«Біздегі негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы екені белгілі, енді сол етті дайын өнім етіп шығаратын орын жоқ. 2012 жылы мал соятын цех ашылған еді, құрылысына 16 млн теңге жұмсалды. Тұрғызылған беті түк пайдаға аспай тұр. Ішінде бар қажетті жабдығы қойылған. Ал иелерін табу бір мұң болды, келіссөз жүргізбекке кімге жүгінерімізді білмейміз», –дейді С. Шәмшиев.

Аудандағы бизнестің дамымай отырғандығын Андрей Витик жергілікті халықтың сылбырлығынан көреді.

«Мені жергілікті бизнестің селқостығы қайран қалдырады. Жанар-жағар май бекеті де жоқ қой. Тәулігіне 300 көлік өтеді, бензин құятын жер таппайсың», – дейді ол.

Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі аудан және облыс басшылығының алдында инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі мәселені көтеруді ұйғарды. Сонымен қатар кеңес мүшелері алдағы отырыстардың бірін Қарқаралы жерінде өткізіп, жергілікті бизнесмендердің проблемаларын шешуге тырысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер