Тек күнкөріс үшін емес
Наурызым ауданы орталығының тұрғындары енді сырттан нан сатып алмайтын болды
Жақын күндері Қараменді ауылында наубайхана ашылмақ
Оны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасынан бөлінген қаржыға жергілікті кәсіпкер Бақытжан Мұтақов ашпақшы. Бақытжан наубайхананы өз иелігіндегі асхана жанында орналастырып, оны құны 3 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтармен жабдықтамақ.
Кәсіпкер жаңа бастамаға күнкөріс қамы үшін барып отырмағандығын айтады.
«Мен бұл кәсіптен мол табыс күтіп отырған жоқпын. Оның үстіне барлығы қымбаттап жатқанда... Мен оны елімді сүйгендіктен қолға алып отырмын. Аудан орталығында наубайханамыз жоқ. Нанды Әулиекөл ауданынан тасып жейміз. Қыстың күндері қатты боран соққанда адамдар 3-4 күн нансыз қалады. Мен осы ауылда туып-өстім, ауыл үшін, адамдары үшін жаным ауырады», – дейді Бақытжан Мұтақов.
Жаңа жұмыс нысанында тоғыз адам еңбек етпек. Күніне екі мыңға жуық бөлке нан мен түрлі нан өнімдерін өндірмекші. Бұл әзірге болжамды жоспар ғана, барлығы тапсырыс берушілерге байланысты болмақ дейді кәсіпкер. Оған мемлекеттік бағдарламаға қатысуға Кәсіпкерлер палатасының мамандары қажетті кеңестерін беріп, құжаттарды жинастыруға көмектескен.
Бүгінгі таңда өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай бағдарламасы бойынша 16 өтініш мақұлданды. Жаңа кәсіп бастаушыларға Палата бөлімшелеріндегі Кәсіпкерлерді қолдау орталығы жәрдемдескен. 2016 жылдың алғашқы ширегінің өзінде 4 мыңға жуық азамат тегін кеңес алса, оның 122-сі өз кәсібін ашып немесе қолындағы кәсібін кеңейтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: