«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Төлеміс Шотанов: «Біз көрші елдердің нарықтарын зерделеп отыруымыз қажет»

2016 жылғы 20 Мамыр
10770 просмотров

«Атамекенде» Қазақстан мен Ресейдің шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау институттарының өкілдерімен дөңгелек үстел өтті

Кездесудің модераторы Қазақстан Сыртқы сауда палатасы басқармасының мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Ақанова болды. «Doing business 2016» бизнесті жүргізу шарттарының қолайлылығы рейтингінде біз 189 елдің арасында 41 орында тұрмыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы беделді халықаралық рейтингте 30 елдің қатарына кіру міндетін қойды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы міндеттерді іске асыруда Үкіметтің сындарлы серіктесіне айналғаны бізді қатты қуантады. Бүгінгі таңда ҰКП елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізу міндетін қойып отыр. Сол себепті біз де, сіздер де тәжірибе алмасуға, араласуға тиіспіз», – деді ол ресейлік қонақтарға қарата.

«Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдің экономикасы қиын уақытты бастан кешіп отырғанын атап өтті. «Тарихи тағдырымызға орай, Қазақстан мен Ресей экономикасы бір-біріне өте ұқсас, біз бірдей проблемаларды бастан кешудеміз. Бұл біздің бірлесуімізге, тағы да бір рет біздің беталысымызды қайта қарап, инвестициялар тартуға, экспорттық құрамдасқа басымдық беруге берілген уақыт», – деді ол.

«Ең алдымен, көрші өңірлерде ашылып жатқан мүмкіндіктерге қарау қажет. Сол себепті біз бүгінгі таңда Ресейді, ҚХР-ды айрықша қызығушылықпен бақылап отырамыз, Иран нарығын игеруге тырысамыз», – деп атап өтті Шотанов.

Палата Басқармасы төрағасының орынбасары, сондай-ақ, Қазақстандағы Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы туралы айтып берді. «Карта мынадай төрт түйінді сұраққа жауап береді: Қазақстанда не өндіруге болады? Қай жерде өндіру керек? Кім үшін өндіреміз? Кіммен жұмыс істеуге болады?», – деді ол.

Шотанов карта ҚР-дағы кәсіпкерліктің барлық белсенді субъектілерінің толық тізілімін байланыс деректерімен қоса қамтитынын айтты, олар сала, өңір, бизнестің көлемі бойынша сараланған. «Бізде әрбір өңірде инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар. Бірақ мұның бәрін аралап, кездесу керек. Ал мұнда, шартты түрде алғанда, өз өңіріңде отырып-ақ, әлеуетті инвестор өзіне қажетті бүкіл ақпаратты көре алады», – деді ол.

«Российский экспортный центр» АҚ  қаржылық емес қолдау жөніндегі басқарушы директоры Константин Евстюхин, өз кезегінде, осы қолдау институтының жұмысы туралы айтып берді. Ол Астанада Ресейлік экспорттық орталықтың өкілдігі ашылғанын мәлімдеді. «1 маусымға біз салтанатты ашылу рәсімін жоспарлап отырмыз. Біз сіздерді осы іс-шарада көруге өте мүдделіміз. Біз онда орталық қолдау көрсету үшін пайдаланатын бүкіл құралдарды, сіздермен бірлесіп шешкелі отырған сын-қатерлерді, және де біз ұсынатын қазақстандық бизнеске арналған мүмкіндіктерді  егжей-тегжейлі көрсетеміз», – деді ол.

Шотанов ресейлік әріптестердің ұсынып отырған ақпараты қазақстандық кәсіпкерлерге өте қызықты болатынын атап айтты. «Себебі біздің өңірлік палаталар әлеуетті ресейлік әріптестер іздестіруде көбінесе бізге сұраныс жолдап жатады.  Оған қоса, сіздердің тәжірибе біздің мемлекеттік органдарға да, квазимемлекеттік секторға да қызықты болады деп ойлаймын», – деп қосты ол.

«Біз осының бәрінің артында кәсіпкерлердің қалың тобы тұрғанын түсінеміз. Біз, уәкілетті тұлғалар ретінде, олардың идеяларын үздіксіз ілгерілете беруге, жанасу нүктелерін табуға тиіспіз. Қазақстан мен Ресей – бұл тек шекараның болмауы және біртұтас экономикалық кеңістік қана емес, бұл, ең алдымен, ортақ менталитет, ортақ тарих. Бізге тығыз жұмыс істеу, бір-біріміздің тәжірибемізді алмасу керек», – деп түйіндеді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер