«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШОБ тең жартысына жуығын әйелдер басқарады

2016 жылғы 03 Маусым
2712 просмотров

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ІІ конгресіне қатысқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Кеңестің бір жылдық жұмысына жоғары баға берді.

Конгрестің басты спикерлерінің бірі кіріспе сөзінде барша жиналған, бір қолымен бесікті тербетіп, екінші жағынан шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер аруларды Ұлттық комиссия аты­нан алқалы жиынның ашылуымен құттықтай отырып, мұндай мәжілісте нәзік жандардың жұмысын жандандыру мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты талқыға салынатын ұсыныстар, ой-пікір­лер елдің серпінді өркендеуіне, ха­лықтың экономикалық-әлеу­меттік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатынына назар аударды. Сон­дай-ақ, елімізде ауқымды да беделді ұйымға айналып үлгерген «Ата­мекен» ҰКП бастамасымен құ­рылған Іскер әйелдер кеңесінің соңғы уақыттағы толымды іс-қимылын тілге тиек етті.

«Бүгінгі расында шарапаты зор шарамен қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Өңірлерден келген саяси-қоғамдық, өзгеде өмір салаларында белсенді іскер замандастарыммен жүздесіп, танысқаныма қуаныштымын. Тәуелсіздік жылдары ер мен әйелдер қауымының құқығын тең қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту, ана мен балаға қамқорлық жасау сияқты игілікті істердің жүзеге асырылғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күрделі экономикалық кезеңнен сенімді өтуге арналған Ұлт жоспарындағы «2050» стратегиялық құжатын, «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыруға бизнестің 50 пайызын құрайтын кәсіпкер әйелдер белсене атсалысуда. Өйткені әйел заты тапқан табысын отбасына құйып, сол арқылы қоғам тұрақтана түседі. Осы орайда Ұлттық комиссия да әйелдердің экономикалық мәселелерде ілгерілетуді қалайды», - деді Ләззат Сүлеймен.

Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін басқаратын әйелдер саны 42%-дан асады. Бұл тұста статистикалық ресми деректерде екі рейтингтік көрсеткіш қуантуда екен. Алғашқы әлемдік экономикалық форумның бәсекелестік қабілеттілік жөніндегі жаһандық индексінде ерлермен салыстырғандағы жұмыс істейтін адамзаттың екінші жартысы 26-шы орынды иемденуде. Келесі бағытта, гендерлік теңдікке қатысты дүниежүзілік бағамдау бойынша қазақстандық нәзік жандар 42-ші орынды еншілеуде. Соңғысында, Ләззат ханым, Орталық сайлау комиссиясының белді мүшесі ретінде өткен Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында әйелдердің белсенділігі өскенін байқағанын атап өтті. Мәселен, Мәжілістегі арасалмақ 27%-дан еркін асқан. Мәслихаттарда тоқсаныншы жылдардағы төмен пайыздық үлес ағымдағы жылы 22,4%-ға артқан. Оңтүстік Қазақстан өңірін қоспағанда, барлық облыстардың мәслихаттарында депутат әйел өкілдер көбейген.

«Сондықтан Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдер кеңесі мен бүгінгі Конгресс ортақ ынтымақтастық жолындағы тиімді сұхбат алаңы ретінде айрықша маңызға ие екені даусыз. Басты міндеттерге қысқаша тоқталар болсам, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында дәстүрлі әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, ауылдық жерлерде әйелдерді бизнеске үйрететін мектептер ашу, әйелдер кәсіпкерлігіне көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді таразылау, өзекті ұсыныстар легін әзірлеу қажет. Кеңестің ауыл қыз-келіншектеріне баса көңіл бөлуі құптарлық қадам», - деп түйіндеді Л.Сүлеймен.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова да бұл ойды қостап, лайықты қолдау болса, «Атамекен» ҰКП әрі қарай да облыс пен аудан, ауыл деңгейінде толықтай әйелдердің кәсіпкерлік қызмет жөніндегі сауатын көтеруге күш сала беретініне сендірді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер