«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Приозерск туристерді таң қалдыруға дайын

2016 жылғы 31 Мамыр
- Қарағанды облысы
16368 просмотров

Бір кездері жабық әскери қала болған Приозерскіде енді туризм дамитын болады

2010 жылы мұнда қазақстандық жол полициясы бақылау-өткізу пунктінде әрбір автокөліктің кірген уақытын – моделі мен мемлекеттік нөмірін тіркеп  отыратын. Бірақ, енді бұл өткен шақта қалды, қазір Балқаштың батыс жағалауы барлығына ашық.

Бұл туралы Приозерскіде өткен туризмді дамыту жөніндегі өңірлік форумда айтылды.

Қала әкімі Қайрат Қамзиннің айтуынша, Приозерскінің туристік орталық ретінде таныстырылымын өткізу идеясы әлдеқашан пісіп жетілген.

«Қаланың ашық деп жарияланған сәтінен бастап, біз абаттандырумен айналыстық. 490 мың шаршы метрден астам жерде бизнесті еркін дамытуға болады. Мүмкіндіктер жайлы ақпарат әрдайым ашық, біз бұдан құпия жасамаймыз – кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдауға әрқашан дайынбыз. Шамамыз жеткенше инфрақұрылымды ретке келтіріп, жолдар салудамыз», – деді форумды ашқан қала басшысы.

Қала орналасқан Балқаш көлінің батыс бөлігі ең таза екенін айта кеткен жөн, өйткені мұнда өнеркәсіптік нысандар жоқ, сондай-ақ туристердің қалың көпшілігіне таныс емес. Айталық, Балқаш қаласы орналасқан солтүстік бөлігі барлық қазақстандықтарға бұрыннан белгілі және онда келушілер толастамайды.

Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасының туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Дәурен Әлжанов өз сөзінде жергілікті демалыс аймақтарында жарнама өте аз екенін атап көрсетті.  

«Облыс бойынша 14 жобаны іске асыру жоспарланған, оның төртеуі қазірдің  өзінде жұмыс істеуде. Бірақ мынадай демалыс орны туралы естіген жоқпыз деген сөздерді жиі естуге тура келеді, яғни бұл жұмыс тым баяу жүруде», – деді ол.

Айтпашқы, іске асырылған жобалардың бірі – «Балқаш» емдік-сауықтыру кешені, форум қонақтарын қарсы алған бұл орын бар болғаны бір жыл бұрын ашылған, аталмыш іс-шара да соның базасында өтті. Әкімдіктің айтуынша, жазға қарай бос нөмірлер шынымен де қалмайды. Алайда, Приозерскіде қыс өте жылы, қар жаумайды десе болады, бұл маусым аралығында және қысқы уақытта бос уақытты ұйымдастыруда бірқатар қиындықтар туғызады. Дегенмен, «Балқаш» клиенттерді сапалы медициналық қызметтермен жаулап алуға ниетті, бұл, кешеннің басшылығының пікірінше, келушілердің жыл бойы ағылуын қамтамасыз етпек.

Одан бөлек, әкімнің айтуынша, жақын уақытта Приозерскіде әскери госпитальдің базасында спорттық-оңалту орталығы пайда болмақ. Оның сөзінше, орталық жыл бойы кәсіптік жарақат алған спортшыларды қабылдайтын болады. Тағы да бес жағалаулық аймақ рекреациялық объектілердің құрылысына кірісетін бизнесмендерді күтуде.

Бүкіл бизнес-идеялар қазір инвесторларды іздестіру сатысында тұр. Жалпы, логистикалық жайлылық, жұмсақ климат, табиғат ерекшеліктері мен әлеует іспетті артықшылықтарға қарамастан, банктер қаржыландыруға аса ықылас танытпай отыр. Бұны «Даму» қорының қарағандылық филиалы директорының орынбасары Марат Тамабаев атап айтты.

«Көптеген жобалар біздің қор тарапынан қолдауға ие болды – біз перспективаларды көріп отырмыз, талдау жасап, мұнда бизнестің қаржы салуына болатынын түсінеміз. Ең күрделі тұсы – банктен ақша алу. Банктер осы кешен тәрізді табысты жобаларды көре білуі тиіс, және де өңірлік курорттық аймақ ретінде әлеуеті тым жоғары екенін түсінулері қажет», – деп есептейді М.Тамабаев.

«Приозерск Қарағандыдан 550 км және Алматыдан 500 км қашықта орналасқан. Мұнда пойыздар, сондай-ақ республикалық трасса өтеді. Ал, ықылас-ниет болса, әуе қатынасын да жолға қоюға болады, аэродром да жанымызда», – дейді өзінің демалыс аймағын салып жатқан жергілікті бизнесмен Өзкен Көбенов. Әрине, қала 6 жылдан бері ғана ашық болды, сондықтан өмір енді-енді жанданып келеді. Бірақ, кәсіпкердің пікірінше, өңірде туристік бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған басқа себептер де бар.

«Осы салаға жетекшілік ететін органдардың жиі-жиі қайта құрылымданып, өзгеріп отыратыны жасырын емес. Айқын функционалдық бағыттылық әлі күнге дейін жоқ, себебі туризм бөлімдері біресе кәсіпкерлік басқармасына, біресе өнеркәсіпке қарайды. Бұл өте маңызды саланың бірі, оны дамытумен негізді түрде және мұқият айналысу қажет», – дейді Ө.Көбенов.

Приозерск қ. туризмді дамыту жөніндегі форумға жүзден астам қатысушы жиналды, олардың қатарында туристік фирмалардың, мемлекеттік органдардың, даму институттарының өкілдері, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар болды. Форумды қала әкімдігі және Қарағанды Кәсіпкерлер палатасының Приозерскідегі филиалы ұйымдастырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер