«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жыл сайынғы лицензиялық алым – шағын кәсіпкерлер иығына түскен жүк

2016 жылғы 23 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
11289 просмотров

Алкогольді өнімді сату мен сақтауға лицензиясы бар кәсіпкерлер 100 АЕК-ке тең жыл сайынғы лицензиялық алымды төлеуге қауқарсыз болып отыр

Негізінен, бұл шағын сауда орындарының, кішкене дүкендердің иелері. Олар осы және өзге де көкейтесті проблемаларды Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік кірістер департаменті, прокуратура, кәсіпкерлік және туризм басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында айтып берді.

Жеке кәсіпкерлердің айтуынша, оларға сатылған алкогольден түсетін кіріс мөлшері 10-12% деңгейінде. Оның өзінде сыра мен шарап сату есебінен. Жалпы, алкоголь сату лицензиясын да олар осы ішімдік түрлері үшін алып отыр.        

«Алкоголь айналымы жоғары, сәйкесінше кірісі де мол супер,- гипермаркеттер үшін мұндай алымдарды төлеу қиынға соқпайды, алайда шағын бизнес үшін – бұл үлкен жүк», – дейді бизнесмендер.

Бірақ, дүкеннің шағын немесе ірілігіне қарамастан, алым көлемі барлығы үшін бірдей. Заңда дифференциация жоқ. Проблеманың екінші жағы да бар. «2015 жылдан бастап лицензиясы бола тұра, ЖЛА төлемеген кәсіпкерлер үшін, 150 АЕК-ке тең әкімшілік жауапкершілік енгізілген, ал оны да төлемеген жағдайда қосымша 100 АЕК көлеміндегі айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сонда, 2016 жылы, әрқайсымыз 350 АЕК көлемінде немесе 742 мың теңге айыппұл төлеуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлер қалтасы көтермейтін сома. Нәтижесінде бизнес жабылуы мүмкін. Алайда, ішімдік сатуды доғарғаннан кейін де,  лицензия иелері  айыппұл төлеуге мәжбүр. Біз ЖЛА-ны мүлдем алып тастауды ұсынып отырмыз. Себебі, бұлай жалғаса берсе, оны төлейтін адам қалмауы да мүмкін», – деп, пікірімен бөлісті «РИСК» БҰ төрағасы Игорь Бухонин.

Шын мәнінде, СҚО алкогольды өнімді жекелеп сату саласымен айналысатын салық төлеушілер статистикасы бойынша, 2015 жылы және 2016 жылдың сәуіріне дейін 2 мың бизнес субъектілерінің 672-сі өз қызметін тоқтатқан, яғни бұл барлық субъектілердің үштен біріне жуығы. Нәтижесінде, мемлекет 73 млн теңгеден астам салықтық түсімдерден қағылып отыр. Салықтық айыппұлдарды төлеу жағдайы да мәз емес. Төленуі тиіс 29,4 млн теңгеге тең айыппұлдың 11,4 млн-ы ғана төленген.

«ЖЛА-ға қатысты фискальды саясат үмітті ақтамай отыр. Мемлекеттік органдар күткен нәтиже орындалмады. Керісінше, кері әсер ете бастады. Бизнес жабылады немесе өзге бағытта жұмыс жасай бастайды. Бұны экономикалық жағдайлардан көруге болады. Сонда, бір жағынан, мемлекет бизнесті ынталандырады, ал екінші жағынан мұқият ойластырылмаған заңнамалық актілерімен осындай қиын жағдайлар тудырып отыр. Ал бизнестің 40%-ы сауда саласына тиесілі», – деді СҚО КП директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Ол, сонымен бірге, бұған дейін ЖЛА фактісі бойынша, яғни егер кәсіпкер маусым айына дейін жұмыс жасаса, онда алымды да бүкіл күнтізбелік жыл үшін емес, осы айға ғана төлеу ұсынысы талқыға салынғанын айтып өтті. Сонымен, талқыланып отырған тақырып төңірегіндегі дау өршіп отыр. Тығырыққа тірелген шағын бизнес жыл сайынғы лицензиялық алымды алып тастауды немесе алкогольі аз ішімдіктерді (сыра мен шарап) сату үшін лицензия алуға міндеттемеуді талап етіп отыр. ЖЛА алып тасталмаған жағдайда, төлемді сауда орнының көлеміне қарай және тек іс жүзіндегі пайдаланғаны үшін ғана төлеуді қарастыруды сұрап отыр.

Бірыңғай лицензиялық алым мәселесін талқылау қорытындысы бойынша, бұл проблеманы оны ары қарай да қарастырып, Проблемалар реестріне қосу үшін Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жолдау туралы шешім шығарылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер