«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мәслихат депутаттары кәсіпкерлер мұңына құлақ түрді

2016 жылғы 01 Маусым
- Қызылорда облысы
11713 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы алаңында қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері облыс кәсіпкерлерімен кездесті

Кездесудің басты тақырыбы – кәсіпкерлікті дамыту мәселелері, сондай-ақ, бұл бағыттағы мәселлерді шешудің өзекті жолдарын қарастыру болды. Жиынға қатысушылар талқылаған өткір мәселенің бірі – дәмхана-мейрамханалардың маңында автотұрақтардың болмауы. Бұған дейін қызылордалық кәсіпкер-рестораторлардан Кәсіпкерлер палатасына бірнеше рет сәулет және қала құрылысы бөлімінің әрекетіне қатысты арыз түскен.

Арыз мазмұны бойынша қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімі тарапынан дәмхана-мейрамханалардың иелеріне көлік қоятын автотұрақтардың ҚР нормативтік талаптарына сай келмейтіндігі жөнінде ескерту қағаздары жолданған және аталмыш ескертуде кемшілікті 3 күнтізбелік күн ішінде орындау туралы айтылған. Алайда, барлық дәмхана-мейрамханалардың иелерінің қолында мемлекеттік комиссия мақұлдаған нысанды іске қосуға рұқсат беретін тиісті рұқсат құжаттары мен актілері бар.

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды: егер нысандар ҚР нормативтеріне сәйкес келмесе не үшін рұқсат құжаттары берілді? СНиП-тің 2-қосымшасына сәйкес автотұрақ дегеніміз – (автокөліктерге арналған тұрақ): автокөліктерді сақтауға (қоюға) арналған ғимарат (немесе ғимараттың бір бөлігі) немесе арнайы ашық алаңқай. Яғни, бұл түсінік бойынша Байтұрсынов көшесінің бойындағы әр дәмхана мен мейрамхананың алдында арнайы автокөлік қоятын орындар бар.

Мұнымен қоса, бүгінгі күнде егер аталмыш талаптарды мәжбүрлі орындатуға (сотқа беру және орындату) шаралар қабылдайтын болса, онда 15-тен астам дәмхана-мейрамханалар жұмысын тоқтатып, шамамен 600-дей азамат жұмыссыз қалмақ. Мұнан өзге, кәсіпкерлік мақсатта мемлекетке түсетін салық көлемі де азаятын болады.

Шарада кәсіпкерлер автотұрақ мәселесін түбегейлі шешу уақыт пен қаржыны талап ететіндігін алға тарта отырып, кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беруді сұрады. Халық қалаулылары мен әкімдік өкілдері және кәсіпкерлер мәселені егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін, көше бойына автокөліктерді бей-берекет қоюдың алдын алу үшін кәсіпкерлік субъектілерінің автотұрақтарды ретке келтірулеріне уақытша реттеуші қою қажет деп шешім шығарды.  

Кездесуге қатысты Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Аймақтағы кәсіпкерлік субъектілерінің 80 пайызға жуығы облыс орталығында шоғырланған. Сондықтан да, шаһар бизнесмендерінің өзекті мәселелері жеткілікті. Бүгінгі кездесу кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің бас қосқан сұхбат алаңына айналып отыр. Кездесуде талқыланған мәселелер сараланып, алдағы мәслихаттың отырысына енгізілетін болады», – дейді.

Мұнан өзге, кездесу барысында қаладағы инфрақұрылым туралы ақпараттың қолжетімділігі, сауда-саттық мәселесінде жер телімдерін бөлу тәртібі, коммуналдық меншік объектілерін және жер телімдерін шағын және орта кәсіпкерлік меншігіне немесе жалға беру сынды мәселелер талқыға салынды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер