«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнеске қысым көрсетілмесін!

2016 жылғы 20 Мамыр
- Ақмола облысы
7943 просмотров

Ақмола облысы Өңірлік палата заңгерлері ҰКП және ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестерінің сәуір айындағы біріккен отырысында талқыға салынған атышулы істі аяғына дейін жеткізді

Белгілі көкшетаулық кәсіпкер мемлекеттік органдар үстінен шағым айтып, Ұлттық палата мен бірқатар ведомстволарға жүгінген. Бизнесменнің айтуынша, Ақмола облысының жер пайдалану және қорғауды бақылау жөніндегі басқармасы облыстық прокуратура ұсынысы бойынша оның жер телімін тартып алмақшы болған. Ол жер телімінде кәсіпкерге тиесілі «Va-va» дәмханасы орналасқан болатын. Іс жергілікті ӨКП қарауына беріледі.

Бұл мәселе қоғам арасында үлкен дау тудырды. Іске жоғары лауазымды шенеуніктер – қадағалау органдары мен қанша қисынсыз десек те, әділет органдары өкілдерінің қатысы бар болып шыққан. Кәсіпкердің сөзінше, шенеуніктер жеке бас мақсатын көздеп, қасақана оны аяқтан шалған. Сондай-ақ, олар қоқан-лоққы көрсеткен.

Нәтижесінде, жер пайдалану және қорғауды бақылау жөніндегі басқарма Көкшетау жер қатынастары бөлімін, сонымен бірге дәмхана орналасқан жер телімінің қожайыны Дана Темірбекованы сотқа берген. Арыз берушінің мәлімдемесі бойынша, 2012 жылы қол қойылған жер қатынастары бөлімі  мен Дана Темірбекованың арасындағы жер телімін жалға беру туралы шарт, сонымен бірге аталған тараптар 2015 жылы жасалған жер телімін сатып алу-сату шарты жарамсыз.

Ведомство жер телімі кәсіпкерге жер заңнамасын бұзу арқылы, сауда бекітілген тәртіпке сай емес және толық жоспарсыз жүргізілгенін алға тартқан.

Сотта Дана Темірбекова жеңіліп, әділет органдары шарттарды жарамсыз деп табады.

Бизнесвумен Палата сарапшыларымен бірлесе отырып, апелляцияға шағым берген. Заңгерлердің пікірінше, сот лайықсыз арыз берушінің арызы қарауға алынды, сонымен бірге, жер кодексінде арыз берушінің шартты жарамсыз деп табу мәселесі бойынша шағым айту құқығы қарастырылмаған.

Алайда әділет органдары айтылған дәлердерді назарға алмады. «Оған қоса, қажетті құжаттармен расталған іс материалдары бұрмаланып отыр. Айта кетерлік тағы бір жайт, Көкшетау қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі қызметкерлері соттың өтетін орны мен уақыты туралы хабарлама жіберілсе де, сот отырысына мүлдем келмеген», – деп, өз наразылығын білдірді жауапкер өкілі Елена Погребная.

Іс материалдарына сүйенсек, Темірбекова қала әкімдігіне жер телімін (ауданы 0,0842 га) 5 жыл мерзімге жалға алу туралы өтінішті 2012 жылы жазған. Әкімшілік өтінішке құлақ асып, шартқа отырған және жалға алу құқығын беретін тиісті акт берілген. 

2015 жылы кәсіпкер жер сатып алған. Бұдан басқа, оған қосымша 0,0300 гектар болатын тағы бір жер телімі берілген. Жер теліміне қатысты барлық қажетті процедураларды (жер телімінің мақсатты нысанын өзгерту, мүлікті заңдастыру және т.б.) бизнесвумен уақытылы орындаған, мұны тиісті құжаттар да растап отыр.

Істі апелляциялық алқа қарай бастаған кезде жаңа әрі бұдан да қызықты жайттар белгілі бола бастады. Азаматтық кодексте талап қою мерзімі деген түсінік бар. Бұл тұлға немесе заңмен қорғалатын мүдде құқықтарының бұзылуы себепті туындаған талап қанағаттандырылуы мүмкін уақыт аралығы. Талап қою мерзімі – үш жыл.

«Іс материалдарына сәйкес, арыз беруші 2012 жылдың 6 желтоқсанында жасалған жер телімін жалға беру туралы шартты жарамсыз деп тану жөніндегі арызын тек үш жыл өтіп кеткен соң берген. Мұндай ұзақ уақыт бойы мемлекеттік органның әрекетсіздік танытуы арыз беруге жеткілікті негіз бола алмайды. АК 179-бабының 3-тармағына сәйкес, арыз түсірген кезде талап қою мерзімінің өтіп кетуі соттың арызды қанағаттандырмауына негіз болады», – деді Палата сарапшысы Жанна Әбішева.

Айта кету керек, алғашқы инстанция соты кезінде жауапкер арыз беруші талаптарына талап қою мерзімін пайдалану туралы өтініш айтқан, алайда заң қызметкерлері бұл өтінішті жауапсыз қалдырды.

Сонымен бірге, соттың жер пайдалану және қорғауды бақылау басқармасы анықтаған заңбұзушылықтары прокуратура ұсынысы арқылы ғана белгілі болды деген уәжі шындыққа жанаспайды. Басқарма ұйғарымы 2015 жылдың 4 қарашасында шықса, прокуратура ұсынысы тек 2015 жылдың 18 қарашасында ғана шыққан (!)...

Дана Темірбекова апелляцияда жеңіске жетті. Апелляциялық алқа алғашқы сот инстанциясы шешімінің күшін жойды. Мәліметтерге сүйенсек, экономикалық сот төрағасы өз еркімен қызметінен кеткен. Бұл іс бүгінгі күні жемқорлық құқықбұзушылықтар белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде жатыр.

«Бұл мысал барлық кәсіпкерлер үшін үлгі болмақ. Бизнес ашық, батыл позицияға шыққан дұрыс, бопсалау немесе заңсыз тексеріс деректері туралы қорықпай айтулары керек. Ал заң бұзушылықтар орын алған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына жүгінулері қажет», – деді ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенко. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер