Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымын арттыру жайын талқылады
Қазақстандық және үнді бизнесмендері екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады
Бүгін Астана қаласында «Ramada Plaza Astana» қонақ үйінде Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесінің (ҚҮІК) алғашқы отырысы өтті. Кеңес былтыр Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Үндістанның Сауда-өнеркәсіптік федерациясы (FICCI) арасындағы Келісім аясында құрылған болатын.
Кездесу барысында ірі, орта және шағын бизнес өкілдері тәжірибе алмасып, бұдан арғы ынтымақтастық жайын талқыға салды.
Кездесуді ашқан ҚҮІК-нің қазақстандық тараптың тең төрағасы Ержан Шәйкеновтің айтуынша, Кеңес жұмысының басты мақсаты – қазақстандық бизнесті Үндістан нарығында, Үндістан бизнесін Қазақстан нарығында ілгерілету.
«Сонымен бірге, біз Үндістан Республикасындағы Қазақстан Республикасы бизнесмендерінің құқықтарын қолдап, заңды мүдделерін қорғаймыз. Екі ел арасындағы диалогты ұйымдастыруда күш біріктіруге дайынбыз», – деді Ержан Шәйкенов.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Руслан Сұлтановтың айтуынша, бүгінде Үндістан Республикасы Қазақстан Республикасымен тауар айналымы көлемі бойынша Азия елдері арасында алтыншы орында. Үндістанмен тауар айналымының жиынтық үлесі – 1,1%.
«2014 жылы екіжақты сауда көлемі $1,34 миллиардқа тең болған (2010 жылы - $300 млн). Экспорттың негізгі бөлімдері – мұнай және мұнай өнімдері, радиоактивті химиялық элементтер мен радиоактивті изотоптар, асбест. Үндістан медициналық тауарлар, шай, иммундық сарысулар мен өзге де қан фракциялары, иммунологиялық өнімдер, темекі шикізаты, темекі қалдықтары мен тағы басқа», – деді Руслан Сұлтанов.
Үнді делегациясының атынан келген Динеш Судтың ақпараты бойынша, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1,6 млрд долларға жеткен. Бүгін Қазақстан мен Үндістан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде ол IT-технологиялар саласын, көлік логистикасын дамыту, инновацияларды пайдалану, сонымен бірге білім беру, машина жасау және медицина саласындағы жобаларды көретінін жеткізді.
«Іскерлік кеңес тауар айналымын, екі ел арасындағы инвестицияларды арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Екі-үш жылда бұл көрсеткішті бес миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», – деді Ержан Шәйкенов.
Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың ақпанында жолға қойылғанын еске сала кетейік. 1993 жылдың қазан айында Алматыда Үндістан Республикасының елшілігі ашылды, ал осы жылдың қарашасында ҚР Нью-Делидегі елшілігі өз жұмысын бастады.
1994 жылы Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Үндістанның Сауда-өнеркәсіптік палаталары федерациясы (FICCI) арасында Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесін құру туралы Келісімге қол қойылып, оның аясында төрт отырыс өткен.
ҚР СӨП таралуына байланысты Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Үндістанның Сауда-өнеркәсіптік палаталары федерациясы (FICCI) арасында былтыр Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесін құру туралы Келісімге қол қойылған. Аталған кеңес аясындағы отырыс алғаш рет өтіп отыр.
Отырысқа барлығы инжиниринг, құрылыс, логистика, ІТ-технологиялар, ауылшаруашылық жабдықтары, мұнай-химия, фармацевтика, медицина салаларындағы 30-ға жуық үнді компаниясы мен үнді серіктестіктерімен арада сауда-экономикалық байланыстарды жолға қоюға мүдделі 40 қазақстандық компания қатысты.
Қазақстан-Үндістан Іскерлік отырысы қорытындылары бойынша хаттама мен Жол картасына қол қойылды.
Шараны Қазақстанның сауда палатасы мен «TengriBank» АҚ ұйымдастырған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: