«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әр теңгенің есебі бар

2016 жылғы 16 Мамыр
- Қызылорда облысы
11311 просмотров

Бюджет қаржысын қайтару туралы талап негізсіз

Қызылордалық «Ернұр-Дин» жекеменшік балабақшасы 2013 жылдан бері Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде жұмыс жасап келеді. Балабақшада кенттің 40-қа жуық баласы мектепке дейінгі тәрбиеден өтуде. Құрылғанына бірнеше жыл ғана болған жас кәсіпкерлік нысан қиындыққа тап болып, Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.

Кәсіпкер 2015 жылы Қызылорда облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы республикалық «Балапан» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты балабақшаға тексеру жүргізуі барысында қиындыққа тап болған.

Нәтижесінде Инспекция балабақша мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржының 2 165 500 теңгесін мақсатсыз пайдаланды деп анықтап, Сексеуіл кенті әкімдігіне аталмыш қаржыны бюджетке қайтару жөнінде ұсыныс береді. Өз кезегінде Сексеуіл кенті әкімдігі қаржыны бюджетке қайтаруды өндіру мақсатында Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінеді.

Сотта кәсіпкердің заңды мүддесін қорғаған Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгері Зухра Амирова мәселені мұқият зерттей келе, инспекция тарапынан бюджетке қайтарылуы тиіс деген қаржының 881 000 теңгесіне қатысты жайтты негізсіз деп тапты.     

Себебі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  2012 жылғы 4 мамырдағы  №198 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру
тапсырысын орналастыру қағидаларының» 2-тармағындағы талабына сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыру кезінде мектепке дейінгі мекемеде баланың нақты болған уақытына және дәлелді себептермен жоқ болған балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған қызметтердің құны төленеді. Яғни, бұл жағдайда баланың ауруы, баланың медициналық, санаторийлік-курорттық және өзге де ұйымдарда емделуі және сауықтырылуы, ата-аналарының біреуіне еңбек демалысының берілуі және баланың жаз уақытында 2 айға дейінгі мерзімде сауықтырылуы туралы дәлелді құжаттары болған жағдайда бюджет қаржысы белгілі мақсатта жұмсалған болып есептеледі.

Алайда, тексеру барысында бұл талап тексерушілердің назарынан тыс қалып, жеке кәсіпкердің қолында тиісті құжаттар болса да, 2014  жыл көлемінде 40 тәрбиеленушінің орнына 31-37 бала қатысты деп, барлығы 881 мың 700 теңге артық жұмсалған деп  көрсетілген.

Осы ретте, Палата сарапшысы Зухра Амированың келтірген негіздері сотта ескеріліп, нәтижесінде кәсіпкер 2 165 500 теңгенің орнына 1 283 800 мың теңге төлейтін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер