«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық құрылыс материалдарына басымдық берілуі тиіс

2016 жылғы 23 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
13043 просмотров

Өндірістегі жергілікті қамтуды бақылау және отандық тауар өндірушілерін ілгерілету жөніндегі комиссия отырысында Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшыларының алдына осындай міндет қойылды

Белгілі болғандай, жергілікті құрылыс компаниялары өңірде өзіміздің өндірушілер жеткілікті болса да, Ресей құрылыс материалдарын таңдауға басымдық береді екен. Ондай жергілікті өндірушілер қатарында «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС, «Бірлік» ЖШС және «Тез салынатын ғимараттар мен құрылыс зауыты» ЖШС бар. Егер мердігерлер былтыр материалды Ресейден әкелгенде, мұны рубль бағамының төмен болуымен түсіндірсе, биыл жағдай мүлдем бөлек екені белгілі.

Құрылыс компаниялары қазіргі кезде өз таңдауын неліктен ресейлік компаниялар мүддесіне қарай жасайды, оларға отандық тауар өнімдері несімен ұнамайды? Бұл сұрақтың жауабы облыс әкімінің орынбасары, Комиссия төрағасы Мұхтар Манкеевті де қызықтырып отыр. Өңірдегі жетекші құрылысшыларының айтуынша, барлық мәселе сапаға кеп тіреледі.

«Егер «Бірлікке» келер болсақ, олар өндіретін тақталардың сапасы көңіл қуантарлық емес, дегенмен біз өзіміздің кәсіпорындар өнімін пайдалануға тырысамыз. Ресейлік тақталардың сапасы жақсырақ. Әрине, мұның себебі де белгілі. Біздің зауыт жуық арада іске қосылған болса, Омбы кәсіпорындары Кеңес Үкіметі кезеңінен бастап жұмыс жасап келеді», – дейді «Негіз» ЖШС директоры Сергей Тимофеев.

Сонымен бірге, ол екі ел валютасының айырмашылығы теңелген кезеңде құрылысшы компания, отандық жергілікті немесе өзге ел өңірлерінен шығатын тауарларды алуға тырысатынын жеткізді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі арасында биылғы жылдың наурыз айында құрылған Жергілікті қамтуды бақылау және отандық тауар өндірушілерін ілгерілету жөніндегі комиссияның мақсаты да осы.

«Әріптестер, біз қазақстандық құрам туралы айтқан кезде, өз облысымызбен шектеліп қалмауымыз керек екенін түсінуіміз керек. Жақын маңда құрылыс материалдарын өндіру жөнінен мықты саналатын Ақмола және Қостанай облыстары бар екенін ұмытпауымыз қажет. Егер ондағы кәсіпорындар біздің тендерлерге қатысып, ұтып жатса, бұл да қазақстандық мазмұнның қандай да бір пайызын арттырады», – деді Мұхтар Манкеев.

«Тез салынатын ғимараттар мен құрылыс зауыты» ЖШС бас директоры Азамат Бекқожиновтің де құрылысшыларға айтар өкпесі жоқ емес. Оның айтуынша, Спорт сарайының құрылысына кеткен барлық металл құрастырылымдар Ресейден әкелінген.

«Ол уақытта рубль бағамы үш теңгеге дейін құлдырамай тұрған еді. Ол шамамен бес теңгеге тең болған. Солай бола тұрса да, барлық мың тоннаға тарта металл құрылым Мәскеу маңынан әкелінді. Қазір рубль бағамы – 5,2 теңге, ондағы баға тоннасына 70-75  мың рубль немесе 400-420 теңге. Ал біз болсақ, қазір 350 мың теңгеден сатып отырмыз. Бұл тұста қазіргі  болат бағасы 70%-ға қымбаттағанын есепке алсақ, онда Ресей металл құрылымдары бұдан арзан болуы мүмкін емес. Енді қараңыз, автофургонмен тасыған жақсы ма, жоқ әлде 5 км жердегі бізден алған тиімді ме? Бұл тұста, біз өндіретін металл құрылымдарының сапасы одан ешбір кем түспейтінін айта кетейін. Біздің өнім Алматыдағы «Мұз сарайының» құрылысына, Астанадағы «ЭКСПО – 2017» салу үшін де пайдаланылған», – деді Азамат Бекқожинов.

Болашақта мұндай жайттарды болдырмас үшін, Комиссия Солтүстік Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің тізімін жасап, оны «Атамекен» Палатасы жасап шығарған жергілікті құрам жөніндегі кестеге бекіту қажет деп шешті. Осылайша, комиссия мүшелері кімнен қандай тауар сатып алынғаны туралы және бұл тізімнен қандай өндірушілер алып тасталатынын да біліп отырады. Әзірге, 1 мамырдағы деректер бойынша, құрылыстағы жергілікті құрам үлесі – 84,24%-ға тең болған, алайда облыстық құрылыс басқармасы жыл соңына қарай бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін деп отыр.

СҚО құрылыс басқармасы басшысы Серік Мұхамедиев келтірген деректерге назар салсақ, биыл Петропавлда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қатысуымен 13 көпқабатты тұрғын үй, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 3-ші бағыты аясында Ұлттық қор қаражаты есебінен облыстың 5 ауданында еңбек етуші жастарға арналған 6 жатақхана (135 пәтер), сонымен бірге, республикалық бюджет есебінен Аққайың ауданы Смирнов ауылында 5 бірпәтерлі тұрғын үй және жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тайынша қаласында 50 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл облыста 4 білім беру нысаны салынуда.

«Биылғы жылдың 1 мамырындағы деректер бойынша, аталған нысандардағы жергілікті құрам үлесі 84,24%-ға тең болған. Былайша қарасақ, бұл өте жоғары көрсеткіш. Алайда, бұл көрсеткіш құрылыстың бастапқы кезеңінде пайдаланылған жергілікті материалдар есебінен құралып отыр. Олар: кірпіш, темір-бетон өнімдері, бағаналар, цемент, құрғақ құрылыс қоспалары, металл және пластикалық құбырлар, ПВХ терезелер, қиыршық тас, асфальт, лак-бояу өнімдері. Алайда, құрылыс жұмыстары аяқталған соң, біз кескінделген табақтар, металл жабындар, металлосайдингтер, кафельді плиткалар, керамогранит, линолеум, кесілген ағаш материалдар, электр жабдықтары және т.б. секілді сырттан әкелінген импорттық материалдарды пайдалана бастаймыз. Сондықтан, жыл соңына қарай жергілікті құрам үлесінің азаю мүмкіндігі жоғары болып отыр», – деді Серік Мұхамедиев.

Комиссия мүшелері бұл көрсеткішті 80%-дан төмендетпеуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер