Салық орындары сыңаржақтығы кесірінен жеке кәсіпкерлер зардап шегуде
Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік кіріс органдарының іс-әрекетіне наразы кәсіпкерлерден көптеген шағымдар түсіп жатыр
Өңірде төленбеген салық түріндегі мемлекет шығындарын азаматтық заңнамада талап етілгендей кінәлі тұлғалардан емес, адал ниетті кәсіпкерлерден өндіріп алатын әдіс әдетке айналған. Қарағандылық палата сарапшыларының пікірінше, мемлекеттік орган өкілдері тарапынан болатын мұндай іс-әрекеттер жергілікті бизнеске кедергі жасап қана қоймай, сонымен бірге өңірдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.
Мемлекеттік кірістер департаменті наразылық білдірген мәмілелер қолданыстағы заңнама аясында жүргізілгенін атап айту қажет: тауар (жұмыс, қызмет) жеткізілген және ақысы төленген, барлық салықтар аударылған – бұны шағым жолдаған кәсіпкерлердің құжаттары да дәлелдейді.
Өңірлік кеңестің мүшесі Александр Перов, өткен отырыстардағыдай, Палатаның «алаяқтарды қорғамайтынын» тағы да қайталап айтты: «Адамдар жұмыс істегісі келеді, жұмыс істеп те жатыр. Ал, мына жақта әрбір мемлекеттік орган заңды өзінше түсіндіріп, мән-мағынасынан жұрдай етеді, ал соның кесірінен жеке бизнес өзін қорғайтын жер іздеуге мәжбүр».
Салық қызметкерлерінің өздері болса, өз наразылықтарының негізділігін анық түсіндіруге шорқақ.
«Біз жалған кәсіпорындарды, директорларды, олардың берешектері жоқ па, зейнетақы қорына аударымдар жүріп жатыр ма, соны тексереміз. Арам бизнеспен әдейі айналысатын жалған кәсіпкерлер де бар. Сол себепті біз есептік кезең келген кезде салық төлеуден жалтаратындарды шығарып тастаймыз. Солай емес пе?», – деген сұрақ қойды облыстық мемлекеттік кіріс департаментіндегі басқарма басшысы Думан Шолатаев.
Алайда, фискалдық органның өкілі заңның шартты райға қарамайтынын, яғни нақты жағдайды ескермей отыр, деген қарсылық білдірді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Геннадий Жмук.
«Бюджетті адал кәсіпкерлердің есебінен толтыруға тырысудың керегі не? Егер заңсыз іс-әрекет дерегі бар болса – онда оның кінәлі екендігін дәлелдеңіздер. Күшіне енген Кәсіпкерлік кодексінде мұндай «болжамдар» үшін мемлекеттік қызметкерлерге материалдық жауапкершілік жүктелетіні қарастырылған», – деп еске салды ол.
Кеңес төрағасы Серік Төрегелдин талқылауды түйіндей келе, «Егемен Қазақстанның бүкіл тарихында салық органы заңнамаға енгізген осыншама түзетулер мен қосымшаларды басқа бір де бір мемлекеттік орган енгізген емес», деп нұсқады.
«Әңгіме кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау туралы болып отыр. Иә, сіздер салық жинауға тиіссіздер. Бірақ, ең алдымен, ҚР Конституциясын және Азаматтық кодексті басшылыққа алу керек. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу аз, кәсіпкерлермен кездесу өткізіңіздер. Нүкте қоятын уақыт жетті, ал мынау таусылмайтын әңгіме сияқты», – деп қорытты С.Төрегелдин.
2015 жылы 90 заңды тұлғаға қатысты тіркеу жарамсыз деп танылған. Соның негізінде мемлекеттік кіріс органдары тарапынан контрагенттерге салықтарды толық төлеу туралы ескерту-хаттар жолдануда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: