Асқар Махамбетов: «Қызылорда өңірінде 8 жобаға шағын несие берілді»
Қазір елімізде кәсіпкерлік саласын дамытуға, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қажетті жағдайлар жасалуда. Оның бір көрінісін Сыр бойынан да көруге болады. Осы ретте біз Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетовпен сұхбаттасқан едік.
- Асқар Аралбайұлы, соңғы кезде өңір кәсіпкерлерінің арасында «Микробизнес Қызылорда» жобасы туралы жиі айтылып жүр. Жалпы бұл жоба қалай өмірге келді? Екінші деңгейлі банктер қаншама. Жаңа қаржы институтын құрудың қаншалықты қажеттілігі бар еді?
- Кәсіпкерлер палатасы бар, Өңірлік кеңес мүшелері бар – барлығымыз кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелерді зерттедік. Белгілі болғанындай, қаржы республикалық деңгейде бөлініп жатыр, бірақ шағын кәсіппен айналысатын азаматтарға, әсіресе ауылдың кәсіпкерлеріне жетпеуде. Себебі ретінде екінші деңгейлі банктермен қойылатын талаптың қатаңдығын айтуға болады.
2014 жылы облыстың өз қаржы институтын құру туралы келісімге келдік. Осылайша аймақта «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы құрылды. 2015 жылы жалпы құны 342 млн теңгені құрайтын 56 жоба несиелендірілді. Бұл қаржы институтының ауыл бизнесін көтеруге ерекше үлес қосу арқылы сұранысқа сай екендігін көрсетті.
- Енді биылғы жоспарларыңыз қандай? бұл бастамаға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атсалысып отыр ғой...
- Биылғы жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облысының әкімдігі бірлескен «Микробизнес Қызылорда» жобасын жүзеге асыруда. Өткен жылы VI «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан Төрағаның орынбасары Нұржан Әлтаев пен Қызылорда облысы әкімдігі атынан облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов келісімге қол қойған болатын.
Осылайша шағын несиелендіруді дамыту аясында биыл Қызылорда облысы республика көлеміндегі «Атамекен» ҰКП-ның пилоттық жобасы бойынша 4 аймақтың қатарына енгізілді.
Келісімге сәйкес, «Микробизнес Қызылорда» жобасын жүзеге асыруға «Атамекен» 300 млн теңге, облыс әкімдігі 360 млн теңге қаржы бөлді. Бүгінде «Атамекен» Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облысының шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге кірісіп кетті.
Несиелендіру «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ ұсынған қарыз есебінен жүзеге асырылады, оны ҰКП әр облысқа 300 миллион теңгеден бөлуде.
Жобаның мақсат-міндеті – микробизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздықты азайту, кооперацияның дамуына жағдай жасау, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және терең қайта өңдеу жобаларын іске асыру, өндірістік және өткізу инфрақұрылымдарының дамуына жәрдемдесу, ішкі және сыртқы сауда базарлары мен дистрибьюторлық желіні біріктіру.
Жобаның ерекшелігі – ауылдық елді мекен кәсіпкерлерін қаржыландыруға бағытталған. Баршаға аян, ауыл кәсіпкерлері үшін банктерден кәсіпкерлік мақсатқа несие алу әжептәуір қиындық тудырады. Бұл жерде, кепілге қойылатын жылжымайтын мүлікке қойылатын қатаң талап және өзге де кедергілер жеткілікті. Осы ретте, Өңірлік инвестициялық орталық ауыл тұрғындарының кез келген жылжымайтын мүліктерін кепіл ретінде қабылдай береді.
Қазіргі таңда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталық арқылы жалпы құны 441,9 млн теңгені құрайтын 70 жоба мақұлданды. ҰКП тарапынан 50 млн теңге көлеміндегі бірінші транш бөлінді. Бүгінгі таңда Ұлттық палата шағын несиелендіру бойынша 8 жобаны қаржыландырып, кәсіпкерлер жұмысын бастап кетті.
«Атамекеннен» бөлінетін қаржының ерекшелігі 7 пайызбен, 15 млн теңгеге дейін 5 жылға беріледі.
- Несие азаматтарға қалай беріледі, яғни несиені кімге беру керек екендігін кім шешеді?
- Бизнесті дамытуға арналған ақшаны кәсіпкерлердің қайсысына беруге болатыны жөніндегі соңғы сөзді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Өңірлік кеңес мүшелері айтатын болады.
Осы мақсатта Алматы және Ақтөбе облыстарында Несие комитеттері, ал Қызылордада – Қадағалаушы кеңес құрылды, олар кәсіпкерлердің несие алуға берілген өтініштерін қарауға кірісіп кетті.
Өңірлік кеңес бекітетін Несиелік комитеттің құрамына ӨКП қызметкерлері және Өңірлік кеңес мүшелері кіреді. Аталған шешім Өңірлік кеңестің мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы сұхбаттасу алаңы екендігіне байланысты қабылданды. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіпкерлік субъектілері атынан жіберілген делегаттар, сондай-ақ қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдері болып табылады.
Өңірлік кеңес мүшелері өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетеді, және де олар өздерінің күнделікті қызметінде кәсіпкерлердің мұң-мұқтаждарымен жақсы таныс екендігі аян. Сол себепті өтініштерге қатысты шешім қабылдау құқығы дәл соларға берілуі де заңды.
Несие комитетінің төрағасын аталған комитеттің мүшелері дауыс беру арқылы тағайындайды.
Несиелік комитет несие алуға берілген өтініштерді қарайды және қараудың нәтижесі бойынша қарыз беру туралы шешімді дауысқа салады.
Қызылорда облысында несие алуға берілген өтініштерді қараумен Өңірлік инвестициялық орталықтың Қадағалаушы кеңесі айналысады, оған сонымен бірге Өңірлік кеңес пен ӨКП өкілдері де кіреді. Қадағалаушы кеңесті Өңірлік кеңес төрағасы басқарады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: