«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес әліппесі мектепте оқытылады

2016 жылғы 02 Маусым
10067 просмотров

Жақын болашақта еліміздің оқушыларына экономика және кәсіпкерлік негіздері пәні оқытылмақ

Аталған пәнді жалпы білім беретін мектептерге лайықтап әзірлеу жөніндегі семинарға «Атамекен» ҚР ҰКП мен «SANA Eurasia» ҚҚ (Қор «Атамекен» ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесінің жұмысшы органы саналады) сарапшылары қатысты.

«Атамекен» бірнеше жылдан бері кәсіпкерлік негіздері мен қаржылық сауаттылықты мектеп жасынан бастап оқытуды көтеріп келеді.

Шет елдерде 15-17 жастағы жеткіншектерге бизнес негіздерін оқыту міндетті саналады. Қазақстан мектептерінде мұндай пән жоқ. Оған қоса, оқушыларымыз бизнес-ортаның қалай құрылатындығы мен компания табысы қалай анықталатындығы туралы білімге ғана емес, сонымен қатар, кәсіби қызметінде немесе күнделікті өмірде келешек табысының негізі боларлық білім мен машықтарға мұқтаж.

Пән бағдарламасын әзірлеушілердің пікірінше, міндетті мектеп бағдарламасына кәсіпкерлік негіздері курсын енгізу мектеп жасынан бастап бизнес жүргізудің егжей-тегжейін білетін жастарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Идея авторларының сөзінше, экономиканың, бизнес пен кәсіпкерліктің негіздерін мектеп қабырғасында жүріп оқып, білу жастардың бизнес-бастамаларға деген қатынасын өзгертіп, жеке ісін ашуға ынталандырмақ.

Аталған шараның тиімділігі орта таптың үлес салмағы басым скандинавиялық елдерде дәлелденген. Бүгінде Финляндия, Швеция, Норвегия – инновациялық экономика саласындағы көшбасшылар. Бұл таңдалған кәсіби бағдар әдісі мен кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың дұрыстығын дәлелдей түседі.

Бұл мәселе соңғы екі жылдан бері «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесі алаңында қызу талқыланып келеді. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігімен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясымен, Назарбаев зияткерлік мектебімен және басқа да аталған пәнді енгізуге қызығушылық танытып отырған ұйымдармен келіссөздер жүргізілді.

«SANA Eurasia» ҚҚ сарапшылары Назарбаев зияткерлік мектебінде жаңа пәнді әзірлеуге белсене қатысты. «Атамекен» ҚР ҰКП арқылы Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату аясында «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәнінің оқу бағдарламасы әзірленуде. Оны 2019 жылы жалпы білім беретін мектептердің 10 және 11 сыныптарының міндетті бағдарламалар қатарына енгізу жоспарлануда. Жаңа пән оқытудың тәжірибелік бөлігіне бағытталған. Соған сәйкес, екі жылдық бағдарламаның екінші жылы толығымен жеке бизнес-идея ойлап тауып, оны қорғауға арналған. Оқушылар 11-сыныпқа өтер алдында өз өңірінен келешегі бар бизнес-идея іздейді де, соның негізінде бизнес-жоспар құрып, оқу жылының соңында өз жобасын қорғайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер