«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кім шын кінәлі?!

2016 жылғы 26 Мамыр
- Атырау облысы
9776 просмотров

Атыраулық екі компания басқа біреудің «кінәсі» үшін жауап беруде

Бүгінде «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС жалған кәсіпорынның атқармаған міндеттеріне бола мемлекет шотына миллиондаған сома төлеуге міндеттеліп отыр. Жалған компаниялар олардың контрагенттері болып шықты.

Ал компаниялардың өздері жауапты салық төлеушілер екен. Бұл мәселе облыстың Кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында қаралды.

2012 жылы екі компания да Алматы қаласының «ALMA OIL ENERGY» ЖШС-мен жанар-жағармай тасымалдау туралы шарт жасасқан. Шарт талаптарын олар толық көлемде орындаған. Алайда 4 жыл өткенде «Горизонт» ЖШС мен «ЖылыойПродукт» ЖШС Жылыой ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен «ALMA OIL ENERGY» ЖШС-ның жалған кәсіпорын деп танылғандығы туралы ескерту алған. Соған байланысты ҚҚС бойынша төлем 18 миллион теңге болса, «Жылыой продукт» компаниясының төлемі 30 миллион теңгеге жеткен. Кейін белгілі болғандай, алматылық жалған кәсіпорынның әрекетінен атыраулық компаниялар ғана зардап шекпепті. Осыған ұсқақ жағдайлар Қазақстанның басқа да өңірлерінде орын алыпты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы бір ғана «ШТИФ» компаниясының төлемі 80 миллион теңгеден асып жығылған.

«Біздің ЖШС жауапты салық төлеуші болып саналады, алайда, сот шешімімен компания жалған салық төлеуші ретінде танылған фирма үшін ҚҚС төлеуге мәжбүр болып отыр. Арамызда жасалған шарт бойынша барлық міндеттерімізді орындадық, оны растайтын құжаттардың барлығы бар. ҚҚС төлеу біздің ЖШС-ны банкротқа ұшыратуы мүмкін, өйткені ол көп сома ғой. Істі сотта қарау барысында сотқа түсінік беру үшін жалған кәсіпорын ретінде танылған фирмамен келісім жасаған ұйымдардың барлығы дерлік шақырылмағандығын айта кетуіміз керек», – деді Кеңес отырысында «Жылыой Продукт» ЖШС өкілі Мұрат Молдағалиев.

Ал «Горизонт» ЖШС өкілі Бекболат Нәбиев олардың компаниялары мұндай жағдайға бірінші рет душар болып отырмағандығын атап өтті. Ол кезде ҚҚС сомасы ондай көп болмаған, олар несие алып, қарызды сонымен өтеген.

«Бұл жағдай тағы қайталануы мүмкін ғой, сонда біз тағы да ҚҚС төлеуге міндеттіміз бе? Біз шарт бойынша артылған міндеттерімізді орындап отырмыз ғой. Біздің контрагентіміздің жалған кәсіпорын болып шығарын біз алдын ала қайдан білмекпіз? Неге біз, жауапты салық төлеушілер, заңды белінен басатын компания үшін жауапқа тартылуымыз керек?», – деп ашуланды Мұрат Молдағалиев.

Өз кезегінде Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары Салық кодексі талаптарыныңи шеңберінде әрекет етіп отырғандарына нандырып бақты.

«Сот шешімінде «ALMA OIL ENERGY» ЖШС-ның барлық келісімдері жалған екендігі көрсетілген, барлық шот-фактуралар мен құжаттар көрсетілген. Салық кодексіне сәйкес, камералдық тексеру жүргізіп, салық төлеушіге ескерту жіберуіміз қажет. Осылай істелді де. Егер салық төлеуші ескертумен келіспесе, жоғары тұрған орындарға немесе сотқа шағымдана алады. Бұл жағдай тікелей сот шешімінде көрсетіліп тұр, сондықтан біз қажетті шараларды атқаруға міндеттіміз», – деп атап өтті Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлбаршын Аманбаева.

Одан кейін мемлекеттік орган өкіліне Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев сұрақ қойды.

«Сіз сотқа қатыстыңыз ба? Егер олар сотқа қатыспаса, «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС-ның кінәсі қалай дәлелденбек? Сіздер жоғары тұрған орынға жүкқұжаттарды, шот-фактураларды және атқарылған жұмыстардың актілерін жібердіңіздер ма?», – деп қызығушылық танытты Палата өкілі.

«Жоқ, біз сотқа қатысқан жоқпыз, алайда біз жоғары тұрған орынға ешқандай құжат жіберген жоқпыз. Сот шешімі заңды күшіне енді және шешімде «Алма ойл Энерджи» ЖШС-ның кінәсі, контрагенттер, сондай-ақ жалған кәсіпорын мен «ГОРИЗОНТ» және «Жылыой продукт» фирмаларының арасында өзара есеп айырысу болғандығы көрсетілген», – деп жауап берді Гүлбаршын Аманбаева.

Алайда мәселе мұнымен біткен жоқ. Сонымен бірге, Палатаның өкілі сот шешімінде  «ALMA OIL ENERGY» ЖШС-на қатысты оның контрагенттерінің барлығынан төлемді автоматты түрде өндіру көрсетілді ме, егер камералды тексеру нәтижелері бойынша  «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС-ның келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін адал атқарғандықтары расталса, не болмақ деген сұрақтардың жауабын білуге тілек білдірді.

Мемлекеттік орган өкілі тағы да сот шешіміне сүйене отырып жауап берді. Соның негізінде олар аталған компанияларда камералды бақылау жүргізбек. Қазірше тексеріс басталған жоқ, дәл қазіргі кезде кәсіпкерлерге ескертулер ғана жіберілген.

Талқылау нәтижесі бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің мүшелері «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС-на Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментінің ескертулері бойынша рәсімдерді орындауға, кейін өз құқтарын қорғау үшін сотқа шағымдануға кеңес берді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл істе оларға көмек беруге дайын.

Одан бөлек, Өңірлік палата «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жауапты салық төлеушілерді олардың контрагенттері жалған кәсіпорын ретінде танылған сот шешімінің негізінде жауапқа тарту бойынша талаптарды жою туралы ұсыныс жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаментіне осы мәселеге қатысты ҚР Қаржы министрлігі комитетіне ұсыныс білдіруге кеңес берілді. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл мәселе жүйелі түрде қайталануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер