«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ретробонустар – жергілікті тауар өндірушілерді алаңдатып отыр

2016 жылғы 23 Мамыр
- Қарағанды облысы
11478 просмотров

Тауарлар әлі сатылмаса да, ретробонустарды алып алған

Қарағандылық тауар өндірушілердің табысы азайып қана қоймай, супермаркеттердің ерекше шарттарының кесірінен шығынға да ұшырап жатыр. Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері тауар өндірушілер мен ритейлдердің өзара ара қатынасын ретке келтіру үшін «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға түзету енгізуді ұсынып отыр.

«Біздің сауда желілерімізде тауардың үстеме бағасы 60%. Ретробонустар да бар, былайша айтқанда, пара. Ол партия құнының 15%-на тең, яғни олар сатып алады және соманың жартысын қолма-қол қайтарулары қажет», – дейді Өңірлік кеңес мүшесі Серік Жолдасбаев.

Оның айтуынша, облыс бойынша зерттеу жасап, өндірушілердің арасында нақты сауалнама жүргізу керек. Бизнесменнің пікірінше, заңда сауда-саттықты ұйымдастыруға қатысты талаптар жазылмаған, әр сауда желісі өз білгенін істеуде. Өңірлік кеңестің мүшелеріне бұл жағдай бұрыннан таныс, өйткені олардың көбі тауар өндірушілер, яғни оларға осындай тәсілмен жұмыс істеулеріне тура келген. Күрделі шартқа төзе алмаған кейбір сауда маркалары қарағандылық сауда желілері сөрелерін босатты. Солардың бірі – өңірлік кеңестің мүшесі – Николай Абт.

«Өзім де өндірушімін, компанияларымның бірі тамақ өнімдерін шығарады. 6-7 жыл бұрын ретробонустарға бола супермаркеттерден бас тарттым. 10% -ын беру қажет дейдін де супермаркеттер бар. Жақсы. Онда сіздер бізден 50 теңгеден емес, 60 теңгеден сатып алыңыздар, сонда салықты да дұрыстап төлей аламын. Олар қымбат бағаға сатып алады, ол үстеме де қайтарылады. Бірақ оған ешкім келіспейді, барлығы заңсыз жолмен талап етеді», – деп баяндап берді Абт ритейлдермен жұмыс тәжірибесі туралы.

Солай десе де, бизнесмен бағаны реттеу жөніндегі заңға түзету енгізу айтарлықтай көмектеседі дегенге сеніңкіремейді. Еркін нарық және әрқайсы кез келген бағаны қоюға ерікті болғандықтан, бұл мүмкін емес. «Бірақ заңсыз әрекеттермен күресу керек», – дейді ол.

Келесі бір мәселе – рентабельділік. Жеңіл өнеркәсіп комитеті төрағасы Андрей Шмариннің айтуынша, оны өз қаражатыңмен толтыруға тура келеді екен.

«Біз, тауар өндірушілер, орташа есеппен 15% рентабельділікпен жұмыс істейміз, ал супермаркеттер ретробонустардың өзінен 15% пайда көреді. Науқандық тауарларға жеңілдіктерді сауда желісі емес, тауар өндірушілер береді! Мұнда да өзінің түсімінен.  Нәтижесінде біздің 15%-дық  рентабельділігіміз 5%-ға айналып шыға келеді. Ал дүниежүзілік брендтердің жағдайы қалай: егер супермаркетке CocaCola, Pampers сияқты және т.б. танымал маркалар қойылмаса, желінің жұмысы жүрмейді деп санай бер. Оларды өз сөрелеріне қою үшін сауда желілері олармен өзгеше келісім шарттар жасасады. Ал бізге тиетіні не? Тауар сатылмаса да, олар бізден ретробонустарды алып үлгерді», – деп қынжылды кәсіпкер.

Өңірлік кеңес облыстағы таза сауда-саттық мәселелерімен айналысатын сауда жөніндегі комитет құру туралы шешімге келді. Сауда туралы, бәсекелестік туралы заңдарды, сондай-ақ монополияға қарсы органмен бірлесе отырып өңірдегі жағдайларды зерттегеннен кейін сарапшылар заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдіруді көздеп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер